ҚАН ЖҰҚҚАН БАЛТА
Көктем. Наурыз мерекесін тойлағаннан кейінгі күн. Кезекшілікті қабылдаған тергеуші кабинетке еніп, сейфтен қарақшылыққа байланысты қылмыстық істі алып, жоспар жасауга кіріскені сол еді телефон шыр ете қалды.
– Тыңдап тұрмын.
– Следователь! На выход!
Қайта сұрауға болмайды. Оперативтік кезекші – Руслан, бұйыра сөйлегенді жаны қалайтын майор. Өткен жиналыста ол «Оқиға болған жерге опергруппа кеш шығады. Оған көп жағдайларда себеп болатын тергеушілердің жайбасарлығы», – деп көсемсіген де болатын. Тергеуші оқиға болған жерді тексеруге арналған құжаттар салынған папканы алып, сыртқа шыққаны сол еді опергруппаға бөлінген «Уаз» автокөлігі гүр етіп оталды.
Оперативтік топ қаланың солтүстік-батысындағы көпшілік «Шымбай» деп атап кеткен жаққа бет алды. Сот-дәрігерлік сарапшыны жолай алып, жолайрықта орналасқан «Часон» кафесінен оңға бұрылды.
Екі жүз метрдей жерде көше бойында топырлаған адамдар. Оқиға болған жер қоршалмаған. Ол жерден жиырма метрдей жерде қоршалған аула жанында екі кісімен әңгіме дүкен құрып тұрған капитан шеніндегі аймақтық инспектор опергруппа автокөлігі тоқтаған жерге аяңдай басып келді де: «Осы көшенің тұрғыны, жұмыста жоқ, арақты көп ішетін қу, аты-жөні – Байболов Рустем, 1957 жылы туылған, бұрын сотталмаған, үйі ана-а-а-у тұрған қос столбаның қасындағы жасыл дарбаза», – деп көрсетті.
– Жақсы. Неге оқиға болған жерге бөгде адамдардың кіруіне мүмкіндік бердіңіз?
– Мен осы жерге келемін дегенше бұлар келіп қойған екен, мен не істеймін оларға.
– Мына жүрген кісі, қолында блакноты мен қаламы бар, ұмытпасам аты – Ахмет. Мамандығы – сантехник, әрдайым кісі өлімі, жол көлік оқиғасы болған жерде жүреді. Ол не істеп жүр?
Инспектор білмеймін дегендей бір иығын жоғары көтерді де, мәйітті иегімен нұсқап: «Әйелі екеуі тұрады, әйелі ЦКЗ-да күзетші, хабар бердік, келіп қалуы керек», – деді.
Куәгер болатын екі адам қалсын, блакнотқа түртіп жүрген ано-о-у, сантехник – «Шерлок Холмстан» бастап оқиға болған жерден алып кетіңіз. Кинолог жұмыс істесін. Сіз болған оқиға туралы кезекші бөлімге кім хабар бергенін, көрші-қолаңдардың не көріп-білгені бар, соны біліңіз, қайтыс болған адам туралы мәліметтер жинауға кірісіңіз, мен оқиға болған жер мен мәйітті қарауға кірісейін, – деді тергеуші.
Не істеу керек екенін өзім білемін – дегендей көз қыйығымен бір қарап қойып, «Шеф түсінікті», – деді ол. Кинолог Вася: «Альфа ищи-ищи» – дегенмен ит адамдар таптап тастаған жерді біршама уақыт айналып жүріп алды да, Байболовтың үйін бетке алды. Ізшіл ит отыз метрдей жер жүргесін қуыс көшеге бұрылып, ағаш қоршауды иіскелеп, көшеге қайта шықты да, қос столба жанындағы жасыл қақпаға барды. Вася тексермек болып, бірнеше рет жібергенімен, ит мәйіт табылған жерден шығып, қуыс көшеге сәл кідіреді де, жасыл қақпаға бара берді. Вася «Екінші итім бар еді, ол ауырып қалған соң мына итті алып шыққанмын, әлі жастау, ізге дұрыс түсе алмай жүр», – деп қояды итіне көңілі толмай, өзін кінәлі сезіне.
