» » Италия мен Дания ширек финалда

Италия мен Дания ширек финалда

Кеше Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіндегі матчтары ойналды. 1/8 финал кездесулерінің шымылдығын А тобында екінші орын алған Уэльс пен В тобында дәл сондай нәтиже көрсеткен Дания құрамалары ашып берді.
«Йохан Кройфф Аренада» (Амстердам) өткен кездесу Данияның ірі жеңісімен аяқталды – 0:4. Матч бастала сала ойын тізгінін өз қолдарына алған даниялықтар кездесудің 27-минутында есепті ашты. Миккель Дамсгардтан тамаша пас алған Каспер Дольберг қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, құрамасын алға шығарды. Данияның басымдығымен өткен алғашқы тайм 0:1 есебімен аяқталды.
Үзілістен кейін де қарсыластарына қарағанда белсенді болған Дания 47-минутта есепті еселей түсті. Бұл жолы да Каспер Дольберг мергендігімен көзге түсті. Гарет Бэйл бастаған Уэльс құрамасы есеп айырмасын қысқартуға қанша тырысқанымен, даниялықтар оған мүмкіндік бермеді. Матчтың аяқталуына 2 минут қалғанда Йоаким Мехле есепті 0:3-ке жеткізсе, екінші таймға қосылған қосымша минутта шабуылшы Мартин Брэйтуэит Данияның төртінші голын соғып, ойынның нүктесін қойды.
Осылайша, 2016 жылғы Еуропа чемпионатында үшінші орын алған Уэльс биылғы біріншілікті плей-офф кезеңінде аяқтауға мәжбүр болды. Ал ширек финалға жолдама алған Дания енді ¼ финалда Нидерланд немесе Чехия құрамаларының бірімен кездеседі.
Ал, турнирдің фовариті саналған Италия Аустрия аяқдоппшыларын әуріпімдеп жүріп әрең ұтты. 90 минут бойы қарсыластар бір-бірін ала алмаған соң, қосымша экстра-таймға жүгінді. Мәселенің барлығы осы жерде шешілді, италиялықтар бірінен соң бірі екі допты қарсылас қақпасына тоғытып, есепте алға шықты. Тек қосымша уақыттың екінші кезеңінде аустриялықтар бір доппен жауап берді.
Енді бүгін көпшілік асыға күткен Португалия мен Бельгия өзара күш сынасады.
27 маусым 2021 ж. 385 0