«AMANAT» партиясы: ел дамуы жолындағы міндет пен меже
Жалпы елдегі ішкі ахуал, тұрақтылық пен әлеуметтік теңдік, сондай-ақ, саяси жүйелер мен даму жолындағы нық қадамдардың басы-қасында тұратын бас партияның бүгіні мен болашағы баянды. Бұл жөнінде апта басында аудан әкімінің мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының кеңейтілген актив отырысында нақты таразыланды. Бәтуалы басқосуға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек және халық қалаулылары мен партия мүшелері қатысты. Жиынға модераторлық еткен партияның аудандық филиалының төрағасы Арман Мәжитов партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар желісіне тоқталды.
Бүгінде аудандық филиалға қарасты 3886 партия мүшесі болса, 20 бастауыш ұйымы жұмыс жасайды. Есепті мерзімде бастауыш ұйымдарында 105 іс-шара ұйымдастырылып, жарнапұл 93%ға орындалған. Трансферт қаржысы 100%-ға игеріліп, партия қатарына 100 азамат қабылданып, меже толық орындалыпты. Сондай-ақ, партиядан сайланған 11 депутат өз жұмысын белсенді жүргізуде.
– Жол картасы бойынша 71 іс-шараның 30 (42,2%) орындалған, қалған 41 шара (57,7%) орындалу сатысында. Партиялық бақылау комиссиясының 12 отырысы өтіп, 26 мәселе қаралып, 53 ұсыныс көтерілді. Партиялық бақылау бекеттері 4 нысанға орнатылып, 3 нысан пайдалануға берілді. Алдағы уақытты қалған 1 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қоса, қоғамдық қабылдау бөлмесіне барлығы 437 өтініш тіркеліп, оның 303 өтініші бойынша оң шешім қабылданып, 134 мәселе бойынша кеңес берілді. Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға келген 4 отбасы баспаналы болса, «Байкен-U» ЖШС-мен бірлесе отырып, аудандық мәслихат депутаты Жандос Әбдімәуленовтың бастамасымен ақылы негізде оқитын 34 студенттің 1 жылдық оқу ақысы төленді, – деді Арман Әбілпейізұлы.
Партия тарапынан жобалар мен бағдарламалар жүйелі жүзеге асып келеді. Бұл жөнінде партияның аудандық филиал төрағасы баяндамасында нақты тоқталды. – «Жер аманаты» жобасы бойынша жоспарланған 4000 гектар жердің 4 325 гектары қайтарылып, жоспар 108,25% атқарылды.
Комиссияның көшпелі отырысына аудан әкімінің орынбасары қатысып, есеп берілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 154 млн құрайтын 27 жобаға несие берілді. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 1535 аудан тұрғыны оқытылып, оларға сертификат табысталды. Өткен жылы 3 ауылда сайлау өтіп, өзін – өзі ұсыну жолымен партиядан 3 кандидат өтті, – деді ол.
Одан әрі Жаңақорған аудандық партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының жұмыстары жайында Қалдарбек Тұрабаев мәлімдеме жасады. Партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген құрылыс нысандарына апта сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Есепті кезеңде партиялық бақылау комиссиясының мүшелерімен жыл басынан бері 34 мониторинг жүргізілсе, оның 19-ы құрылыс нысандары болса, баға тұрақтылығы бойынша азық-түлік дүкендеріне, жанар-жағармай бекеттеріне, дәріханаларға, басқа да объектілерге 11 рет бақылау жұмыстары жүргізілген екен. Жаманбай батыр ауылдық округінің әкімі Әлібек Абдуллаев ауыл тынысына кеңінен тоқталып, елді мекен тұрғындарының бүгінгі жай-күйіне тоқталды.
– Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 20 млн теңге қаржыға «Ноғай ата» мешітінің мұнарасы тұрғызылып, мешіт жанынан 300 орындық асхана салынып ел игілігіне берілді. «Құрбан ата» мешітінің жөндеу жұмыстарына 37 млн теңге қаржы жұмсалды. Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының бойынан ауылға кіре беріс жеріне жаңадан арка орнатылып, ауылға кіре беріс жолдың екі шетіне 2 шақырымға тал егетін қоршау жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңға дейін 1600 түп көлемінде ағаш көшеттері егілді. Бесарық жіне Кеңес елді мекендеріндегі 5 көшеге асфальт, 7 көшеге тас төселіп, екі елді мекен бойынша 6 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. 7 трансформатор жаңадан орнатылды. Екі елді мекеннің де тағзым алаңдары қайта жөндеуден өтіп, абаттандырылды, – дейді Әлібек Асанбайұлы.
