№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ПЕРЗЕНТ Пейілі

ПЕРЗЕНТ Пейілі

Дана халқымызда «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес», «Пиғылынан тапты», «Құдай пейіліне қарай береді» деген сөздер аз емес. Адамның пейілі оң болса, оның ісі де оңға басады, мәртебесі асқақтайды. Ал пейілі тар болса, ісі кері кетіп, ел алдындағы беделінен жұрдай болады. Сондықтан болар бабалар «жақсы пейіл жақсы сөзден басталады», «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, өскелең ұрпағын кең пейілді болуға үндейді.


Бүгінгі таңда ел арасында «адамдардың пейілі тарылып барады», «кейбір жастар жамандық атаулыға құмар», деген сөздерді естіп қаламыз. Әрине, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық. Десе де, қазіргі қоғамда пейлі періштедей перзенттердің бары қуантады. Әңгіме ауаны Арыс қаласымен тікелей байланысты. Әуелгі- де төтенше жағдай орын алғанда «Такси қызметі қымбаттап кетті», «жанар-жағармай мен сусынның бағасы екі есе өсті» деген сөздер желіде желдей есті. Тіпті Арыс қаласынан шыққан кейбір бос көліктердің өзі далада жалаңаяқ қашқан бұқараны алып кетуге жарамады. Мұндайда дана қазақтың «малымды алсаң ал, пейілімді алма»» дейтін аталы сөзі еске оралады.
Хош. Тақырыпқа ойыссақ. Сын сағатында жаңақорғандық тұрғындар да қарап қалмай, жылу жинап, арыстық ағайынға атағанын жөнелтті. Айтайын дегенім, жылу жинаудың басы-қасында жүргенде тоғыз жасар қыздың пейіліне тәнті болдым. Күн жұма болатын. Кенттегі «Ғани» сауда орталығы алдында жылу жинап тұрған кезімізде өрімдей қыз келіп: «Аға, мына қуыршағымды Арыстағы өзім секілді қызға апарып бересіз бе?» деп қолындағыны ерікті жастардың қолына ұстатты. Содан «ой – жүйрік» демекші, «Қыздың есімі кім?», «Арыстағы балаларға ойыншық беріп жіберу ойына қайдан келген?» деген секілді сұрақ мазалады. Журналист болған соң, мұның жауабын тез таптым. Сұрастыра келе, «Нұрасыл-1» базарындағы кәсіпкер Қанат Пернебаевтың қызы екенін білдім. Ал қыздың есімі – Нұрай. Әкесіне хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Ол да хабардар екен. Қанаттың айтуынша, қызы ақша сұраған. Сосын: «Бұл ақшаны не істейсің?» десе, Нұрай: «Дәәу қуыршақ сатып аламын. Оны жолдың қарама-қарсы бетінде тұрған ағаларға беремін. Олар оны Арысқа апарып береді» депті. Қанатқа тағы да былай деп сұрақ қойдым: «Тоғыз жасар қыздың ойына осылай қайырымдылық жасау қалай келді екен?» дедім. Сөйтсем Нұрай қызы телефоннан көріпті. Осылай құрбыларының қайырымдылық жасағанын. Іштей разы болдым. Ертелі-кеш смартфонның бетін сипай бермей, сәл де болса, сауапты іске ұйытқы болды.
Әрине, аманатқа берік болу – адамгершіліктің белгісі. Тоғыз жасар қыз тапсырған аманатты арқалап, ерікті жастар Шымкент шаһарына эвакуацияланған арыстық Жанерке есімді сұлу қызға қуыршақты табыстады. Жанерке де өзінің жаңақорғандық құрбысына видеосәлемдеме жолдап, ризашылығын білдірді.
Иә, «жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейтін нақыл сөз өз өміршеңдігін көрсетті. Жаратқан Алла пейілімізді тарылтпасын! Елімізде Нұрай Қанатқызы секілді қиналғанға қарлығаштай қанатымен су сепкендей болса да жәрдемдесуге жаны құмар перзенттер көбейе беруіне біз тілекшіміз. Әрине, бұл бағытта ата-ананың тәрбиесі де балаға жұғысты келетінін әсте естен шығармаған абзал.

Р.S.: Айта кететіні, арыстықтарға алғаш жылу жинаған күні шамасы 7-8 жасар қыз «:аға, мына чипсиді көмек ретінде берсем бола ма» деп тастап кеткен болатын. Пейіліңнен айналайын, қазақтың қарадомалақ қызғалдақтары. Осындай ой-өрісі кең, жүрегі жомарт өрендеріміз барда елдің берекесі артары айқын.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ
02 шілде 2019 ж. 1 224 0