№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғандық балуанға әкім 500 мың теңге сыйақы берді

Жаңақорғандық балуанға әкім 500 мың теңге сыйақы берді

2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінің Әлем чемпионаты өткені белгілі. Жауапты сында жаңақорғандық балуан Дәулет Ниязбеков табысты өнер көрсетіп, күміс медальды қанжығасына байлады. Содан бері жерлестері батырды асыға күтіп жүрген-ді. Соның орайы кеше келді. Балуанды жерлестері күтіп алып, шашу шашты. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов ерекше ілтипат көрсетіп, орталық алаңға жиналған жаңақорғандықтардың алдында Дәулеттің мерейін асырды.
–  Даулет Шораұлы Нұр-Сұлтан қаласында өткен байрақты бәсекеде ел сенімін ақтады. Әрине спорт болғасын жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сындарлы сәтте мінезімен, қажыр-қайратымен ерекшеленіп, екініші рет Әлем чемпионатының жүлдесін сыйлады. Енді Токио Олимпиадасында күмісті алтынға айырбастауына тілектеспін, – деген аудан басшысы қаржылай сый-сияпатын табыстады.
Әлемдік додада 65 келіде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінген Дәулет 2020 жылы өтетін Токио олимпиадасына жолдама алды. Қуанышын жерлестерімен бөліскен балуан:
– Жеңіске жеткенде қуанышымды бөлісіп, жеңілген кезде дем беріп жүрген бапкерлеріме, жанкүйерлеріме бас иемін. Бүгін осындай қошеметпен күтіп алып, марапат биігіне көтеріп жатқан аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлына және барша жаңақорғандықтарға алғыс білдіремін. Құдай қаласа жолдама қолда, енді бар күш-жігерімді жинап, келер жылы Токио бәсекесінде алтын әкелу үшін барымды саламын. Сіздер тілекші болып, тілеуімді тілеп, жанкүйерлік танытсаңыздар болды, – деді.
Алдымен Болат Сабырхановтың қарауында күрестің әліппесін үйреніп, сосын білікті бапкер Әбутәліп Амановтың қол астында шыңдалған Дәулет Ниязбековтың әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі емес. Естеріңізде болса, 2011 жылы Түркияда өткен бозкілем бәсекесінде қоланы қанағат тұтты. Енді күміске айналды, бұйыртса қазақ елі чемпион рухты батырынан алтынды күтеді. Себебі Дәулеттің потенциалы жоғары, жеңіске жетудің қыр-сырын біледі. Оның бір ғана дәлелі, Азия құрлығында үш рет дара шықты.
Чемпион ағаларын көріп суретке түсіп жатқан балғын балуандар «Мен де Дәулет ағамыз секілді чемпион болғым келеді» деп жан-жақтан шуласып жатты. Спорттағы ағалары да ақжарма тілектестігін жеткізді. Шара соңында Әбдіхан ақсақал ақ батасын берді.
– Дәулет баламызды көріп қуанып жатырмыз. Біз онымен әрдайым мақтанамыз, бұйыртса Токиода алтынмен қуантады деген сенімдеміз. Ел мерейін үстем етіп жүрген оның осы жолы өскелең жастарға өнеге. Сондықтан батырымызға Құдай күш қуат берсін, – деді кент ардагері Мұзарап Махмутұлы.
Одан кейін ағайын-туыс, дос-жаран мен жанкүйерлері дастарқан жайып, қонақжайлылық көрсетті. Дастарқан басында ел ағалары Алшынбай Тұртанов, Мәметәлі Жаденов, Серік Мұсабай, Серқожа Ыдырысов ақжарма тілектерін ақтарып, ниеттестік білдірді. Нұр-Сұлтан қаласындағы өнерін демдерін тарта отырып тамашалағандарын айтты. Рухани ағалары, тілекшілері Ғалымжан Сопбеков, Бақытжан Тасболатов және Бақтияр Тоқтыбаев та спорттық жолда сәттілік тілеп, ағайын атынан тұлпар мінгізді. Достары Жандос Әбдімәуленов, Дәулет Тұрабаев, Нұрлат Байгенже, Серік Әбдімәуленов, Берік Өтешов және т.б қашанда қолдап, тілеуін тілеп жүретінін жеткізді.
Жалпы Жаңақорғанда еркін күрес мектебі қалыптасқан. Нағыз чемпиондар туылған құтты мекеннен Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев, Жасұлан Мұхтарбекұлы сынды балуандар әлі де шығатынына сеніммен қараймыз. Ең бастысы, балуандардың ерік-жігері, спорттағы жетістіктері өсіп келе жатқан жас спортшыларға үлгі-өнеге болып, жеңіске жігерлендіретіні анық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

12 қазан 2019 ж. 905 0