Аймақтық инспектор көпшілікке қаншама рет «Тарқаңдар, үйлеріңе қайтыңдар!» – дегенімен әлі де кете қоймаған көпшілік арасынан «Марқұмның әйелі келе жатыр, келе жатыр!», – деген дауыстар естілді. Топтан өтіп, мәйітке жақындаған бір әйел «Ой-бай, ой-й-бай! Жаным-ау!Не болды? Сұмдық – ай... Кім... мұны істеген, ой-й-бай? Кім өлтірген?», – деп бар дауысымен бақыра жылап, шашын жұлып, бетін тырнай өлі денеге қарай ұмтылды. Көршілердің бірі су алып келіп ішкізіп жатса, енді біреулері «Сабыр ет!» – деп басу айтып жатты. Көпшіліктен «Кәйтсін енді, Ақтөбеде тұратын баласына көшеміз» деп жүр еді» – дегендер де болды.
Тергеуші де оқиға болған жерді жалпыдан жалқыға деген қағидамен кісі өлімінің қаланың қай бағыты мен бөлігінде, қай көшесінде болғанын хаттамаға түсіріп болып, енді сот-дәрігер сарапшысының көмегімен шалқасынан жатқан мәйітті тексеруге кіріскен. Үстіндегі киген киімін хаттамаға түсіріп болған соң, сарапшы: «Сол жақ құлақ тұсынан иегіне дейін ұзындығы он үш сантимер және оң жақ құлақ үстінде ұзындығы он сантиметр қатты өткір затпен шабылғаннан түскен жарақат бар. Сол жақтан алған соққыдан астынғы екі тісі сынған, оң жақтағы соққы бас сүйегін жарып өткен» – деген қорытындыға келді.
***
Таңертең оперативтік кезекші тәулік бойы он жеті дерек бойынша жинақталған құжаттармен бірге кісі өліміне қатысты қылмыстық істі, сот-дәрігерлік сараптама тағайындау қаулысын бөлім бастығының бірінші орынбасарының столына қойды.
Сағат он шамасында кезекшілікті тапсырып, үйіне келген тергеуші төрт-бес сағат дем алып, түстен кейін сарапшымен кездесті. Қаулымен танысып шыққан сарапшы:
– Т-ә-ә-к бірінші сұрақ – «Өлім себебі қандай?» – депсіз.
Өлім себебі – қатты өткір балта сияқты затпен басының оң жағынан ұрғаннан болған. Міне байқадыңыз ба, бас сүйекті жарып, тікелей миға қадалған.
Өзіңіз білесіз, өлімді екі сатыға бөлеміз. Клиникалық және биологиялық деп. Клиникалық өлім бірнеше минутқа созылып, биологиялық өліммен жалғасып кетуі мүмкін. Клиникалықтан адам қайта тіріліп кетуі де мүмкін. Биологиялықтан, өкінішке орай, адамның қайта оралуы мүмкін емес. Биологиялық өлім қас қағым сәтте болған дейміз.
Келесі сұрақ... т-ә-к... «Мәйітте қандай жарақаттар бар?» – деген екен. «Бар болса – пайда болуы мен орналасуы?» – депсіз.
Мәйітте, өзіңіз көргендей, сол жақ құлағының тұсынан иегіне дейін ұзындығы он үш сантиметр жарақат пен басының оң жақ құлақ тұсынан үш сантиметр жоғары қарақұсқа қарай ұзындығы он сантимер жарақат бар. Сол жақтан алған жарақаттан үстіңгі алтыншы-жетінші тістер сынса, астынғы жақтан бесінші-алтыншы тістер сынған. Денеде басқа жарақат жоқ.
Екі соққы да тірі кезінде салынған. Өлімге себеп болған – бастың оң жағынан алған соққы.
«Жәбірленуші жарақат алу кезінде отырса керек. Соққы жарақаттың тереңдігі мен ізіне, бағытына қарағанда жоғарыдан төмен салынған. Тұрған адамға мынадай жарақат салу мүмкін емес.
