Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақүйіктік ағайынның қос қуанышы

Ақүйіктік ағайынның қос қуанышы

«Nur Otan» партиясы басшылығының аймақтарға сапары осы аптада Сыр өңірінде жалғасты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек алдымен Жаңақорған ауданына ат басын тіреп, Ақүйік ауылдық округінде  жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Кездесу барысында Бауыржан Байбек Елбасы тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы бірнеше айдан бері Үкіметпен және өңірлік филиалдармен бірлесе отырып, өңірлерді дамытудың 5 жылдық жаңа бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.
–  Елбасы айтқандай, «Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Сондықтан Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша біз барлық өңірлердегі ауыл-аймақты аралап, орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мәселені жүйелі шешудің бағдарына мониторинг жүргіземіз. Қоғамдық диалог, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару – партияның негізгі басымдығының бірі. Біз бірге, ашық диалог және өзара сенім арқылы ғана ел Президенті ұсынған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра аламыз. Міне, бүгін де алдарыңызға арнайы келіп, еркін форматта жүздесіп отырмыз, – деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.
Мұнан кейін ауыл тұрғындары елді мекен үшін өзекті екі мәселені көтерді. Біріншісін, зейнеткер, көп балалы ана Алтыншаш Әміржанова ауылдағы ескі балабақшаның жағдайын көтерді.
1974 жылы іргетасы қаланған «Қызғалдақ» балабақшасына біздің балаларымыз барса, енді немерелеріміз барып жүр. Қазіргі жағдайы сын көтермейді. Суы сырттан тасымалданады. Балалар тар бөлмеде ас ішіп, сол жерде ойнайды. Ауылдағы аналардың туу көрсеткіші шүкір, артып келеді. Бүгінде балабақша кезегінде 115 бала тұр. Сондықтан бізге жаңа типтік үлгідегі заманауи балабақша қажет – деді  ақ жаулықты анамыз.
Өз кезегінде аудан әкімі Сұлтан Мақашов партия Төрағасының Бірінші орынбасарына жаңа балабақшаның жоба-сметалық құжаты дайын екенін жеткізді. Сәтін салса, мемлекеттік жекеменшік-әріпестік аясында салынатынын мәлімдеді.
– Балабақша салатын инвестор табылды ма?
– Иә, осы ауылдың тумасы «Бақ-Жай» ЖШС өкілі салуға дайын.
– Дұрыс. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде салынса уақыттан ұтамыз. Әрі инвесторға да тиімді. Мемлекет салған қаржысын бөліп төлеп береді. Бұл бағдарлама бүгінде өз тиімділігін көрсетуде. Енді қанша уақытта құжаттарын дайындап үлгересіздер?
– Негізі белгіленген орын мен жоба-сметалық құжаты дайын. Тек мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында инвестормен екіжақты келісімшартқа отырсақ, көктемде бастауға мүмкіндік бар.
Бұл партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы мен өңір басшысы Қуанышбек Досмайылұлының ара­сындағы диалог. Расында, «Бақ-Жай» ЖШС өкілі Ырысбек Жүнісов құрылыстың құжат жағы дайын болса, өз қаржылары есебінен бастайтынын қуаттады. Сондай-ақ аймақ басшысы Сыр өңіріндегі 3-6 жас аралығындағы балабақшалардың 72 пайызы МЖӘ аясында салынғанынан хабардар етті.
Жүздесу барысында Бауыржан Байбек ауыл мектебінің ахуалын сұрады. Бұл сауалға ел ағасы, аудандық мәслихат депутаты Рахымбаба Құтыбаев жауап берді.
– Ауылдағы мектеп 600 орындық. Алайда білім ордасында бала саны бұдан көп. Мектеп құрылысы Кеңес одағының ыдырар тұсында салынып, аяқталмай қалған. Кейіннен тоқсаныншы жылдардың аяғында аудан әкімдігінің қолдауымен, халық асар әдісімен 3 қабатты мектепті соғып бітірді. Бұл 2000 жылдың басы болатын. Бірақ құжатына жобалық деп жазылып кеткен. Десе де, ауыл үшін қазіргі таңда ең өзектісі – балабақша. Алдағы уақытта Бірлікте мемлекеттік балабақша жарқырап тұрса деген ел тілегі бар, – деді Рахымбаба Құтыбаев.
Ал ауыл ақсақалы Кенжебай Бердібеков аудан орталығына жақын ауылдың бірі ретінде  көгілдір отынның игілігін көрсек дей келе, көршілес Шиелі ауданында 5-6 ауылға газ кіргенін тілге тиек етті. Бұл сұраққа жауап берген Бауыржан Қыдырғалиұлы: – Өздеріңізге белгілі, Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жылғы партия съезінде «Құтты мекен» бағдарламасы аясында 1 млн қазақстандықтарды газбен қамтуға тапсырма берген болатын. Бұл бағытта партиялық бақылау жасап, өңірлердегі ауылдарды газдандыру мәселесін қадағалап отырмыз, – деді.
Осы тұста, сөзге қосылған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бұл бағытта жоспар бойынша жұмыс жүретінін мәлімдеді. Жаңақорған кентінен Ақүйік ауылына дейінгі қашықтық 20 шақырым болатынын айтқан өңір басшысы бұл аумаққа облыстық бюджеттен жоба-сметалық құжатын дайындауға қаржы бөлетінін жеткізді.
– Ауылдың ішіне қажетті газ трубасының көлемі 45 шақырымды құрайды. Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевпен арнайы сөйлестім. Құжаттары дайын болған жағдайда көмектесетінін айтты. Негізі жоспар бойынша Бірлікке газ 2022-2023 жылдары келу керек. Бірақ тұрғындардың өтінішіне сай, бар мүмкіндікті пайдаланып, 2021 жылға жылжытуға тырысамыз – деді  Қуанышбек Досмайылұлы. 
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары әкімнен облыстық бюждеттен нақты қаржы қашан бөлінетінін сұрады. Әкім жақында республикалық бюджеттік комиссия өткеннен кейін, облыстық бюждетті бекітетінін, сол кезде қаржы бөлу мәселесін қолға алатынын жеткізді. Одан ары қарай құжаттарын жасатуға кірісіп, жыл соңына дейін аяқтауға тырысатынын тілге тиек етті. Сосын 2021 жылдан бастап  қаржы бөлінсе, газ құбырларын жүргізуге кірісетіні белгілі болды. Бұл жөнінде Бауыржан Байбек партиялық бақылауға алып, Энергетика министрімен арнайысөйлесетінін мәлімдеді.
Осылайша, берекесі жарасқан Бірлік ауылы үшін 2020 жыл жақсы жаңалығымен басталды. Әуелгісі, биыл типтік үлгідегі балабақша салынатын болса, кейінгісі келер жылы көгілдір отынның құбыры да ауыл маңына жақындап қалуы бек мүмкін. Бұл да болса, «Nur Otan» партиясы тарапынан ауылға жасалынып жатқан ілкімді істің бірі. Өз кезегінде ауылдағы ағайынның атынан Орынбек Қаппаров Елбасына ризашылығын білдіріп, партияның ары қарайғы жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Айта кету керек, Елбасы тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы бірнеше айдан бері Үкіметпен және өңірлік филиалдармен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу жұмысын бастап кетті. Соның айқын бір дәлелі – Ақүйік ауылдық округіндегі халықты толғандырған мәселелерді партиялық бақылауға алып, оң шешімін табуға ықпал ететіні елді қуантты.

Әбдісамат ӘБДІШ.
29 ақпан 2020 ж. 1 125 0