№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЖАЛҒАН АҚПАР ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН...

ЖАЛҒАН АҚПАР ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН...


Бұл күндері «WhatsApp» месенджеріне тіркелмеген жан жоқ шығар. Жасы да жасамысы да күніне кем дегенде он-он бес мәрте бас сұғады бұл желіге. Барымен бөліседі, жоғын интернеттен жүктеп алады. Бөліскеннің не жазылғанның барлығын шынайы ақпарат деп қабылдауға әсте болмайды.

Осы тұста айта кететіні, журналистика әлемінде «фактчекинг» деген термин бар. Әсіресе, әлеуметтік желі де кез-келген ақпаратты қалың оқырманға таратпас бұрын әуелі тексеруді талап етеді. Сараптап, талдап, интернеттегі сілтемелерін тіміскілеп, ақпараттың шыққан түпнұсқасын анықтауды – фактчекинг деп атайды. Бұлай жасауға бір ғана себеп бар. Ол – бүгінде жымысқы пейілді адамдар желіге өз атымен емес өзгенің есімімен тіркеліп, жалған аккаунт ашады. Сосын ел ішіне сан түрлі елді араздастыратын, бұқараны билікпен шағыстыратын жалған ақпараттар таратады.
Мәселен, осы аптаның ішінде бірнеше фейк ақпараттар жылдам тарады. Әлгі көліктің жолын жолбарыс кесіп өткен бейнеролик сізге де келген болар? Жай ғана таратып қоймай, жанына «Жаңақорған ауданы. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы» деген мәтінді тіркеп қойған. Халық, имандай сенді. Бұл ролик Алматы, Астана қаласында тұратын достарымнан да келді. Жалған екендігін айтып түсіндіре алмадым оларға. Кейіннен фактчекинг тәсілінің нәтижесінде бұл роликтің шынайы түпнұсқасы пайда болды. Дала кезіп жүрген жолбарыс Ресейдің Хабаровск өлкесін мекендейтін Амур жолбарысы болып шықты. Яғни, бейнетаспа сол елде түсірілген. Бұл бір. Енді екіншіден, ақылға салсаң, Сыр бойында ертеректе мекендеген Тұран жолбарыстарының тұқымы жойылғаны қашан. Өйткені, жолбарыс азық ететін Сырдың жағасында бұғы, елік ертегідегідей өріп жүрген жоқ. Қалың тоғай түгілі, қамыстың өзі сиреп барады. Негізі, Сыр өңіріндегі соңғы Тұран тағысы 1933-53 жылдары болған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Қазалы ауданы мен Жаңақорған ауданының Қызылқұм өңірінде мекендеген. Қысқасы, ізі-қайым жоғалған жыртқыш аң «Қызыл кітапқа» да еніп үлгермеді. Десе де, біле жүріңіз Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы 2020 жылға қарай Тұран жолбарыстары популяциясын жандандыруды қолға алмақ.
Мұнан кейін осы аптадағы қызу талқыға түскен фотоның бірі «қызылордалық ұсқынсыз мүсінге» қатысты ақпарат. Әрине, алғашқы да желі қолданушылары парақшаларында келеке қылып, әжуа етті. Сыни пікірлер тым көп айтылды. Кейіннен Қызылорда қаласы әкімдігі жауап берді. «Аталған кіші архитектуралық фигура 2015 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында «Жібек жолы» көшесі бойына қойылды. 2016 жылдың басында алынып тасталды. Қазіргі уақытта аталған кіші архитектуралық мүсін қала аумағында жоқ». Бұл әкімдіктің ресми жауабы.
Бұдан өзге бұл аптада «Шымкентте бесем дүниеге келді» деген ақпаратта желіде желдей есті. Дегенмен, оның жалған екендігі айқындалды. Оған қоса, осы Түркістан облысының Сайрам ауданында ұлтаралық дүрдараздықты тудыратын роликте өтірік ақпарат болып шықты. Яғни, өзге ұлт өкіліне әлімжеттік көрсетті деген қауесет бейнеролик Өзбекстанның Наманган облысында өрбігені анықталды. Қысқасы, бір жетіде болған жалған ақпараттардың айқындамасы.
Шыны керек, қазіргі қаншама дақпырт дүниелер «Ватсап» месенджерінде қолдан қолға тимей таратылуда. Айтпағанды «айтты» деп, болмаған дүниені «болды» деп, тірі адамды «келместің кемесіне мініп кетті» деген ақпарат таратқандарға қандай жаза бар? Заң не дейді? Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бар. Көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты. Осы баптың бірінші тармағында бүй дейді: «Қоғамдық тәртіпті немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеусі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Ал, егер осы іс-әрекеттер БАҚ немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, жасалса 5000 АЕК айыппұл, 2 жылдан 5 жылға жейін бас бостандығын шектеуге не айыруға жазаланады.
Сол үшін ақпарат таратауға асықпас бұрын, анық-қанығына көз жеткізіп ал. Не өшіріп тастап, өзіңе де,өзгеге де зияныңда тигізбеуге тырыс.

Әбдісамат ӘБДІШ.
16 ақпан 2019 ж. 1 815 0