Т-т-тәк... «Жарақаттан кейін жәбірленушінің қозғалуға, айқайлауға мүмкіндігі болды ма?» депсіз. Бірінші жарақаттан кейін қозғалуы, айқайлауы мүмкін. Екінші соққыдан кейін мүмкін емес. Келесі сұрақ – «Алған соққылардан кейін қан көп мөлшерде ағады ма»? Әрине, себебі: соққы тиген жерлерде қан тамырлары көп орналасқан. «Мәйіттің позасы, яғни, қалпы өзгерген бе, өзгерсе қанша уақыттан кейін, мәйіттің алғашқы қалпы қандай болған»? – депсіз. Кеше мәйітті қарау барысында кеуде тұсын ашып тұрып көрсеттім. Мәйіттің қалпы өзгерген. Алғашқыда мәйіт етпетінен жатқан. Аяғы бүктетіліп жатуы да мүмкін. Суға батқан, өртке өртенген адам кездейсоқ өлсе бүктетіліп жатады, оны «поза боксера» дейміз. Ғылымда мұны адамның жаратылу кезіндегі ана құрсағындағы позасымен байланысты болады – дейді. Енді бір нәрсе бар. Сараптамаға қатысы жоқ, сонда да айта кетейін: мәйіт табылған жер – ойлы-шұқырлы. Сол жерде өлген болса – аяғы ойға қарай иілуі керек еді. Иілмеген. Бас жағы да ойлау болғанмен, толық иілмеген. Менің болжауымша мәйітті ол жерге біз барғанға дейін екі сағат, асып кетсе үш сағат бұрын тастап кеткен. Келесі сұрақ: «Қорғану белгісі бар ма»? – дегенсіз. Жауап – қорғану белгісі жоқ.
– Қылмыскер жәбірленушіні жақсы тануы мүмкін бе? – дейсіз.
– «Мүмкін, мүмкін емес» – деп қорытынды беру менің құзырыма жатпайды. Ондай қорытындыға ішкі сенім мен түйсікке негіздеп тергеуші, прокурор, сот келе алады емес пе, інім, – деп жымиып қойды сарапшы.
– «Жәбірленуші қайтыс болғанға дейін ішкен. Қандағы спирт құрамы орта дәрежені көрсетіп тұр. Тамақтанған. Тамақтанғанда..., қалай айтсам екен тамақтанып отырғанда соққы алу да мүмкін. Асқазандағы жеген наны мен рожкиі, жұмыртқасы мүлдем қорытылып үлгермеген. Дәже... тамақ қалдықтары ауыз қуыстарында да қалған. Т-ә-к. Сұрақ: «Қаны қай топқа жатады?» Жауап: Үшінші топ. Енді қаулыңызды тастай қойыңыз, өтініш деген соң шаршасам да жеделдетіп ауызша беріп тұрмын. Ресми сараптама қорытындысын екі күннен кейін алып кетерсіз. Жәрай ма?!
– Болды-болды Сәке! Көп-көп рахмет! Енді киімдерін алып кетсем болады ма?
– Ох-хо-о-о! Мен ұмытып бара жатыр екенмін. Бір қызығы – мәйіттің сырт киімі – күртесінде ешқандай қанның ізі жоқ. Ә, интересно?!
– Сонда қалай, күртені кейін кигізген бе?, – деген сауал Тергеушінің ішінде кетті.
***
Жиналыстан шығып, кабинетке келген тергеушіге кезекшілікке түскен майор Сағынбаев Талғат «Төменде кезекші бөлімге бір әйел мен жас жігіт келіп, айқай шығарып жатыр, айтуына қарағанда Шымбайдағы убийствоға қатысты-ау», – деді.
Іштей «келгендері жақсы болды ғой» деп ойлап, дереу төмен түскені сол еді, мұны көрген беттен: «Сендер не істеп жүрсіңдер?», – деп айқайға басқан әлгілер: «Өткенде, анау аты кім еді, Руслан ба, Расул ма, бітті, өлтірген адам белгілі, бүгін ұстап, қамауға аламыз», – деген еді», – деп барып тоқтады. «Самал сұмырайдың үйіне өзім де іздеп бардым. Қанға қан деп. Таппадым. Бұрын сотталған, адам тонаған – дейді. Қанішер, оңбаған».
