№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жанеркенің жеңісіті жолы

Жанеркенің жеңісіті жолы

Жаңақорған ауданы соңғы жылдары тағы бір спортымен мақтана алатын жағдайға жетті. Ол – гандбол спорты. Біздің қыздардың соңғы 5 жылын алып қарасақ әжептеуір жетістік бар.


  Сыр өңірі аудандары арасынан үздікпіз, тек облыс орталығынан бәсіміз төмендеу екені рас. Бапкерлікке Құнанбай Салыбеков келгелі аудан гандболы биіктей түсті. Соның жемісінің бірі Жанерке Сейітқасымды айтуға болады. Ол бүгінде Сыр құрамасын ғана емес, ұлттық құрманың да белді ойыншысы. Ол әлі жас, болашағы алда, сондықтан бұл қызды қалай таныстырсақ та жарасады.

Жанерке Келінтөбе ауылының тумасы. Аядай ғана ауылдан Сыр гандболын өрге сүйреп жүрген өрендер шықты. Соның көшін Жанерке бастап келеді. Бойы аласа келген, қазақтың қара торы қызы қазір ұлттық құраманың белді ойыншысы. 12 жасынан бастап Құнанбай Салыбековтің қол астында жаттығып жүрген талантты шәкірт небәрі 15 жасында «спорт шебері» атанды. Осылайаудан спортшылары арасындағы жас рекордсмендер қатарынан көрініп, тарихта қалды.

– Жанерке қазіргі уақытта облыстың “Сейхун” командасының сапында ел біріншілігінде жүр. Небәрі жиырмадағы қыздың жетістігі жаман емес, әзірге оның еншісінде Азия жүлдегері деген атағы бар. Бұйырса әлемдік дода өнер көрсетіп, чемпион атанады деген үмітіміз зор, – деді алғашқы бапкері.

Жанерке Құнанбайдың қол астында шыңдалып, қазір Вячеслав Ким мен Ольга Егунова сынды білікті бапкерлерден тәлім алады. Жалпы, талантты қызды әкесі Аманжол Бақбергенов 2014 жылы гандболдан ауданның аға жаттықтырушысы Құнанбай Қайратұлына тапсырады. Араға екі жыл салып жасөспірімдер құрамасында тер төккен шебер ойыншы көпшілікті тәнті етеді. Облыстық ашық біріншіліктерде көзге түсіп жүрген келінтөбелік гандболшы 2016 жылы Қызылордадағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түсті. Сол жылдан бастап облыс командасының құрамына ілініп, мықтылығын дәлелдей алды.

– Ең бірінші маған тәлім-тәрбие берген ата-анама, Құнанбай бапкеріме, демеу беретін достарыма алғысым шексіз. Басында қай спортқа бару керек деген сауал болған, алайда ауылдағы гандбол спортының беталысы мені тәнті етті. Алтыншы сыныпта жүргенде осы спортқа келдім. Қазір облыс командасының құрамында жаттығып жүрмін. Шүкір етемін. Алда жос¬пар көп, тек аянбай еңбек ете білсек болғаны, – деді жас спортшы.

Иә, үш мыңға жуық тұрғыны бар Келінтөбе ауылында гандбол спорты өте жақсы дамып келеді. Тіпті, аудан құрамасының барлық ойыншылары осы ауылдың түлектері. Облыстық жарыстарда үздік үштіктен түспейтін команданың бұрымдыларының табысты өнер көрсетіп жүргенін білеміз. Әрі, мақтан тұтамыз. Құнанбай бапкер баптаған қыздар әлі биіктерден көрінетініне сенім мол. Тек ептеп демеулік жасап жіберсек болғаны. Ол үшін Келінтөбеде салынатын спорт кешенінің құрылысын тездетіп бітіру керек.

Тынымсыз еңбек, төккен тер, үкілеген үміттің арқасында жас гандболшы осындай биіктерге жетті. Ата-анасы да қыздарына қолдау көрсетіп, үнемі жанынан табылуға тырысады. Иә, «баласы көкпар шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады», демекші анасының да көңілі әрдайым балапаны үшін алаңдаулы.

– Қызым үшін алаңдап, амандығын тілеп отырамын. Оның спортта жүргеніне өте қуаныштымын. Біз оған әрдайым қолдау көрсетіп, биіктерден көрінуіне тілектестік білдіреміз. Жанеркенің болашағынан біз ғана емес, жанкүйерлері мен бапкерлері үлкен үміт күтеді. Сондықтан, аянбай еңбектенуі керек, – деді анасы Айгүл Қалжанова.

Жанеркенің ізін басып жүрген бұрымдылардан құралған “Сығанақ” командасы облыс біріншілігінде үнемі үздік үштіктен түспей келеді. Құнанбай Салыбековтың төл шәкірттеріне әзірге қала құрамасы ғана төтеп бере алуда. Ал аудандар арасынан алтын біздің қыздардың қанжығасында. Қазір алты бірдей ару Сыр елінің атынан сынға түсетін «Қайсар» командасында өнер көрсетсе, Жанерке Сейітқасым ұлттық құраманың құрамын толықтырды. Байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп, өзінің мықты екенін дәлелдеп келеді.

Қол добы, яғни гандбол спортының бұл әлі бастамасы деп білеміз. Өйткені Жанеркенің ізінен ерген жаңақорғандық қыздардың қарқыны қатты. Ең жас ойыншы Нұрдана жасы жетпесе де облыс құрамасына шақырту алып, бүгінде жастардың сапында жалындап жүр. Міне, біздің гандболшы қыздардың әзірге биігі, бұйырса бұдан да мол табысты өнер көрсетеді деп үміттенеміз. Ол да уақыттың еншісінде.

Әли ТЕМІРБЕК


27 желтоқсан 2022 ж. 349 0