№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Бейне байланыс режимінде өткен жиын барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон баяндама жасады.

Жиынды ашқан Президент газ саласының еліміз үшін де, әлемдік энергетика жүйесі үшін де маңызды екенін атап өтті.
– Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Сонымен бірге еліміз газды жылдан жылға көбірек тұтынуда.  Бірақ, газ өндіру қарқыны оған сай емес. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны  көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.    
Газ саласын дамытудың негізгі жолдары жөніндегі баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы саланы дамытудың және басқарудың қазіргі моделі жаңғыртуды қажет ететінін айтты.
– Тәуелсіздік жылдары көмірсутегі шикізатының негізгі көздері мұнай кен орындарына тиесілі болды. Газ кен орындарын барлап, игеруде, соның ішінде, Каспий активтері бойынша іс жүзінде алға жылжу жоқ. Сондықтан  газдың ресурстық базасын геологиялық барлау жұмыстары арқылы кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры үшін саланы дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса мән беру керек. Қазіргі жүйе аясында пайдалы қазбаларды игерушілер газ өндірісі мен газ өңдеу қуатын арттыруға мүдделі емес. Үкіметке газ өндіру саласына инвестиция тарту жолдарын іздестіру жөнінде тапсырма берілді.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазТрансГаздың» ұлттық газ компаниясына айналатынын және геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмыстарды атқаратынын жеткізді. Президент жаңа кен орындарында пайдалы қазбаларды игеруде басымдық құқығын «ҚазТрансГаз» компаниясына беру туралы «Самұрық-Қазына» қорының ұсынысын қолдады.
– Сонымен қатар Үкімет мұндай құқық берудің барлық қырлары мен шарттарын мұқият зерделеуі қажет. Газ кен орындарына қол жетімділікті монополияға айналдырмау аса маңызды. Үкімет тәуелсіз инвесторлардың дербес барлау жүргізуіне және газ кен орындарына қатысты әзірлемелер дайындауына жағдай жасауға тиіс. Газ компанияларының вертикальді үйлесім бойынша жұмыс істеу тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылған жағдайда Үкімет Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2022 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясын IPO-ға, соның ішінде, халықтық  IPO арқылы шығару мүмкіндігін зерттеуі қажет. Бұл қаржы нарығын айтарлықтай жандандырады және азаматтардың еліміздегі газ байлығының бір бөлігін иеленуіне септігін тигізеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ішкі газ нарығындағы баға белгілеу ісін жетілдіруді негізгі мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерді жаппай газбен қамтамасыз ету газды тұтыну көлемінің артуына әкеп соғады. Соңғы бес жылда ішкі нарықтағы газ 40 пайызға, яғни 12 ден 17 миллиард текше метрге дейін артты. Осы ретте Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде болып отыр. 
– Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифын реттеу және халықты қол жетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын  жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент газ тасымалдау жүйесін жаңғырту үшін Үкімет пен Қорға, экспорттан, тіпті, жекешелендіруден түсетін табыстарды қоса алғанда, қосымша қаржыландыру көздерін іске қосуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы үш жылда еліміз бойынша  сұйытылған мұнай газын тұтыну деңгейі екі еседен астам өскен.
– Тек Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайыздан астамында сұйытылған газ пайдаланылады. Өңірдің негізгі газ жеткізушісі Қазақ газ өңдеу зауыты болып табылады. Оның негізгі құрал-жабдықтарының 90 пайызы тозған. Зауыттың апаттық жағдайларға байланысты тоқтап қалуы халықты газсыз қалдыруы мүмкін. Осы ретте Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіру экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан да қауіп туғызады. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жаңа зауыт 2023 жылдан кешікпей пайдалануға берілуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңес барысында Президент тағы да бір сұйытылған газ жеткізуші кәсіпорынның – Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынға алды.
– Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар. Нәтижесінде, мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кеміп, соның ішінде, сұйытылған газ  азайып кетті. Бұл жанармай құю станцияларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді. Осыған байланысты Үкіметке  сұйытылған газға деген сұраныстың арту перспективасын зерттеп, оны өндірудің қосымша қуат көздерін іздестіру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Газ тарату жүйесіне қатысты мәселені жеке қарастыру қажет. Қазіргі уақытта аталған процесс жабық  әрі түсініксіз жағдайда іске асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына алып келеді. Тиімсіз делдалдарға жол бермеу және нарық бағасын қалыптастыру мақсатында электронды сауда алаңдары енгізілді. Олардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Мемлекеттік органдар мен бизнес жаңа тәртіпте жұмыс істеуге бейімделуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде Қазақстанды газдандыру ісіне ерекше көңіл бөлді. Еліміз бойынша газдандыру деңгейі 53 пайыздан асты. Алты өңір 90 пайыздан астам көлемде газбен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, Мемлекет басшысы елорданы, Қарағанды және Ақмола облыстарын газбен қамтамасыз ету мерзімінің кешіктіріліп жатқанын атап өтті.
– «Сарыарқа» магистральді газ құбыры 2019 жылы уақытылы пайдалануға берілген. Бүкіл елімізге ортақ бұл әлеуметтік маңызы бар жоба экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Әкімдіктердің салғырттығынан тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз етудің белгіленген мерзімдері кейінге шегерілуде. Сондықтан Үкіметке нақты мерзімін, индикаторлар мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, аталған өңірлерді газбен қамтамасыз ету жоспарын жандандыруды тапсырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің солтүстік өңірін, атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз ету мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді деп санайды. Газбен қамтамасыз ету аталған өңірлердің кәсіпорындарының қарқынды дамуына, бизнес жүргізу және өмір сүру тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.
– Бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оны шешудің екі жолы бар. Атап айтқанда «Сарыарқа» магистральді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Аталған екі тәсілдің де өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Үкіметке өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, жуық арада таңдау жасауы қажет, – деді Президент.
Көмірсутегін сапалы өңдеу – мұнай-газ секторын дамытудың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы құрылысы он жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан біріктірілген газ-химия кешенінің әлі күнге дейін бітпегенін сынға алды. Президенттің айтуынша, жоғары бәсекелестік жағдайында нарық талаптарына тұтастай сай келетін оңтайлы тәсілдерді пысықтаған жөн. Үкіметке кешенді инвестициялық ұсыныс әзірлеу тапсырылды.
– Мұнай-газ химиясы сөз болғанда, әдетте, екі өнім, яғни полиэтилен және полипропилен туралы ғана айтамыз. Өнім түрін көбейту керек. Нарықтағы сұраныс аталған материалдармен ғана шектелмейді. Мұнай-газ химиясы бойынша ішкі және сыртқы нарықтарға бағытталған өнеркәсіптік және тұрмыстық дайын заттардың базалық өнімін өңдеу жөніндегі кәсіпорындар ашу қажет. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет дайын өнімді әртараптандыруға басымдық беру арқылы саланы одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүкіл әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада етудің тұрақты үрдісі байқалып отырғанын еске салды. Қазақстан бұл игі істен сырт қалмай, 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуға қол жеткізетінін мәлімдеді.
– Қалдықтарды болдырмау мақсатында кәсіпорындар мен экономикаға түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. 2030 жылға қарай газ өндіру көлемін 1,5 есеге – 21-ден 33 миллиард киловатт сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек. Менің тапсырмама сәйкес сол уақытқа қарай жаңартылатын қуат көздерінің көлемі 15 пайызды құрауы тиіс. Осылайша, осы он жылдықтың соңына қарай еліміздегі электр қуатының жартысына жуығы мейлінше экологиялық таза энергия көздерінен өндірілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.


18 маусым 2021 ж. 885 0