Ресей елінде еркін күрестен Яригин атындағы құрылықтық турнирге кіл мықтылар бас қосады. Әлемнің бірінші нөмерлі балуандары бағы мен бабын сынап, жүлде үшін жан беріседі. Осы турнир секілді біздің елде де дәржесі биік күрес бәсекесі жалғасып келеді. Жыл да жалауы желбірейтін Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған күрес бәсекесі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кіл мықтылар бас қосқан додаға аудан абыройын арқалап барған Азамат Шағапұлы қоламен қуантты.
Таразда еркін күрестен ересектер арасындағы халықаралық турнир Қонаевтың 110 жылдығына арналған. 3 күнге жоспарланған жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында өтті. 8 елден келген 143 палуан, 10 салмақ дәрежесі бойынша кім мықтыны анықтады. Айта кетейік, бұл турнир 2007 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жүлде қоры ауқымды – 33 милион теңге. Жарыс жеңімпазына 4 000 АҚШ доллары берілсе, II орынға 2 000, 3-орынға 500 АҚШ доллары қарастырылған.
Әрі әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз спортшының жаттықтырушысына – 500 АҚШ доллары беріледі. Мамандар халықаралық бұл жарыстың отандық спортшыларға тәжірибелік тұрғыда берері көп дейді.
– Бүкіл әлемдік күрес қауысдастығы бар. Сол күрес қауымдастығына кіретін ереже бойынша өтеді. Осы жарыс біздің балаларымызға болашақта, келесі жылы өтетін Азия ойындарына және лицензиялық әлем біріншіліктерінде үлкен үлесін қосады, – деді жарыстың бас төрешісі Марат Нұржанов “Айқын” журналистеріне берген сұхбатына.
Сонымен көптен күткен күрес бәсекесінде жерлесіміз Азамат Шағапұлы 65 келіде бозкілемге көтерілді. Ол жартылай сынға дейін барлық қарсыласын жеңіп, тек ақтық сынға жолда жолында америкалық Джозеф Мак Кеннаға есе жіберді. Бірақ, қола үшін тартыста кілем иесі кім екенін көрсетті. Азаматқа әлі де Сыр спорты үміт артады. Кемеліне келген балуаннан келер жылы ел чемпионатында алтын күтеміз.
Жалпы биылғы елдегі еркін күрес шеберлерінің бәсекесі осымен тәмамдалды. Келер жылға үміт көп. Ол уақттың еншісінде.
Әли ЖАРЫҚБАЕВ