БАҒДАРЫМЫЗ АЙҚЫН, МҮДДЕМІЗ БІР
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне кең көлемде сұқбат беріпті. Қоғам мен мемлекетте болып жатқан өзгерістерді толық саралап, көпті толғандырған біраз сауалға ашық жауап берген екен. Көпшілік арасында «Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр» дейтін алып-қашпа әңгімеге нүкте қойғандай болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы салмақты сұраққа байыпты жауап берді. «– Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге қақылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ. Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді» дейді.
Халыққа биылдан бері беріліп жатқан «Ұлттық қордан балаларға» ағдарламасының болашақтағы жай-күйі де терең айтылады. Әлеуметтік салалардың дамуы мен қатар, инфрақұрылым жүйелерін жақсарту да терең қозғалған.
Кең даламыздың су тапшылығы мен ауылшаруашылығының негізгі мәселелерін шешу жолында еселі еңбектердің жеміс беріп жатқанын білдік.
Еліміздің саяси ахуалына да бірқатар сараптама жасай келе, еліміздің орта деңгейдегі державаға айналып жатқанын тілге тиек етті. Әрине, осы деңгейді ұстап тұру үшін білім, инновация және ынтымақтастықтың нығая түсуі маңызды. Осы тұста, президентіміздің ашық сұхбатын оқи отырып, еліміздің бағдары айқындалып жатқанын әрі ел болашағы үшін бір мүдде жолында бірігіп тіршілік етудің маңыздылығын ұқтым.
Мақпал МАРҚАБАЙ
журналист