№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Долыдан Дәуперім қорқыпты

Долыдан Дәуперім қорқыпты


Баяғы заманда бір мүсәпір орманнан отынға тал кесіп, оны базарға сатып күнелтеді екен. Бір күні айдай ашық аспанға шайнектей бұл шығады да, әлгінің отынға тал кескен орманына құйып өтеді. Су болған талды кім алсын, үйіне құрқол оралады. Күн жауын, су болған талын базарға апара алмағанын айтып көрсе, әйелі сенбейді. Өйткені, бұлардың ауылына бір тамшы жаңбыр тамбаған еді.

Қырсыққанда келесі күні кешегі оқиға тап сол күйінде қайталанып, үйіне тағы да бос келеді. Осы арада онсыз да долырып тұрған әйелі:
– Түс алдыма! Су болған отыныңды көрсет! Тапқан екенсің ақымақты. Құдай біледі, сен қалада біреумен шатысып жүрсің. Шашын бір талдап жұлып берейін мен ол салдақының! – деп, қолын қос бүйіріне қойып біраз шаңқылдап алады да, күйеуін әй-шайға қаратпай алдына салып алып, орманға тартады. Байғұс «бұлт ала, жер шала» деген халықта мақал барын, жаңбыр бір жерге жауса, екінші жерге тамбай өте шығатынын білмесе керек. Әйел долданса долданғандай, бұл жолы да бұлардың ауылын жаңбыр айналып өткен еді.
 – Орманның іші батпақ, ертең жер құрғаған соң барсақ қайтеді, – деген күйеуінің сөзін қысыр жыландай қайқаңдап алға түскен долы әйелі желкесімен тыңдайды.
Десе дегендей, орманға ілікеннен-ақ жер батпақ екеніне әйелінің көзі жетеді. Сонда да қызғанышы құрғыр «не де болса көзіңді жеткізіп қайт» деп түрткен соң, алған бетінен қайтпайды.
Орманға кіретін жалғыз аяқ жолдың жиегіне ықылым заманнан бері өз бетінше жатқан бір апан сияқты шұңқыр болса керек. Күйеуі байғұс сол апанның тұсына келе бергенде:
 – Әй, сол жағыңда апан бар, байқа, тайып кетесің, – деп ескертуі сол-ақ екен әйелі:
– Сен мені аяп қалған екенсің ә! – деп, керісінше, баспа деген жағына қарай қиқаң ете қалады да, апанға күмп береді. Күйеуі жүгіріп келіп қараса, әлгі бетін шөп басып байқалмайжатқан бір шыңырау – зындан болып шығады. Әрлі-берлі әйелінің атын атап айқайласа, жым-жылас. Сасқалақтап отын буып қойған арқанын шешіп әкеп, тағы да әйелінің атын атап, «әй, пәленше, тірімісің, неге үндемейсің, мә, мына арқаннан ұста» деп арқан тастайды. Тастаған арқаннан біреу ұстағандай болады. Ұстағанда да, өзін шыңырауға тартып бара жатқан зілмауыр бір сұмдық. Арқанның шетін беліне бір шалып алып, екі аяғын шыңыраудың шилеуіт ернеуіне тіреп шалқалап кеп тартады. Бір кезде арқаннан ұстап өрмелеп келе жатқан адамға ұқсамайтын бір құбыжыққа көзі түсіп кетеді. Сасқалақтап беліндегі арқанды босата бастайды. Сонда әлгі мүйізді құбыжық:
– Ей, адамзат, арқаныңды босата көрме?! Мені құтқар ана пәледен! Не тілесең соныңды орындайын, жібере көрме арқаныңды, адамзат! – деп жалбарынады.
Әлгінің адамша сөйлеп, жалынғанына қайран қалған мүсәпір, ойланып жатуға мұршасы болмай, мүйізді құбыжықты апаннан тартып шығарады. Мүсәпірдің жанына таудай болып жайғасқан құбыжық:
– Рақмет, саған адамзат! Сен мені бір ажалдан құтқардың. Мен Дию деген боламын. Мыңдаған жылдар бойына тып-тыныш осы зындан түбінде ұйықтап жатыр едім. Үстімнен әлгінде бір Долы мені бүре түскені. Шеңгелінің қаттылығы сондай, әрең босандым. Қылқындырып өлтіретін түрі бар, – дейді.
 – Өй, ол менің әйелім, – дейді мүсәпір.
 – Әйел емес анау. Жер бетін қарап қылар, – деп Дию зындан,а үрейлене бір қарап қояды.