– Сабыр етіңіз апа! Алдынан жарылқасын, иманы саламат болсын жолдасыңыздың.
Тергеуші Байболовтың әйелін сабырға шақырып, жәбірленуші ретінде жауап алды да, кезекші бөлімнен шығарып салғаны сол болатын, кезекші бөлімнен қайта айқай шықты. Таныс дауыстар. Тергеуші бірінші қабатқа түсті. Бұрышта жасы отыз-отыз бес шамасындағы ұзын бойлы арықша жігіт, ортада жедел уәкіл Желдірбаев Руслан, кезекші бөлімнің алдында Байболовтың әйелі тұр екен.
– Қанішер, оңбаған! Түбіне жетіп біттің сен! Ойбай-ой-бай! Қайтсем екен?! Осы тұрған жеріңде өлтіре салар ма еді!
– Апа! Менің бұған еш қатысым жоқ.
– Не дейді, мына қанішер, бандит? Оңбаған...
Долдана ұмтылғанымен жете алмасын білген соң ол қалтасынан алған бір бума кілтті Сәулебековке қарай лақтырды. Баласы:
– Ей... есек! Козел! Мен сені Қызылордада жүргізбеймін. Жүрмейсің!
Кезекші бөлім қызметкерлері Байболовтың әйелі мен баласын күштеп сыртқа шығарса, тергеуші мен жедел уәкіл күдікті деп бөлімге алып келген Сәулебековті екінші қабатқа алып кетті.
***
Тергеуші қажетті құжаттарын сөмкесіне салып, Байболовтың денесі табылған жерге жақын орналасқан үйлерден жауап алуға шықты. Көрдім, білдім деген жан жоқ. Тек жасы жетпістен асқан ішкі істер органынан зейнетке шыққан Жақып қария ғана: «Диабетпен ауырамын, сол күні танертең сағат төрттер шамасында кіші дәретке аулаға шыққанмын. Дәретхана жаққа барғанымда көшеде адамның аяқ дыбысын естідім. Қора қаңылтырмен биік етіп қоршалғандықтан ол адамды мүлдем көре алмадым. Түшкірді. Әйел адамның түшкірісіне ұқсаттым»,- деді
– Сәулебеков Самал туралы не айтасыз?
– Жаман жігіт емес, жас кезінде біреулерге еріп, тентектік жасап, сотталғаны болмаса, – деді.
Сұрастыру жұмыстарын жүргізген тергеушіге сол маңдағы көршілер де «Самалдың ешкімге зияны жоқ жігіт» - дегенді айтты.
Зейнет жасындағы анасы: «Самал үйде жоқ, милиция үйге келгенде сарайға тығылып қалып, ол кеткен соң көшеге шығып кетті. Қайда кеткенін білмеймін. Өзіміз де таба алмай отырмыз, баламды кінәлі деп ойламаймын»,- деп жауап берді де келінінің мектепте мұғалім болып жұмыс істейтінін айтты. Келініне арнайы шақыру қағазын тастап, тергеуші Байболовтың үйіне қарай беттеді. Көршілерден Байболовтың отбасы, кәсібі, мінезі, араласатын ортасы туралы жауаптар алып болған соң, тергеуші криминалисті күтті. Ондағы ойы – Байболовтың үйіне тескеру жүргізу. Көп кешіктірмей тергеу чемоданын алып криминалист Алдонғаров та келіп жетті.
Үйде Байболовтың Ақтөбеден келген ұлынан басқа адам жоқ. Тергеуші келген мақсаттарын түсіндіріп, екі көрші-куәгерлердің қатысуымен тексеруді бастап кетті. Тексеру барысында тұрғын үйдің ас дайындайтын бөлмесінен ағаш сапты балта, ыдыс қоятын шкафтың астынғы сөресінен консерв қалбырына салынған төрт дана темекі қалдықтары, шкафтан бес дана, «Мөлдір» арағының бөтелкесінен үш, екі стаканнан бір-бірден қол саусақ іздері алынды. Қалалық ішкі істер бөліміне келген сәттен тергеуші дереу биологиялық, физика-техникалық, криминалистикалық сараптамалар тағайындады да, Сәулебеков пен оның әйеліне қоятын сұрақтардың жоспарын жасауға кірісті.
