Қараусыз бала қауіпке ұрынады
Елімізде әр түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға түскен балалардың 70 пайызы ата-анасының қарауынсыз қалған жағдайда орын алады екен. Сабақ онлайн өтіп, ата-ана жұмысбасты болған шақта жасөспірімдер арасында қауіп-қатер көбейді. Осы мәселеге назар аударған аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысын өткізіп, әлеуметтік жағдайды талқылады.
Коммиссия отырысына тиісті cала басшылары, Жаңақорған аудандық прокуратурасының аға прокуроры М. Ендіберген және жергілікті БАҚ өкілі қатысты. Басқосуда аудандық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Алдабекова аудандық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық, қорғаншылық органның атқарылған жұмыстары жөнінде түсіндірді. Бас маман ауданда 18 жасқа дейінгі 32502 бала ресми тіркелгенін, оның 17770-і мектепте білім алатынын айтты. Ресми мәліметке жүгінсек, 16 тұл жетім, 19 ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның ішінде 1 жетім балаға патронаттық тәрбиеші тағайындалды. Ауданда 34 бала қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиеде. Тарқата айтсақ, 15-і жетім, 19-ы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншек. Оларға 26 тәрбиеші берілген. Айта өтейік,т 26 шілдеде 2 отбасындағы 6 бала тұл жетім екендігі анықталып, коммисия отырысында мәселесін қарауға ұсынылды.
Бала тәрбиесіне мүлдем көңіл бөлмейтін ата-аналар да жыл санап байқалуда. Ашығын айтсақ, соңғы жылы 1 әке әкелік құқығынан айырылса, 1 әке әкелік құқығынан уақытша шеттетілді. Бұл ақтауға болмайтын қоғамның керітартпа көрінісі деуге болады.
Бала асырап алуға ниеттілер саны артқан. Жыл басынан бері 131 ұсыныс түсіп, 115-і оң нәтижеге қол жеткізді. 2020-2021 жылы 14 отбасы “Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында психолог мамандарының 42 сағаттық курсыннан” өтіп сертификатталды. Осы үлгі бойынша 9 бала асырап алуға берілді. Бала асырап алушылар жылына бір рет есеп береді. Сондай-ақ, бала дауына қатысты 2 өтініш қаралды.
Шарада бала саудасының алдын алу, туылған балалардың тиісті құжаттарының рәсімделуі, жетім және ата-ана қадағалауынсыз қалған балаларды асырап алу мәселелері туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлнар Абдуллаева мәлімдеді. Ол жыл сайын бала туу көрсеткіші жоғарылағанын, биылғы жарты жылдықта 1095 балаға туу куәлігі табысталғанын сөз етті.
Жаңақорған ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ғалия Төребаева тастанды бала жоғын айтты. Балаларға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан әлеуметтік төлемдердің көбеюі аналардың балалы болуына ынтасын арттыруда. Өзінің денсаулығына немқұрайлы қарайтындардың көбеюі сау ұрпақ әкелуге кесірін тигізуде. Сондықтан аналардың түрлі ауруына мән беру керектігін ашып айтты. Кәзіргі инфекциялық аурулар мен ковидтің штамдары жүкті әйелдер арасында таралуына жол бермеу үшін қоғамдық насихатты нығайту қажеттілігін сөз етті.
Баланың қауіпсіздігі мен денсаулығы қатар сөз болған жиында ата-аналардың жауапкершілігін арттыру сөз болды. Ел болашағы – жасөспірімдер екенін тағы да бір еске салды.
Мақпал МАРҚАБАЙ