№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үш жігіттің оқиғасы

Үш жігіттің оқиғасы

Баяғыда бір елде үш жігіт өмір сүріпті, олардың біреуі алапес, бірі таз, енді бірі соқыр екен. Аллаһ Тағала оларға сынау үшін періштені жіберіпті. Періште алапеске адам бейнесінде келіп:
- Қандай арманың бар? - деп сұрайды.
- Денем мынау кеселден тазарып, жұрт жиіркеніп қарамайтындай болсам екен, - дейді ол. Періште қолын тигізе салысымен, оның денесі дерттен тазарып шыға келеді.
Сосын періште:
- Қандай мүлкің болғанын тілейсің? - дейді.
- Көп түйем не сиырым болса екен, - дейді жігіт.
Періште оған боталы түйе тарту етіп:
- Малың көбейіп, саған Аллаһтың жақсылығы болсын, - деп онымен қоштасып, тазға келеді. Одан да:
- Қандай арманың бар? - деп сұрапты.
- Басымда әдемі шашым болса, жұрт келеке етіп күлмесе екен, - дейді таз.
Періште қолын тигізуі мұң екен, ол да дертінен айығып, қою шашты жігіт боп шыға келеді.
- Қоралы сиыр немесе келелі түйем болса, - деп тілейді жігіт. Сол-ақ екен, оған сауын сиыр тарту етілді.
- Малың көбейіп, саған Аллаһтың жақсылығы болсын! - дейді періште. Сөйтіп ақырында соқырға келіп, тілегін сұрапты.
- Аллаһ Тағала маған бұрынғыдай жарық дүниені көрсететін көз берсе екен, - дейді зағип.
Аллаһтың құдіретімен оның да көзі жазылып, қалпына келеді. «Қандай мүлік тілейсің?» - деген сұраққа:
- Азын-аулақ уақ мал болса жетеді, -деп жауап беріпті зағип. Періште оған уақ мал сыйлап:
- Малың көбейіп, саған Алланың жақсылығы болсын, - деп жөніне кетіпті.
Бір күні періште алапес мүсә­пір адам бейнесіне еніп, алғашқы жігітке келеді.
- Мен бір мүсәпір жолаушы едім, азығым таусылды. Алдымен Аллаһқа, сосын сізге үміт артып тұр­мын.
Сізге осындай көрікті келбет және дүние-мүлік берген Аллаһтың атымен сұраймын, маған бір түйе беріңіз, сапарымды жалғас­ты­райын, - деп сұрайды ол.
- Бұл түйелерді саған бере алмаймын, мен бұларды ата жолымен мұраға алғанмын, - деп сараңдық танытып, әлгі жігіт бермейді. Пе­ріште болса:
- Бір кездегі адамдар жанына жолатпайтын алапес сен емес пе ең? Байлықты да саған Аллаһ бермеп пе еді? Егер жалған сөйлесең, Аллаһ сені баяғы қалпына келтірсін, - депті.
Аллаһты ұмытқан жігіт малынан да, көрікті келбетінен де айырылып, алапес қалпына түсіпті.
Сосын періште таз бейнесінде екінші адамға келеді. Ол да бірінші жігіттің айтқанын қайталайды. Сөйтіп таз қалпына қайта келеді.
Ақыры періште соқыр кей­пінде үшінші жігітке келіп көмек сұрайды.
- Ей, мүсәпір! - дейді ол жігіт, - ке­зінде мен де зағип болғам. Аллаһ маған қайтадан көз берді. Мынау - Аллаһтың берген дәулеті, қалағаныңша ала бер, мен сенің қолыңды қақпаймын. Аллаһтың қалауы болады.
Сонда оған періште былай деді:
- Дәулетің өзіңе бұйырсын. Бұл сендерге жіберілген сынақ болатын. Аллаһ саған разы болды, ал анау екі жолдасың Оның қаһарына ұшырады.
13 қаңтар 2020 ж. 806 0