» » Күміс те жеңіс

Күміс те жеңіс


Былғары қолғап шебері Азамат Бектас Моңғолия астанасы Улан-Баторда өткен Азия чемпионатында күмісті еншіледі. Жастар арасындағы Азия чемпионатында ел қоржынында 6 алтын, 1 күміс және 2 қола бар. Күміс алқа Азаматтың еншісінде.


Жерлес боксшы жартылай финалдық жекпе-жекте тайландтық Куачим Суттичайды айқын басымдықпен жеңіп, өзбекстандық былғары қолғап шебері Сухробжон Каюмовпен жолықты. Алтынды сарапқа салған кездесуде төрешілер шешімімен жеңіс өзбек боксшысының еншісінде кетті. 75 келіде жұдырықтасқан Азаматты білікті бапкер Дінмұхамед Абайхан мен Сәбит Сейілов жаттықтырады.
– Құрлықтық чемпионатқа жақсы дайындықпен бардым. Әрбір қарсы­ласқа бапкерім белгілеген тактиканы ұстандым. Финалда барымды салдым. Соққыларым да дөп тиді. Бірақ төреші қарсыластың қолын көтерді. Енді Азиядағы күмісті Әлем чемпионатында алтынға айырбастауға жұмыс жасай­мын, – дейді намысты спортшы Азамат.
Айта кететіні, бұған дейін «Алтын қолғап» халықаралық турнирінде топ жарып, ол «Үздік боксшы» номинациясын иеленген болатын. Енді келер жылы Азамат әлемдік аренада ел намысын қорғайтын болады. Сәттілік тілейік жерлесімізге.
20 қараша 2019 ж. 657 0