№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Екі дос


Бір ауылда екі дос өмір сүріпті. Баяғының Асаны мен Үсені дерсің. Иә, екеуінің есімі сондай, бірі – Асан, екіншісі – Үсен. Асан дәулетті отбасынан. Үсен қарапайым көптің бірі, яғни тұрмысы кедей отбасының баласы. Екеуінің алған тәлім-тәрбиесі де екі түрлі. Алайда екеуін құрдастығы мен достығы біріктірген. Сол ауылдың шетінде бір жалғыз басты қария тұратын. Жазда бау-бақшасын қарап, қыста малын жайлап, отынын жарып, суын тасып беретін ешкімі жоқ. Ал Үсен болса, уақыт тауып сол қарияға көмектесіп, үнемі қолғабыс жасайды да жүреді. Досы Асанға да талай айтып көрді. «Зейнетақысын алып отыр. Көршілері бар, біз неғыл деп көмектесеміз? Тұра алмаса, «Қарттар үйіне» барып тұрсын» деп қайырып тастайды. Содан Үсен оған айтуды қойды. Өзі қал-қадірінеше қарияға қол ұшын беріп, алғыстың астында қалып жүр. Бірде Үсен ауыл балаларында жоқ, көбіне қалалықтар ұстайтын қымбат қалта телефонын алып, сөйлесіп жатырған, Асанның көзі шығып кете жаздады.
- Оһо, досым, сенде бұндай қымбат телефон қайдан жүр? Кім алып берді? Ата-анаңның жағдайы көтермейді. Сонда сен мұны қай ақшаңа сатып алдың?-деп сұрағыштап қоймады. Өзі Үсеннің қолындағы телефонды жұлып алып, әрі-бері аударыстырып қарап, қызығып өліп барады,- қайдан алдың деймін? Әлде ұрлап алдың ба? Білдім, білдім, мұны тауып алдың ғой?! Солай ма?
- Жоқ, Асан. Бұл телефонды қария берді.
- Қай қария? Ауылдың шетіндегі зейнеткер ме? Өтірік айтасың.
- Өтірік айтып көзіме жын көрініп пе? Шын сөзім. Мен үнемі ол кісіге көмектесем, саған да талай рет айттым, сен бас тарттың, ал менің жұмысыма риза болған ата маған осы сыйлықты берді,-деп Асанның қолындағы «соткісін» алып, үйіне қарай беттеді. Асан іші қыз-қыз қайнап, қала барды. Арада күндер өтіп жатты. Тағы бірде Асан досы Үсеннің қолынан су жаңа «ноутбуг» көріп, есінен танып қала жаздады.
- Мынаны да әлгі жалғыз басты қарт сыйлады ма?
- Иә. Ақсақал сыйлады.
- Шын айтасың ба?
- Өзің ақсаусақсың. Үлкендерге бала болып бір көмегіңді тигізбейсің. Егер сен де жетім-жесірлерге, сондай жалғыз ілікті жандарға қол ұшыңды созып жүрсең, онда осындай сыйлықтарға ие болар едің,-деп Үсен досы неқылар екен деп айтып-айтып жіберді. Асан бұл жолы көп дауласпады. Ойлы қалпы үйіне қарай ұзады. Үсенмен бірге барып, қарияға көмектескісі келіп жүрген, суық тиіп, досы ауырып қалды. Ақсақалға жалғыз барып, біраз шаруасына көмектесті. Арада төрт-бес күн өткенде қарияға сұраулы жүзбен қарап:
- Ата, менің Үсен деген досым бар. Оны сіз жақсы білесіз. Себебі, сіз оған құр бата беріп қана қоймай, сонымен қоса «қалта телефон», «ноутбуг» тағы басқа да сыйлықтар әпергенсіз. Ал менің сізге келіп жүргеніме бірнеше күн ғана болды, Үсен сияқты сыйлық алуым үшін әлі қанша рет келуім керек?-деп сұрады. Ақсақал қабағын түйіп, сосын әңгіменің бажайын түсініп, жылы жымиды.
- Ә, мұны саған Үсенжан айтты ма? Оған сен айтқан әлгі заттарды мен сатып алып берген екенмін ғой, иә?!
