Өлі теңіз қалай өлі атанды?
Бірінші сыныпта оқитын бала әлем картасын қызықтап қарап отырды. Ондағы ірілеу әріптермен жазылған мемлекеттер мен жер-су аттарын ежіктеп оқи бастады. Бір кезде «Өлі теңіз» деген жазуды көзі шалды.
«Ө-лі те-ңіз» деп буынға бөліп-бөліп оқыды да, сосын «Өлі теңіз?» деп таңдана қайта қайталады. Сосын дереу қасында отырған әкесіне: «Әке, Өлі теңіз қалай өлген? Оны кім өлтірген?» — деп сұрақ қойды. Әкесі баласының сөзіне мейірлене жымиды. Сосын: «Өлі теңіз жердің ең төменгі жерінде орналасқан. Барлық қар, жаңбыр сулары, өзендер оған келіп құйылады. Одан ешқандай өзен ағып шыға алмайды. Суын ешкімге бермейді. Сол себептен суы әбден тұзданып ішіндегі тірі нәрсенің барлығын өлтіріп тынған. Онда балық та, балдыр да өмір сүре алмайды, суын адам да іше алмайды. Ол өзі алуды біледі де, беруді білмейді. Сондықтан оны өлтірген ешкім де емес, өзінің өзімшілдігі мен сараңдығы» — деп жауап берді.