№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қой кезек


Таңның тәтті ұйқысын қимай, төсектен шықпай қыбырсыз жатқам, жан анамның қатқыл дауысы есті жиғызды. «Қызым, тұр енді, қой-ешкі өріп жатыр» деген соң, есік алдындағы арық суына беті-қолды шайып жіберіп, апыл-ғұпыл киініп, көкемнің көк есегін жайдақ мініп, ауылдың шетіне бет алдым. Алақандай ауыл болса да төрт-бес аумаққа бөлініп, қой бағуға кезекпен шығамыз.

Біздің қой кезекте отыз үйдің мың жарымға жуық қойы бар. Бес бас қойдан артық қой қоссаңыз кезек бағасыз. Ал, неге екені белгісіз, ешкі жануары есепке алынбайды. Бәлкім, қой сияқты көл-көсір пайдасы жоқ болған соң мал көрмейтін де шығар. Біздің қорамызда он шақты қой мен бес-алты орыс ешкісі болды. Айына бір келетін қой кезекті бақпасқа лажымыз жоқ. Әкемізден ерте айрылып қалдық, оның үстіне үйдің жігіті жеті жаста еді. Сондықтан болар, отын шауып, шарбақ құрау, жер аудару, қой бағу деген жұмысты жатсынбадық.
Қойды тауға қарай өргіземіз. Ауыл шетіндегі алма бақтың тұсында қойды қайырып тұрған тұрғындар қойшының төбесін көре сала қойдың басын жібереді. Сауық қойларды алдыма салып кетіп бара жатқан маған қарата ауылдың кексе әйелдері ақылсынып әлек. «Әй, қыз, қойдан айрылып қалма! Біреуі жоғалса төлеп бере ме, шешең?», «Үйіріп бағам деп, аш-құрсақ қалмасын, Қостөбе тұсындағы көкке жайылсын!», «Басқа отармен қосып жіберме, мұқият бақ!» деген сөздерді құлаққа құйып жібереді.
Шілдеде күн ұясынан көтерілмей жатып жер беті алаулайды. Көлеңке қуалаған қойлар топ-топқа бөліне бастады. Таудан ауылға қарай ағып жатқан арыққа келіп, қой-ешкіні суарып алып, тереңдеу тұсынан отарды ары-бері өткізіп, бауырын салқындатып алдым да, қалың жыңғылды жазыққа бет алдым. Қойдың бас-аяғын жиып, қайырып қойдым. Тал түсте отар түгел шөгіп, тыныштық басталды. Жыңғылдың қалың көлеңкесіне жайғасып, дорбамның ішін ақтара бастадым. Қолыма қара нан мен тұз, екі кортоп ілінді. Көк есектің желкесіне өңгерген қара шәйнекті алып келіп, арықтан су толтырдым. Үш тасты ошақ етіп, от жағып шәй қайнатуға кірістім. Ыстық күлге екі кортопты көміп, шоқтың әбден сөнгенін күттім. Орамалымды жайып жіберіп, нанымды үстіне қойдым. Жапан далада ішкен шайдың өзі сіңімді ғой, шіркін! Ыстық кортопты үрлеп отырып жегенде ас атаулының кереметін сезінесің! Осылай талғажау етіп, әл жинау әрбір қойшының дәстүрі еді.
Он жасымнан бастап осылай қой кезекке шығып келеді екенмін. Биыл оныншы сыныпта оқып жүрмін. Біздің сыныпта қой кезекке шығатын қыздардан мен ғана екенмін. Сынып жетекшімізден қой кезекке сұрана беруден ұялып қоямын. «Апай, ертең.....ауырып қалсам болады ма» дедім. Менің үнемі қой кезекке сұранатынымды білетін апайым: «Болады!» деген.
Бойжетіп қалғандықтан ба, бұрын­ғыдай арыққа шомылуға зауқым болмады. Жәй ғана балықтарды қы­зықтап отырдым. Ирелеңдеп жүрген су жыландарды таяқпен іліп алып жағадағы ыстық тасқа лақтырып ой­нағанды ұнататын едім. Мұны да қойған секілдімін. Қалтамдағы бір жа­пырақ ақ қағазға әсем табиғат жайлы өлең жазып отырмын. Жуырда өтетін жас ақындар мүшайрасына дайынды­ғым ғой бұл. Шимай-шатпағымды түзіп отырғанда күн ортасынан ауып, қой өре бастапты. Қағазымды бүктеп қалтаға салдым да, қой соңына ілестім. Қой деген жуас жануар ғой, айдағаныңа оңай көндігеді. Ешкі деген қиын мұндайда, көштің басына шығып алып, бет алған жағына ығып әлек. Текелер де бақырып тушаларды қуалап, отарды отызға бөледі. Табанымнан тозып, отарды жинаумен боламын. Күн шығысқа бетімді қаратып, екі қолымды тік созып, көлеңкемнің қай тұсқа түскенін бақылаймын. Бұл қойшы қауымның уақыттың қанша болғанын болжайтын тәсілі. Көлеңке оң жаққа қарай түссе түс ауғаны, маңдай алдына түссе сағат 1, оң қолмен бастың арасында болса сағат 2, оң қолға түссе сағат 3 болғанын меңзейді, ал, көлеңкенің ұзындығын табан өлшеммен алғанда әр табанды 5 минут деп есептейсіз. Қысқасы 2 табан болса 10 минут, 3 табан болса 15 минут, 4 табан болса 20 минут деп санайсыз. Осы уақыт санау тәсілі бүгінде мүлде ұмытылды емес пе?
Көлеңкем оң солдан сырғып, оң аяғыма қарай жылжығанда отардың басын ауылға бағыттаймын. Күн ұя­сына кіргенше, қой да қорасына кіріп үлгереді. Үйге жетіп, ентігімді басқанша екі көзім көшеде болады. Қойын іздеген кісі көрінбесе деген ішкі ойым маза бермейді. «Бүгін менің қойым өрістен келмеді!» деп еш пенде шағым айтпаса жүзің жадырап сала береді.
Бүгінде де қой кезек бар. Бірақ бұрынғы біздің бала күніміздей емес. Қой қоздаса дереу иесіне звандап, сүйінші сұрап, пәлен жерде тұр, алып кет дейді! Қойдың басын ауылға жібергенде шырт еткізіп суретке салып, «Ауылдастар» группасына салып, «қой­дың алдынан шығыңыздар» деп жазуды да ұмытпайсың. Тұяғы өскен ешкілердің не көксау қойдың иесін таба алмасаңыз «Мынау кімдікі, ертең өріске жібермей емдеңіз!» деген хат жазып қоя саласыз! Қой кезек бағуға қол тимесе, ақысына бағып беретін балаларға бақтыра саласыз.
Қой кезекке шыққан жас балаларға біздің бала шағымыздағы хикаяларды айтсақ, ертегі айтып отырғандай таң қалады. «Телефонсыз, дымсыз қалай уақыт өткіздіңіздер?» деген сұрақ белгісін көздерінен жазбай оқимын. Табанымызға кірген тікеннің жарасы жазыла бастағанда қайтадан қой кезекке шығатынымызды еске алсам, балалық шағы тәуелсіздікті енді алған жас мемлекетіміздің әл-ауқаты ауырлау кезеңімен тұспа-тұс келген жас өреннің отанға еткен еңбегі, бала көңілінің кеңдігі көз алдыма келеді. Сіз де осы бейнетті көрдіңіз бе, оқырманым?!

Мақпал МАРҚАБАЙ
01 тамыз 2023 ж. 1 236 0