- Иә, ол сізге көмектескені үшін алып беріпсіз. Ал маған...
- Балам, түсіндім. Тек мен зейнетақымды жаратып қойып едім. Келесі айдың аяғына таман беріп қалар, сонда саған не қаласаң, соны алып берейін. Ал әзірге қолыңды жай,-деп ақ батасын берді. Қарияның үйінен қойны қуанышқа толып шыққан Асан салып отырып, досының үйіне барып, болған жайтты жайып салды. Үсен шошып кетті. Ол Асан қаряға барып, көмектесіп, мұның оған айтқандарын тап сол күйі айтып барады деп ойламаған, қатты састы, ұялғаны сонша құлағына шейін қызарып кетті. Бірақ Асанға сыр бермеді.
- Сонымен сен ақсақалдан не алатын болып шештің?
- «Ақылды сағат». Сондай шыққан екен. Мен соны аламын,-деп үйіне шауып кете барды. «Мен оқсаттым. Қариядан ұят болды. Енді қайттім?» деп қиналған Үсен ертеңіне киініп тысқа шықты. Асанға барып, болған жайтты түсіндірмекші болып тұрды да, алдымен ақсақалға барып кешірім сұрауға бекінді. Қарияға бара бергені сол еді, Асан досы «алақайлап» шауып келеді. Ентігін баса алмаған күйі қарияны құшақтап алғысын жаудырып жатыр. Үсен түк түсінбей қарап тұр. Ақсақал да жымиып, баланың бұл қылығына түсінік тосқан сыңайда.
- Ата, сізге көп-көп рахмет. Бір ай күткізбей, менің сыйлығымды өзіңіз үйге әкеп тастаған екенсіз. Бәріне қай уақытта үлгердіңз. Сіз «сиқыршы ата» болдыңыз-ау. Кеше айттық, ал бүгін,-деп Асан білегіндегі «ақылды сағатын» көрсетіп мақтанды.
- Сенің қалағаның осы ма еді?-деп сұрады қария.
- Иә, дәл өзі. Мен мұны әкеме айтқаныма бір жылдай болды. «Сабағыңды жақсы оқысаң алып беремін» деп жүрген, бірақ қанша жалынсам да әпермейтінін білдім. Сабағымды да дұрыстадым. Бәрібір. Ал кеше сізден шыққасын Үсенге соғып, одан үйге барсам, үстелдің үстінде аппақ қорап жатыр. Сыртында «Ақылды сағат» деген жазуы бар. Қуанып кеттім.
- Әке, «мұны кім әкелді» десем, әкем күліп: «Қыдыр ата» дейді. Сіздің атыңызды біледі екен,-деп Асан қуанышы қойнына сыймай мақтанып, сағатын Үсенге көрсетіп жатыр. Үсен мен қария бұл сырдың мәнісін түсініп, бір-бірін көзбен ұғысып, Асанның бала қылығына қарап сүйсінді.
- Ата, енді сіз бізге ештеңе де алып бермей-ақ қойыңыз. Үсенге қанша сыйлық әпергенсіз. Мына сағаттың өзі удай қымбат. Ата, сондықтан бұдан былай біз сізге тегін көмектесеміз. Тек сіз бізге батаңызды берсеңіз болды,-деп Асан ақылдылық танытып, досына «бұдан былай атадан сыйлық сұрама» деп жатыр. Қария күлімсіреп:
- Алла-Тағала екеуіңе жар болсын! Жортқанда жолдарың болып, Қыдыр ата жолдасың болсын! Әумиін» деп ақ батасын берді. Осы сәт Үсен қарияға естірте Асан досына дауыстап:
- «Баталыға бақ қонар», «Баталы құл арымас» деген қазақтың асыл сөздері бар, досым, өзің айтқандай біз бұдан былай атадан ештеңе алмаймыз, тек атаға емес ауылдың басқа да адамдарына көмектесіп жүретін боламыз, есесіне олар бізге ақ баталарын береді. Ал біз содан бай боламыз,-деп Асанды құшақтап, шарбақтан шыға берді. Қария Үсенге қарап, көзін қысты. Ақсақал да, екі дос та мәз.

Мұнайдар Балмолда
10 наурыз 2020 ж. 1 198 0