Жаманбай батыр округінде биыл қыруар жұмыс жасалынды. Жаңа абулаториядан бөлек биыл №54 орта мектеп жанынан 375 орындық қосымша бастауыш мектептің құрылысы аяқталды. Ауылыға салынатын спорт кешенінің және Кеңес ауылына салынатын клуб үйінің жоба-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, құрылыс басқармасы арқылы құрылыс жұмыстарына ақша қаражаты бөлінген. Тендер жеңімпазы да анықталыпты. Жиын барысында партияға қарасты «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Алма Мамирова ұйымның 2024 жылы атқарған жұмыстарына тоқталды. Алма Жұмаділләқызының баяндамасынан аңғарғанымыз қазіргі уақытта 9 топтық ұйымнан құралған 309 партия мүшесі тіркелген. Партия құрамын тіркелген 309 партия мүшесінің 101-3 нәзікжандылар. 2024 жылға жарнапұл 444 288 теңгеге (98%) орындалыпты. Оның барлығы рухани шаралар мен мәдени іс-шараларға және партиялық жобаларға жұмсалған.
Отырыс соңында партияның облыстық филиал төрағасы Алмасбек Есмаханов партия алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Аз ғана уақыттың ішінде еліміздегі реформалардың заңнамалық кешені әзірленді. Саяси институттар қайта жаңғырудан өтті, Мәжіліс пен мәслихаттар көппартиялы болды, бірмандатты депутаттар оралды. «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекет пен қоғамның дамуында нәтиже бере бастады. Бұл реформалар «AMANAT» партиясына да тікелей әсер етті. Жаңа қоғамдық-саяси ортада партияда жүйелі ішкі өзгерістер жүргізілді, халықпен жұмыс тәсілдері жаңартылды. Осыған орай, партияда жүйелі жұмыс жүргізу үшін бірнеше басымдықтар негізге алынбақ.
Бірінші, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасының орындалуына мониторинг жүргізілуі керек.
Екінші, партиялық бақылау қызметінің жұмыстары күн тәртібінен түспеуі қажет.
Үшінші, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы жүйелі жүзеге асуы тиіс. Тіркелген өтініштердің оң шешім табуына барынша жұмыс жүргізілуі керек. Мәслихат депутаттарының, жергілікті атқарушы органдар басшыларының және ауылдық округ әкімдерінің қабылдаулары кестеге сәйкес ұйымдастырылуы қажет.
Төртінші, партиялық жобаларды жүзеге асыру барысында сайлаушылармен жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізу қажет. Әсіресе, партияның жұмысы мен атқарып жатқан ауқымды жобаларын көпшілікке таныстыру үшін ақпараттық кеңістікті барынша пайдаланғаны абзал.
Бесінші, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейтіп, олардың рөлін арттыру керек.
Алтыншы, сайланған әкімдердің басым көпшілігі партия өкілдері екені мәлім. Сондықтан партия филиалы ауыл әкімдігіне ұсынылатын кандидаттарды мұқият қарау қажеттігі ескертілді.
Жетінші, фракция депутаттарының жұмысы бойынша депутаттардың жұмысына жүргізілген мониторинг көптеген олқылықтарды көрсетті. Партияның орталық аппараты депутаттардың жұмысы бойынша есеп жүргізеді. Осыған орай, жауапкершілікті күшейтіп, фракция отырыстарына қатысуды, жергілікті жердің немесе саланың өзекті мәселелері бойынша депутаттық сауалдар жолдауды, кестеге сәйкес азаматтарға жеке қабылдау жүргізуді және мәселелерді барынша шешуді, тоқсан сайын халық алдында және бастауыш партия ұйымдарында және жарты жылда бір рет саяси кеңес бюросының алдында есеп беруі керектігін айтты.
– Бүгінде 13 партиялық жоба іске асуда, соның бір-екеуіне тоқталсақ, былтыр бағдарламаларды іске асыру мақсатында республикалық бюджет есебінен 4,6 млрд теңге қаржы жоспарланып, оның 2,5 млрд теңгесі қолдау тапты. «Қарызсыз қоғам» жобасы өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Қазіргі таңда облысымызда 46698 партия мүшесін біріктіретін 206 бастауыш партия ұйымдары бар. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын ынталандыру үшін ағымдағы жылы барлық деңгейде «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы ұйымдастырылады. Аудандық деңгейде де бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру бағытында шаралар қабылдануы қажет, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Қорытындылай келе, «Аманат» партиясының актив отырысы еліміздің саяси өміріндегі маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Отырыс барысында партияның алдағы жоспарлары, қоғамдық мәселелерге қатысты көзқарастары мен шешімдері талқыланып, саяси тұрақтылық пен әлеуметтік даму бағытындағы жаңа бастамалар анықталды. Бұл шара партияның белсенділігін арттыруға және азаматтық қоғаммен байланыс орнатуға бағытталған маңызды қадам деп айтуға болады.
Әли ТЕМІРБЕК
