№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мен неге қол алысып амандаспаймын

Мен неге қол алысып амандаспаймын


Ауылда өстік. Жасы үлкен аталар мен ағаларымызға ауыз толтырып “Ассалаумағалейкүм” деп, ал апа-әжелерімізге “Сәлем бердік” деп амандасуды бізге әке-шешеміз үйретті. Беталды ешкімге қол созып жүгірмейтінбіз. Үлкендер өздері алдымен қолын беріп амандасып жатпаса, жасы кіші тұра шаппайтын. Бұны қазақы һәм мұсылмандық әдеп пен әдет деп әкем үйретті. Тасқа түскен таңбадай болып осы әдет әбден сүйегімізге сіңіп қалған болатын. Бірақ бертін келе қол алысу қоғамның ажырамас бір көрінісіндей болып көрініп, қала тірлігі бізді өзінің алақұйын иіріміне тартып әкетті. Сол иірімге жастықпен біз де топ ете түстік.


Әкемнің ақылы, атамның нақылы далада қалды. Өзіміз де әке болып, оң-солымызға қарайтын жасқа келгенде ата-ананың ақылы жадымызда жаңғырып, балалық шақтағы ұстанымға қайтып оралдық және өзіміздің бұл іс-әрекетімізді ақтайтын, мұның дұрыстығына дәлел болатын ілім-білім көздерін іздей бастадық. Іздедік те таптық. 1388-1478 жылдар аралығында өмір сүрген, ұлтымыздың ғұлама ғалымы, шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» атты еңбегінде сәлемдесу жөнінде Әз-Жәнібек ханмен болған сұқбатында айтқанын оқып қалғанымыз бар. Хан шипагерден қазақ халқының өсімін қалай көтеруге болады, неден сақтану керек деп сұрайды. Жаугершілік заман ғой. Қазақтың еркек кіндіктері соғыстан өліп азайып жатыр.
Ол аздай әр түрлі індет жайлап, халық оларға қарсы ем таппай қырылып, азаю тоқталмаған кезең. Хан осыған тоқтам бола ма, былайғы күнде қазақтың өлімін қайтсек тежейміз деп басы қатып, шешек секілді дерттердің емін тапқан Өтебойдақ атамыздан сұрап отыр ғой. Сонда ғұлама жеті атадан асырып барып, сегізінші атадан қыз алысуды хандық құзіретіңізбен нықтасаңыз және ет жақын адамдар болмаса, онда да сағынысып-көрісетін кездерде ғана қол алысып амандассын, қазақ басқалармен кез-келген жерде тек қолын жүрек тұсына қойып, ауызша амандасса асыл, сосын беттен сүйісуге тыйым салыңыз депті. Беттен сүйісу де тек ет жақындар арасында, бірін-бірі қимас жандар ортасында болатын жай болсын деп кеңесін береді. Әйтпесе халықтың соғыссыз-ақ іштен іріп-шіруі, тексізденуі, кез-келген ауруға қарсы тұра алмай бостан-босқа өлуі тоқталмайды, жалғаса береді деп шипагер ханның көзін жеткізеді. Әз-Жәнібек хан жарлығын шығарады. Сөйтіп қазақ ұлты қан уылмалық ауруынан ада болып, халықтың денсаулығы жақсарып, аурушаң ұрпақтың орнын дені сау ұрпақ басып, өмірге текті қазақтар келеді. Осы тектілігіміз үзілмей келе жатқан әлемдегі бірден-бір ұлтпыз. Біз ауылда үлкендердің қолына су құйып, алғыс-батасын алып өстік.
Сонда байқаған мына жайттар әлі көз алдымда. Қолын шайып, төрге озған қонақтар жайғасып қалғаннан кейін кешігіп келгендер болса, олар жалпымен «Ассалаумағалейкүм» деп дауысын созыңқырап қана амандасады. «Ассалаумағалейкүмдер» демейді, «у» дыбысын ғана сәл соза қояды. Ең бастысы ешкімге қолын созбайды, дастархан жайылған соң қол алысу деген мүлдем болмайды. Мұның себеп-салдарын үлкен-кіші біледі, білмегендері болса да бұдан ешқандай сұрақ тумайды, барлығы ақ дастарханды сыйлайды. Ал кейін көрдік қой. Пәлен адам төрде отырады, сырттан келген адамдар жапатармағай қол алысып амандасады. Олардың қолымен не ұстап, не істеп, нендей пәлекеттерді жұқтырып әкелгенін кім білген, ешкім білмейді ғой. Сосын олар қол шаюға кетеді. Тіпті қолын шайып келе қойсын, одан ештеңе өзгермейді, тек ата салт-сана, дәстүр бұзылады. Көзге көрінбейтін микробтар ақ дастарханды жағалай жайғасқандардың қайсысына ауру болып жармасты, ол одан аман қала ма, жоқ па, тағы ешкім білмейді. Ертеңіне болмаса, бірнеше