Тактикалық жағынан алғанда дұрыс болар – деген оймен жауап алуды Сәулебековтің әйелінен бастады. Мектепте мұғалім болып жұмыс жасайтын әйелі күйеуінің еш кінәсінің жоқ екенін, милиция іздеп келгенде сарайға тығылып қалып, олар кеткен соң қашып кеткенін, түнде үйге тығылып келіп, Байболов Ерболдың үйінде онымен денесі табылардан екі күн бұрын екі бөтелке арақ алып барып, біреуін толықтай, екіншісін жартылай ішкенін, оған темекі алып бергенін, ертеңіне Байболовты мүлдем көрмегенін айтқанын жеткізді.
Жауап алу хаттамасына қол қойдыра бергенде кабинеттегі телефон шыр етті. Телефон тұтқасын көтерген тергеушіге кезекшінің көмекшісі: «Бір әйел тергеушіге кіремін, болмаса бастыққа шығамын» – деп айқай шығарып жатыр, не істейін?» – деді.
– Сәл кідіре тұрсын.
Тергеуші Сәулебековтің әйеліне хаттамаға қол қойдырып шығарып салғалы жатқанда кабинетке кіріп келген Байболовтың әйелі тергеушіге: «Кеше неге рұқсатсыз...», – деп айқайды бастап келе жатып, жас келіншекке көзі түсті де: «Қарабет, Оңбаған! Қанішер байыңды қайда тығып қойдың» – деп айқайды үдете түсті. «Апа! Күйеуімнің еш кінәсі жоқ», – деуге ғана шамасы келген келіншек қол орамалымен бетін басқан күйі жылап кабинеттен шығып кетті.
Енді тергеушіге қарап: «Мен жоқ кезде үйдің астан-кестеңін шығарып тінтуге қандай хақыңыз бар, балтаны неге рұқсатсыз аласыңдар, погон тақтыңдар бітті ойларыңа келгенді істеулерің керек пе, мен баратын жерге барамын. Көрсетемін әлі», – деп долданған ол кабинеттен шығып бара жатып «Балтамды беріңдер, отын жаруға керек», – деді.
– Апа! Үйіңізге барғанда біз тінту емес, оқиға болған жерге қарау жүргіздік. Ол бұндай жағдайда міндетті түрде жүргізілетін тергеу әрекеті болып саналады. Балтаңызды зерттеу жүргізіп болған соң өзіңізге қайтарып береміз. Кешіктірмей қайтарып береміз.
– Олай болса, мен дәл осы тұрғанда бастықтарыңа кіремін.
Ол есікті тарс жауып кабинеттен шығып кетті, бірақ ол ертеңіне жауап беруге келетінін білмеген еді. Келесі күні тергеуші Байболовтың әйелі Каримадан жауап алды.
– Сіз Рүстем қайтыс болған күні жұмыста болдым дедіңіз ғой?
– Иә. Не енді адам өлтірген қанышерді қамауға алудың орнына менен күдіктенейін дедің бе?
– Біздің бастықтар да қызық, мынадай аса ауыр қылмыс болған кезде жұрттың барлығын қылмыскердей көреді де жауап ал жауап ал деп шаршатады. Сіз күйеуіңіз қайтыс болатын күні жұмыста болдыңыз ғой?
– Иә. Менің жұмыста болғанымды растайтын дәлел кезекшілікті қабылдап алу мен өткізу журналында тұр.
– Оныңыз рас. Мен арнайы адам жіберіп тексерткенмін. Кезекшілікті Исмайловтан қабылдап, Өміртаевқа тапсыруыңыз керек.
– Иә. Сол шалға тапсыруым керек.
