Жеңісті күндердің жалғасы
Аудан спорты, жалпы Сыр жұртшылығы үшін өткен апта сүйінші жаңалықтарға толы болды. Спортшылар спорттың кез келген түрінен ел чемпионатында атой салып, аймақ абыройын асырды. Жеңісті күндер жалғасып келеді.
Сонымен олимпиадалық салмақ саналған 65 келіде жерлесіміз Азамат Шағапұлы жарыс жолын бастады. Осы салмақта қанша жыл ел мерейін әлемдік аренада асқақтатқан Дәулеттің ізін жалғаған інісі ақтық сынға дейін сүрінбей өтті. Бұл салмақта сен тұр мен атайын дейтін балуандар аз емес. Әсіресе, жастардың қатары тым көп. 55, 65, 74, 86 келі салмақтарда әлемдік күрес түрінде бәсеке өте жоғары. Сол секілді біздің елде де мықтылар аз емес. Азамат ақтық сынға жолдаманы сарапқа салған белдесуде біздің балуанға сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Ал, қола үшін тартыста қарсыласын жер иіскетті.
– Қолда тұрған алтыннан айырылып қалғанда өкініш болды. Бірақ барлығы алда, биыл Әлем чемпионатына бармаған күнде, келер жылы Азия ойындарына жолдаманы алуға жұмыс жасаймын. Барлығын уақыт көрсетеді, дегенмен әлі де өз бабымдамын. Бұйырса, Сыр жұртын әлі талай жүлдемен сүйіншілейтін боламын, – деді чемпион.
Иә, чемпион дейтініміз, Азамат жастар арасында Азия чемпионы, ересектер ішінде әскерилер арасында өткен Әлем чемпионатының жүлдегері. Одан бөлек қаншама биіктерді бағындырған балуанның болашағынан әлі де чемпиондық жолды күтеміз. Бапкері Серік Әбдімәуленовтің де еңбегі ерен. Шәкіртінің жетітігі үшін қуанып, бабы кеткенде қолтығынан демеп, рухани күш сыйлаған жаттықтырушылардың қызметі қашанда төр.
– Қазір жастарға барлық жағынан мүмкіндік бар. Чемпиондық жолда тек маңдай тер төгу керек, еңбексіз ештеңе өнбейді. Біз күрес әліпбиін ашқан сәтте мүмкіндік аз болды. Әсіресе, қазақтың қара балалары шет қалатын. Енді егемен елміз, еңсеміз биік, тек бар күш-жігерді спортты таңдаған соң осы жолда сарп ету керек. Шүкір, шәкірттерімнің жеткен жетістігі аз емес. Мен осылармен мақтанамын, менің жылдар бойғы қызметімнің өтеуі солардың әрбір жеңісі деп білемін. Қуанарлығы, аудан спорты жыл сайын жаңа белесті бағындырып келеді. Әлі талай аламанда атой салатынына сенім білдіремін, – деді еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы, білікті бапкер Әбутәліп Аманов.
Одан кейін, грек-рим балуандары өнер көрсетіп, Сырдың еншісіне тағы бір алтын мен бір күміс түсті. 60 келіде Айдос Сұлтанғали мойынға алтын тақса, 97 келі салмақта Сырлыбай Олжас күмісті қанағат тұтты.
Семей қаласында ауыр атлетикадан өткен 2006-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында жаңақорғандық ару чемпион атанды. №7 мектептің түлегі Жұмағали Аянат 71 келіде алдына жан салмады. Берік Өтешовтің төл шәкірті Аянаттың жеңісі оның ертеңіне деген сенімді серпілтті.
Жалпы Аянаттың үлкен спорттағы бұл алғашқы тұғыры емес. Бұған дейін ел чемпионаты мен халықаралық турнирлерде топ жарып, аудан абыройын асырған болатын. – Арманым көп, бұйырса Азия және Әлем чемпионатына жолдама алу. Содан кейін Олимпиада шыңына шығу, мақсатым тек биік белестен көріну еді. Бұйырса ол күнге де жетеміз. Ұстазыма, ата-анама және жаныма жақын жандарға айтар алғысым зор, – деді чемпион қыз.
Келесі күні Көкшетау қаласын да сүйінші жаңалық жетті. Бұл жолы тоғызқұмалақтан қол жүлде ауданның, аймақтың қоржынында. Елдің бірнеше дүркін чемпионы Ермұхамде Әлайдар тоғызқұмалақтың қос түрінен де олжалы оралды.
Азия кубогын сарапқа салған сары құлылық бәсекесі бірнеше күнге созылды. Өзі бапкер, әрі ойыншы жерлесіміз бұған дейін де бұл турнирдің төріне тұрақтаған. Ересектер және жастар арасындағы кубок бәсекесі классика, рапид, блиц түрлерінен кіл мықтыны таңдады. Ермұхамед алдымен блиц түрінен бағын сынады. Бұйырғаны күміс, келесі кезекте рапид түрінен додаға түсті. Қоланы қанағат тұтып, өңір мерейін үстем етті.
Апта соңында «Қазақстан барысы» да Сырдың саңлағына бұйырды. Иә, Сырдың намысын қорғаған Ұлан Рысқұл тұңғыш «Қазақстан Барысы» атанғанында қатты қуанған едік. Содан бері қызылордалықтар алыптар айқасында бабы мен бағы жанбай, бір жолы болмай жүргенді.Сол олқылықтың орнын Мақсат Исағабылов толтырды. Жеңіс құтты болсын жерлестер, Сыр спортының биігі тағы бір белестерді бағындырды.
Әли ТЕМІРБЕК