күннен соң біреулердің дәм-тұзы тауысылып жатса, немесе айықпас ауруға шалдығып жатса, оны пәленшенің үйінде түгеншемен қол алысып амандасқаннан болып еді деп ешқандай дәрігер, ешбір тәуіп анық себебін айтып бермейді. Вирус жайылды. Бітті шаруа. Біздің ата-бабамыз осындай жағдайдың алдын алған. Адам баласының алақаны мен табанын түз тағысы қасқырлар да жемейді. Неге? Өйткені адамның алақаны мен табанында оның денсаулығын қорғайтын Құдай-Тағала беріп, қаруландырып қойған «антисептик» бар. Ол 4-5 минөт сайын түлеп, жаңарып, жаңа жұққан микробтармен күресуге дайын тұрады.
Бірақ күндегісін-күнде, әр сәт сайын аяқ пен қолымыз іс-әрекетте болып, баспайтын жерді де басып, ұстамайтын нәрсені де ұстап жататын болғандықтан алақанымыздың (табанды қоя тұралық) жаңарып үлгеруі де қиын, онымен есіктің тұтқасын, тиын-тебенді, телефонды және күніне кем дегенде 30-40 адаммен амандассаң, ол қайдан жаңарсын. Тазарып, жаңа қауіпті залалсыздандыруға үлгермейді. Иә, арасында қолыңызды сабындап тұрып бір жуарсыз, ол жақсы. Алайда ол да мүмкін болмай қалады емес пе? Сондықтан бұрынғы ата-бабамыз сияқты оң қолымызды жүрек тұсына қойып, ауыз толтырып: «Ассалаумағалейкүм» немесе «Уағалейкүмассалам» деп амандасудан артығы, абзалы жоқ. Осы бір әрекетіңізбен Алланың сәлемін таратып және өзіңізді де, өзгелерді де көзге көрінбейтін пәледен сақтайсыз. Ауызбен амандасқаннан кейін қол алысу артық нәрсе. Мен өз басым ата-бабамыздың осы амандасу дәстүрін ұстанам, жұрттың көзқарасы, пікірі маған қызық емес, бастысы ата салт-санаға адалмын һәм менен ешбір адамға төнетін қауіп жоқ. Үнемі дәретпен жүрем. Алланың жерін дәретсіз һәм зікірсіз баса алмаймын.
Мен біреудің шекарасына кірмедім, оны құрметтедім, шын жүрегіммен амандастым. Алла мендегі ниет пен амалды көріп тұр. Бұл тұрғыдағы ой тұжырымымды өрістете түссем, мен өзгелердің территориясына қол сұқпауды қасқырлардан үйрендім. Иә, қатесіз түсіндіңіз, қасқырлардан. Қасқырлар бір-бірінің шекарасына кірмейді, дала заңын қатаң сақтайды. Аңшылардан қашып келе жатқанның өзінде басқа бөрінің шекарасына тап келсе, кілт бұрылады. Оққа ұшса да қандасына кесірін тигізбейді. Бөрілер егер өзінің ет жақын үйірі болмаса, бөтен үйірге жетіп барып иіскелеспейді. Олар да дыбыс шығарады. Ұлып, үйір-үйір қасқырлар аман-саулық сұрасады, түгендеседі, бар-жоғын анықтап және белгілі жерде қандай көкжалдың үйірі мекен ететінін басқалардың қаперіне салады. Міне, біздің арды ойлаған аруақты аталарымыз да көп нәрсені осы көкжалдардан алған деп ойлаймын, осыған сенемін және мұны мен ұлттық ерекшелігім ретінде мақтан тұтам. Бұл біздің халыққа Тәңір-Тағаланың берген асыл нығметтерінің бірі де бірегейі. Алланың оған сәлемі болсын, Алланың сүйікті құлы Әзір Әлидің жеті күшінің бірі көкбөрілерде дейді.
Осы қасиетті білген біздің батыр бабаларымыз тектілікке кір келтірмеуді өзіне ар, бұлжымас парыз санаған. Қолбасшы түмен әскерімен қол алысып амандаспайды. Әскери тәртіп солай. Сардар мен сарбаз, жай қатардағы жауынгерлер де бір-бірімен ауызша амандасады. Әскердегілер қол алысып жүрсе қарайған уақыт жоғалады, бірі жұқпалы ауру болса, қалғандарына жұқтырады. Сол себепті кез-келген елдің әскері қасқырлардың тәртібімен үндесіп жатыр. Мұны да Отан қорғау ісіне енгізген ат пен қыран құсты қолға үйреткен біздің бабаларымыз. Қасқырды ғана қолға үйрете алмаған, алайда оның аспан асты, жер үсті бар болу, тірі және жауынан ірі болу саясатын, әдіс-амалын үйренген, өзге аң мен құс тап қасқырлар сияқты біздің ата-бабамызға сабақ бере алмаған. Табиғаттың осындай тылсым сырларын ашқан атам қазақ Жаратқанның жерінде салмақпен жүріп, сәлемдесуден бастап бүкіл іс-амалда сабырлы болып, тақуалық пен тектілігін қолданған, оны көзінің қарашығындай сақтаған.
