№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТӘШЕНОВ ФЕНОМЕНІ

ТӘШЕНОВ ФЕНОМЕНІ

Әлеуметтік желілерде мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновты ұлықтау жөніндегі пікірлерді жиі-жиі көз шалатын болды. Онда келесі жылы 105-ке толатын қайраткердің мерейтойын республикалық ауқымда өткізу, ескерткіш орнатып, Тәженовтану ілімін қалыптастыру бағытында конференция ұйымдастыру, монографиялар шығару және т.б айтылуда. Жұмабек Тәшенов кім? Оның қандай қайраткерлік істері қалды?
Жұмабек Тәшеновтің ел есінде тасқа қашалған таңбадай қалған ғажайып ерліктеріне жеке-жеке тоқталсақ.

  Ең үлкен ерлігі Солтүстіктегі бес облысты Ресейге қосылуға қарсы тұрды. Бірінші хатшы Н.Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып, оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Мәскеуден Т.Соколов деген өз адамын жібереді. Ол «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Бұл әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенов 1960 жылы күзде «Тың өлкесінің» орталығы болған Целиноград қаласына шұғыл түрде ұшып келіп, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей, бассыздық жасағаны үшін Т.Соколовты қызметінен алып 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады.
Одан кейін Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары А.Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны», – деп қыр көрсетеді. Бұған жүгенсіздікке төзбеген Ж.Тәшенов оны тоқтатып қойып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз партиядан шығарып орныңыздан аламыз. Сонан кейін баратын жеріңізге барып арызыңызды айта беріңіз», – деп қадап айтып: «Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мой родители и их родители, да и все наши предки покоятся в этой земле. И вы теперь хотите эту землю передать России? Вдумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится?.. Я, например, категорически против постановки данного вопроса!..» деп Қазақстанның тұтас сақталып қалуына ықпал жасады.
Н.Хрущевтің қырына ілігіп қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А.Козлов зәресі ұшып сол жерде кешірім сұрайды. Осылай Ж.Тәшенов Мәскеудің жіберген кеудемсоқ адамдарын тәубесіне келтіріп Қазақстаннның бес облысының берілмейтінін ашық мәлімдейді.
«Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жерін, ондағы байлығын өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ», – дейді Кремльдің төрінде тұрып.
Жұмабек Тәшеновтің ең көп айтылатын екінші ерлігі Қазақ жерінің талан-таражға салуға қарсы күресін тоқтаусыз жүргізіп 1950-1956 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық, Мақтаарал аудандарын Өзбекстанға беруге табанды қарсылығы. 1950 жылдары Кеңес Одағының басшысы Хрущевтің қолдауымен орыс шовинистері Қазақстанды бөлшектеу арқылы, қазақтан келетін қауіптің алдын алуды жоспарлайды. Ал, өзбектер қазақтың жерін тартып алуды орыстардың қолымен, атап айтқанда, Никита Хрущевтің қолымен жасады. Орыстар бірнеше түрлі саяси мақсаттағы жобаны ойлап тауып жоспарлады. Тіпті, өздерінің сенімді адамдары арқылы Хрущевке мақұлдатты. Міне соның біріншісі, Бостандық ауданын Өзбекстанға қосу жоспары болатын. Өзбектердің көрсеткен себебінде, бұл аудандарға қазақтар Өзбекстан арқылы өтетіндігі мен Ташкентке жақындығы айтылып, оның үстіне мақта мол шығатын аудандарды бір басшылыққа жинап, еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек деп көрсетілді. Сол арқылы қазағы көп оңтүстік аудандарды Өзбекстанға қосу арқылы қазақтың күшін әлсіретуді көздеді.
Міне дәл сол кезде, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін атқаратын Жұмабек Тәшенов өзі төрағалық етіп, осы мәселе бойынша арнаулы комиссия құрды. Комиссия шешімі бойынша: «Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қоры мол, қорғасын, көмір және машина жасау өндірістерінің жұмыскерлері демалатын шипажайлар ұйымдастыруға өте қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді қолайсыз санаймыз» деген шешім шығарады.
Бір сөзбен айтқанда, оңтүстіктегі Бостандық, Мақтаарал ауданын – Өзбекстанға, Маңғыстауды – Түркіменстанға бөліп беруді империяшылдық пиғылмен мақсат тұтқан Н.Хрущевтің содырлы саясатына «қазақтың даласы құрақ көрпе емес, әркімге үлестіріп бере беретін» деп қарсылық білдереді.
Мұндай ірі ерліктер жасауға Жұмабек Тәшеновтің ішкі қуаты мен елдік қажыр-қайраты құлшындырды. Ол күнделікті қызметінде ірі ерліктер жасауға дайын екендігін үнемі білдіріп отырған.
Қысқаша айтқанда, Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. Ұлтжанды азамат «Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «КазПравданың» аудармасы етіп шығару қаупінен қорғап қалды. Кейін Тәшенов«ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961-1975 жылдары Шымкент (қазіргі Түркістан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне төмендетілді.
1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Түркістан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды.
«Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық мақтаған кісіге өз жүрегінен орын береді. Менің жүрегімнің төрінен орын алатын, менің ер інім, еркек інім Жұмабек», – деп жазды жазушы Ғабит Мүсірепов.
«Жұмабек Тәшенов қандай қызметте болса да ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді»,– деп жазады Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов.
Жалпы Жұмабек Тәшенов феномені әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Әлеуметтік желідегі қазақ зиялылары Тәшеновтануды қозғауының сыры осында. Біз қазақтың жерін біртұтас сақталып қалуына еңбек сіңірген тұлғаларды насихаттауға тиіспіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сонда ғана мазмұнды өрбиді.

Ескендір ЕРТАЙ.

13 шілде 2019 ж. 853 0