» » ЖАҚСЫ КӨРШІДЕН ҒИБРАТ

ЖАҚСЫ КӨРШІДЕН ҒИБРАТ

Шағын ауылдардың бірінде екі отбасы көрші тұрыпты. Бірінің тұрмысы, татулығы кісі сүйсінерлік болса, екіншісі, берекесіз, нашар отбасы екен. Күн сайын ұрыс-керістен көз ашпайтын ерлі-зайыптылар үйінен шуақ шашылып тұратын шаңырақтың құпиясын білмекке бекінеді. Ұят болса да аңдымақ болады. 
Үйдің отағасы жұмыстан оралып, аяқ киімін қағып, шапанын жинай бергенде байқаусызда босағадағы сүт құйылған құмыраға тиіп кетеді. Сол мезетте ыдыс сынып, сүт төгіліп қалады. Сынған ыдыстың дауысын естіген әйел үйінен жүгіріп шығып: 
– Қап, отағасы-ай, кешіріңізші мені. Өзіңіз күні бойы бала-шағаның қамы үшін еңбек етіп, жұмыстан шаршап келгенде көңіл-күйіңіз бұзылды-ау. Мен де ақымақпын, осы ыдысты дұрыстау жерге қойсам болады ғой, -деп өбектейді. Сонда еркек: 
– Жо-жоқ, сенің не кінәң бар? Өзің кешке дейін үй шаруасынан шаршап, балалармен әлек болып жүрсің ғой. Өзімнің тиянақсыздығым ғой. Қорбаң-қорбаң етіп жүрмесем нетті? Мен кінәлімін,-дей бергенде әйел: 
– Жоқ, жоқ, сіз еш жазығыңыз жоқ,-деп таласа кетеді. Осылай екеуі кінәні бөлісіп, бастары соғысып жүріп ыдыстың сынығын жинап алады. 
Бұл көріністі көрген көрші ерлі-зайыптылар сандарын соғып, «міне, мәселенің мәні қайда жатыр?» дескен екен. 
«Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның», «Көрші де көршіден тәлім алар!» деген міне осы!
05 мамыр 2019 ж. 1 011 0