Тергеуші өзінің позициясын білдіріп қоймау мақсатында іске тікелей қатысы жоқ, жауабын алдын-ала тексеру арқылы өзі біліп отырған жанама бірнеше сұрақтар бере бастады.
– Кезекшілікке қай кезде түсесіздер?
– Кешкі алтыда.
– Күйеуіңіздің қайтыс болғанын кімнен естідіңіз?
– Учасковый адам жіберіпті. Суық хабарды естігеннен кейін есім шығып, оның кім екеніне де мән бермеппін.
– Кешкі асты үйден дайындап барасыз ба?
– Ол жерде ас дайындауға жағдай жоқ. Үйден дайындап барамын.
– Кезекшілікте неше кісі болып тұрасыздар?
– Бұрын ЦКЗ жұмыс істеп тұрғанда бірнеше адам тұратын. Кәзір қақпада бір адамнан ғана тұрамыз.
– Күйеуім үйде жоқ болатын. Палауды стол үстіне қойып, өзі шәйін дайындап ішер деп кеттім дедіңіз ғой.
– Иә.
– Үйдегі перекидной календарьді кім пайдаланады?
– Күйеуім ішкені болмаса тарихи даталарға көп мән беретін, сол өзі базардан тауып, сатып әкелген. Менің оған қарауға құлқым да, уақытым да жоқ.
– Темекі тарту, спирттік ішімдік ішу дегеннен қалайсыз?
– Темекі тартпаймын, спирттік ішімдікті той-томалақта аздап қана көретінім бар.
Тергеуші тағы да білгісі келген негізгі сұрақты «Күйеуіздің бас киімі бар ма, киген шалбары, көйлегі қандай болатын» – деген жанама сұрақтар астарында күртесі туралы сұрағанда әйел: «Ол күртесін көп кимейтін, сол күні қайдан тауып киіп алғанын білмеймін» -деді.
– Жарайды апа! Сіз де шаршадыңыз, мен де шаршадым, осымен доғарайық. Бүгін кезекшілікке де түсесіз. Бүгін сейсенбі, ертең жақсылап дем алып, бейсенбі күні сағат онда келіңіз. Шақыру қағазын бермеймін. Ох, апа мен ұмытып барады екенмін, ертең Арал ауданына іссапарға баруым керек екен ғой сонда кетемін. Уайымдамаңыз. Сіздің шаруаңызбен жігіттер айналысып жатыр.
– Өткендегі Руслан деген қызметкерлерің әлгі оңбағанды... «Ах-ах, апшу-апшу-апшу» деп үстін-үстін үш рет түшкіріп алды да, жан қалтасынан алған орамалымен бетін сүртіп жатып: Әлгі қанішерді қамап тастаған шығар. Көктемде аллергиям бар еді, – деді.
– Сау болыңыз, апа.
Тергеуші оны тез шығарып салу үшін стол үстіндегі телефон тұтқасын көтере сала «Міне шығып жатырмын», – деді де, телефон тұтқасын қоя сала қағаздарын жиыстыра бастаған болды.
– Әлгі оңбаған не дейді?
– Жұмыс істеліп жатыр, Аралдан келген бетте сізбен міндеттті түрде хабарласамын.Сау болыңыз, апа.
– Жәрайды. Әйел іштей «тергеуші қарапайым, әрі болбырлау екен» деген оймен кабинеттен шықты.
***
Тінту жүргізілгеннен кейін үш күн өткен. Кариманы жұмыс орнынан алдырған тергеушіге Карима дүрсе қоя берді.
– Неге қылмыскерді қамауға алмағансыңдар. Жүр ғой талтаңдап.
– Апай! Қылмыскерді дәл осы сәтте қамауға алғалы отырмын. Хаттаманы жазып қойғанмын. Қылмыскер дәл осы сәтте маған қарама-қарсы отыр. Ол – сіз.
Тергеуші онан әрі көп сөзге келтірген жоқ.