Диюдың аузына қарап отырып қалған отыншы әйелі есіне түсіп, арқанды зынданға қайта тастамақ бола бергенде Дию:
– О, адамзат, не тілесең, соныңды орындайын, тек қана ана Долыны зынданнан шығара көрме! Байлық керек десең, байлық сыйлайын! – деп жалбарынады.
Өзінің шүйкедей ғана әйелінен осыншама зәрізап болып тұрған Диюды біраз мазақ еткісі келген отыншы:
 – Жарайд, адамзат, жарайд. Тек қана зынданнан шығармасаң болды. Біз диюлар, кез келген адамға көріне бермейміз. Алла тағала бізге: «Жүрегінде бір маған – Аллаға орын қалмаған пендем түбі жын-перінің шылауына кіріп, небір пендешілік істер жасар. Сол пендешілік іске белшесінен батқан бейшаралар – сендердің құлдарың» депті. Біздің орнымыз – адам баласының еті мен терісінің арасында. Сәл пендешілік жолға түссе болды, ерттеп мінеміз де жүре береміз.
– Ей, сен, ақылыңды қанжығаңа байлай тұр да, беретін байлығыңды айт! – дейді әмірлі үнмен отыншы.
 – Иә, байлық па? Байлық деген оп-оңай. Мысалы, мына мен саған пері соққан адамды... Я, біздің екінші атымыз – пері. Сол пері соққан адамды жазатын дұғаны саған қазір үйретем. Тұп-тура сенің өз ауылыңда бір байдың қызы пері соғып көптен науқасынан айықпай жатыр. Сен барасың да, мен үйреткен дұғаны оқып, қызды жазасың. Жазған соң саған не істейді, а? Айтшы, ә? Басыңнан бәшайыңа дейін алтынға шомылдырады. Тек! – Дию есін жия қояды. – Дұғаны бір адамды ғана жазуға қолданасың! Байдың қызын жаздың ба? Ұмыт! Дұғаны да! Мені де! Ал екінші біреуді жазады екенсің, өз обалың өзіңе! Сол сәтте мен келем де, басыңды алам!
– Ей, – дейді өктем үнмен отыншы, – сен көп созбай, дұғаңды айт. Әйтпесе, арқанды тастаймын зынданға.
– Жарайд, жарайд. Тек арқаныңды зынданға тастай көрме.
Дию отыншының құлағына сыбырлап, дұғаны үйретеді де, сол сәтте ғайып болады.
Отыншы Дию айтты екен деп, әйелін зынданға тастап қалай кетсін. Дұғаны ұмытып қалмас үшін іштей қайталап жүріп, әйелін зынданнан шығарып алады. Сөйтсе, әйелі бұрынғыдай емес, бып-биязы, жұп-жуас, моп-момақан. Үн жоқ. Томпаңдап күйеуінің соңынан ереді де отырады. Отыншы мұны – дұғаның әсері деп ұғады.
Дию айтса айтқандай, тұп-тура өз ауылында бір байдың қызы пері соғып ауырып жатқаны рас болып шығады. Отыншы Дию үйреткен дұғаны оқып байдың қызын жазады да, шаш етектен байлыққа кенеледі. Бай бұған бүкіл малшысымен бір ауылды бөліп береді.
Содан, байдың пері соққан қызын жазған отыншының даңқы жеті әлемге тарайды. Әлемде бай, оның пері соққан қызы жалғыз болсын ба? Біреуден біреу естіп, бір атақты бай, отыншының «білмеймін, бармаймын» дегеніне қоймай, зорлықпен алдыртады. «Егер емдемесең, басың кетеді» деген соң «басты Дию алады не, бай алады не, әйтеуір бір өлім екен» дейді де көзді тарс жұмып, дұғаны оқып кеп жібереді. Байдың қызын жазып. Қыз шымылдығы жанынан енді тұра бергенде, тап жанынан бұрқ етіп Дию пайда бола қалады да:
– Ей, адамзат, уәдеде тұрмадың. Жарық дүниемен қоштаса бер енді, – дейді.
Сонда отыншы саспастан:
– Диюжан-ау, мен қайбір еріккен уәдені бұзды дейсің. Екеуміз зынданда тастап кеткен долы қатын шығып кетіп, мені осы ауылға қуып келген жоқ па? Жан сауғалап жүріп, не істеп, не қойғанымды білмей де қалдым, – дейді.
 – Не дейсің?! Рас па? Онда мені көрдім деп айтпа, – деп Дию ғайып болады. «Долыдан Дәуперім қорқыпты» деген әңгіме содан қалған екен.
19 қыркүйек 2018 ж. 1 265 0