Осы тұста ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановтың Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының құрметті ака­демигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Шәлекеновпен «Дәстүр» журналындағы сұқбатынан сәл мысал келтірсем деймін. Сұқбатта біраз нәрсе қамтылған, сонда көпті көрген, көп білетін оқымысты ағамыз: "Түркі халықтарында жасы кіші адам бұрын сәлемдеседі. Егер үлкен адам бұрын амандасса, оған жауап беріп, қайтара сәлемдеседі. Бұл жастардың үлкенді сыйлайтынын білдіреді. Себебі, кейінгі буын алдыңғы буынға қарап өседі, бой түзейді, тәрбиеленеді. Беттен сүйіп сәлемдесу Еуропадан келген. Жастар да, үлкен-кіші де әсіресе, қалада сүйісіп сәлемдесетін жағдайға жетті. Сондықтан ежелгі ата-бабалар мұра етіп қалдырған сәлемдесуді қайта жаңғыртып, тек оң қолмен сол жақ төсімізді басып, бас иіп сәлемдесейік! Мұндай әдемі амандасу басқа этностарда кездеспейді. Тәуелсіз еліміздің Әнұраны айтылғанда ежелгі салтты ұстанып, оң қолымызды сол жақ көкірегіміздің тұсына қойып тыңдап, құрмет көрсетіп жүрміз. Осыны неге күнделікті тіршілікте қолданбасқа?!» деген екен. Және бір мысал. Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Бабақұмар Хинаят:
– «Сәлемдесу – коммуникативтік мәдениеттегі ең үлкен басты критерий. Моральдық этикалық норма, қалыптасқан үрдіс» дей келіп: «Қазақта қол алысып амандасу болмаған. Қазақта еркек адамның қолын қысып амандасу да жоқ болған екен. Амандасудың да өзінің этикет нормалары бар. Үлкен адам қолын беріп, ишарат танытпаса, жас адам барып оның қолын алмайды. Қолын ұстау деген коммунистер мен большевиктерден жұққан қатер" деп тұжырады. Бұл рас әңгіме. Патшалы орыс империясының отарлау саясатын аяғына дейін жеткізген коммунистік идеяны жалаулатқан қызылдар үкіметі социалистік құрылыс кезінде он бес елді билеп-төстеп, біз секілді қыран қиялды, қасқыр жүрек, жылқы мінез, дала заңын ұстанған ұлтты имансыз етуге күш салды. Олардың көсемдері телеэкранда төстеріне орден-медаль тағып, бір-бірін былш-былш сүйіп жатты.
Қазақ: «Сәлем – сөздің анасы» дейді. Сәлем ана болса, онда оны әлгіндей лас әрекепен былғамаған. Иә, біз ешкімге еліктемей өзіміздің ата салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды ұстансақ, әлі кеш емес, бұл ұрпақтың сау-саламаттылығы мен иман тектілігіне оралтатын тура жол! Әйтпесе, қазіргі қоғамда сапырылысып жатыр. Ерлермен ерлер қол алысуы аздай еркек пен әйелдер қолмен амандасатын күйге жеттік. Бұл шариғатымызға да қайшы. Осындай келеңсіздіктерден сақтайтын бірден-бір жол – төл табиғатымыз, ата салт, ата дәстүріміз дер едік. Мені тәрбиелеп кеткен ата-анамның һәм қолына су құйып, ақ батасын берген ақсақалдар мен әжелердің ақылы мен көрсеткен өнегесін көппен бөлісуді міндет санадым. Ештеңені ойдан, жанымыздан шығармадық. Алланың сәлемін ауызбен, сөзбен жеткізіп, өзгенің тән және жан тәуелсіздігін сақтағанымның өзін Әс-Сәләм Алланың ризашылығы үшін атқарайық. Тәуелсіздік деген өзіңді сақтаудан, өзгенің құқына қол сұқпаудан басталады. Он сегіз мың ғаламның жалғыз иесі Құдай-Тақ-Алла адамзаттың мына дүниедегі құқын сақтап қойған, барлығы ерікті, барлығын ризығымен жарылқап тұр.
Ендеше біз неге дін-имансыз большевиктер мен коммунистердің өмір ұстанымын ұстын көріп, малдануға тиістіміз? Елдің тәуелсіздігі - ердің тәуелсіздігінен басталады екен, бір-бірімізбен шын жүрекпен, ақ ниетпен, кең пейілмен амандасуды жолға қойсақ, ұлтымыздың ұйысуы мен текті болуына жол ашамыз! Ата-бабамызға ұқсай алсақ, бұл өткелектен де аман-есен өтеміз. Ең бастысы аманатқа адал болсақ екен!

Мұнайдар Балмолда,
Орал қаласы


20 қазан 2021 ж. 1 495 0