– Ескертіп қояйын, Қылмыстық заңда қасақана кісі өлтіру деген бап бар. Сонда қандай ниетпен өлтірген, яғни кісі өлтіруге итермелеген мән-жай көрсетілген. Сіздің күйеуіңізді өлтірген себебіңіз – үйді бірінші әйелден қалған ұлға береді – деп ойлағансыз, сол себепті Ақтөбеге көшу керек деп күйеуіңізді көндіруге тырысқансыз. Ол көнбеген.
– Маған адвокат керек,
– Адвокат болады. Мен ойымды айтып болайын. Енді қылмыстық заңның бабы бойынша пайда табу мақсатында кісі өлтірсе жазасы ауыр. Іс дәлелденіп тұр, сіз сәл сабыр сақтап тыңдаңыз. Үй туралы айтып отырмын, түсініп отырған шығарсыз. Ату жазасына дейін көзделген. Ойланыңыз. Енді сіздің күйеуіңізді өлтіргеніңіз кешегі тінту – линолиумның астын айтамын. Сараптама қорытындысы еденге төселген полдың дейміз ғой, арасынан сүрітінді алғанбыз. Сол сіздің күйеуіңіздің қанымен сәйкес деп беріп отыр. Сіз кешкілік жұмысқа кетерде күйеуіме палау дайындап беріп кеткенмін десеңіз, сараптама қорытындысы асқазанда қорытылмаған рожки мен жұмыртқа бар, даже жұтып үлгермеген деп көрсетіп отыр. Сіз ерекше түшкіресіз ғой, үш реттен. Оң жақтағы көршіңіздің бірі сіздің таңертеңгі түшкірігіңізді есіне жақсы сақтап қалыпты. Күнтізбе, иә, календарь дейміз ғой, күйеуіңіздің сіз айтқан күні қайтыс болмағанын айтып тұр. Олай дейтінім кейде адамдар емес, заттар адамдар туралы көп мәселені айтады. Үстіңізге киген жұмыс орны берген көкшіл халат пен күйеуіңіздің күртесі арасында үйкелістің болғанын көрсетіп отыр. Сараптама бар бізде...микро бөлшек деп аталады..
Тергеуші асықпады.
– А-а-а...Тағы да...темекі шегеді екенсіз. Оны күйеуіңізге сіз қылмыскер деп жүрген жігіт алып берген темекі қалдығынан байқадық. Ол кісі күйеуіңізді айтамын, темекі шеккенде фильтрлі жағын тістеп шексе, сіз олай тартпайсыз. Сараптама темекі тұқылындағы сілекей сізден қалған дейді.
– Тағы да айта берейін бе? Айтайын. Ұйқыны жек көрмегенсіз күйеуіңізді өлтіргенше. Онан кейін ұйқы қашты. Жұмыстастарыңыз «Бұрын бөткенің есігін қағып, зорға оятып алатынбыз, енді таңертең территорияда жүреді дейді... Ұйықтатпайды, ұйықтатпайды. Не дейді сонда. Күйеуіңізді айтамын. Балта, балта... Иә, сіз қанша жуғаныңыбен балтаның сабына сіңген қан да күйеуіңіздікі болып шықты. Қорытындысы – міне. Есіңізде ме, балтаны көрші-қоламға берген жоқ па едіңіз – деп сұрағаным. Сіз «Жоқ»-деп жауап бергенсіз.
Тергеуші өз дәйегін айтқан сайын байқауда,Кариманың өңі қашып, мазасы кетуде. Еркін отырған Карима тыпыршып, аяғын қозғалта бастады. Енді саусағы дірілдей бастады. «У-ф-ф» – деп терең күрсінді.
Тергеуші «Тағы да қол саусақ іздері мен иісшіл ит», – деп бастай бергенде Карима қалтыраған оң қолын көтеріп: «Болды жетеді, балама қай бетіммен қараймын енді, сайтан түртті мені. Жаным-ау кешір, кешірші мені. Асықпа, жетемін артыңнан. Рүстемжан кешір, кешірші Рүстемжан. Бақидағы менің бара жерім – тозақ, тозақ», – деген күйі мұздан тайғанағандай орындықтан сырғый түсіп, еденге сұлқ түсті.
Орынбек АСЫЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Запастағыполиция полковнигі