№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңарған қоғамға – жаңа әліпби

Жаңарған қоғамға – жаңа әліпби


19 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықтың толық мәтінін 20 ақпанда ҚР Президентінің баспасөз қызметі таратты. Жарлыққа қосымшаға сәйкес, бұл жолғы нұсқада дәйекшелер қысқарып, екі таңбалы әріптер пайда болды.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің жаңа әліпбиі туралы Елбасы Жарлығына қатысты твиттерде пікір білдірді. «2018 жылғы 19 ақпанда Елбасы қазақ тілінің жаңа әліпбиі туралы Жарлығына қол қойды. Бұл – тарихи маңызға ие оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» деп жазды Сенат спикері. Айта кетерлігі, Сенат спикері жаңа редакциядағы латын әліпбиімен де жазып, барша қазақстандықтарды құттықтады: «2018 jylǵy 19 aqpanda Elbasy qazaq tiliniń jańa álipbıi týraly Jarlyǵyna qol qoidy. Bul tarıhı mańyzǵa ıe oqıǵa. Barshańyzdy shyn júrekten quttyqtaımyn!».

Үкімет үйінде жаңа әліпби жайлы айтылды

Сейсенбі күні Үкімет үйін­де қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты арнайы бри­финг өтті. «Бұл мәселе бо­йын­ша соңғы үш айда еліміздегі лингвист-ғалымдар жұмыс істеді. Апробация жұмыстары мемлекеттік органдарда, студенттер мен оқушылар арасында, БАҚ-тарда жүргізілді. Алдыңғы нұсқалардағы кейбір техникалық, лингвистикалық, орфографиялық мәселелердің бәрі екшелді, зерделенді. Әсі­ресе, апострофқа қатысты мә­селені лингвистер, техникалық мамандар терең зерттеді. Соның негізінде жаңа нұсқаны (акуд белгісі бар – Т.Т.) ұсынып, ол ұлттық комиссия деңгейінде жұмыс топтарында талқыланды. Юникодтар өте ыңғайлы, қазір бәрі оны қолдап отыр. Сол нұсқа Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілді. Біз үшін өте қуанышты жағдай. Жұртшылық та, зиялы қауым да жаңа нұсқаны жақсы қа­былдады. Ең бас­тысы, бұл нұсқа қазақ тілінің орфография­лық қағидаттарының барлық параметрлеріне сәйкес келеді» деді брифингте Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев.
Оның айтуынша, бұл жеке адамның немесе институттың нұсқасы емес. Лингвист-ғалымдарымыздың жан-жақты қарап, ортақ шешімге келіп, мақұлдаған нұсқасы. Айтпақшы, ұлттық комиссия­ның құрамына А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атын­дағы Тілдерді дамытудың респуб­ликалық орталығы қыз­мет­керлерімен қоса, еліміздің барлық өңірлерінен жиналған филологтар, лингвистер кірген. «Апострофқа қатысты мәселені қоғам қызу талқылады. Халықаралық банк жүйесінде қабылданбай қалуы мүмкін. Компьютерде тергенде әріптердің аралары бөлініп, сөздің мағынасы өзгереді. Ал жаңа нұсқасы оқуға да, жазуға да өте ыңғайлы» деп түсіндірді Қ.Борашев.
Брифингте журналис­тер­дің «Ц», «Я» әріптерінің қалай жазылатыны туралы са­уа­лына ол: «Қазір орфогра­фия­­лық ережелер дайындалуда. Сол ережелер бекітілгеннен ке­йін, бұл сұраққа толық жа­уап береміз» деді.

Халықтың пікірі ескерілді

«Мен әліпбидің соңғы нұсқасы халықтың талқысына салынған жоқ деген сөзбен келіспеймін. Осы жолы ұлттық комиссияның ішіндегі топтарда қыруар жұмыс атқарылды. Өзім де комиссияда техникалық топты басқардым. Осы топта апостроф қандай мәселелер туғызатынын қарастырдық. Сол проблеманы көтердік. Елбасы мамандардың сөзіне құлақ асып, жаңа нұсқаны енгізіп отыр» деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникация­лар министрі Дәурен Абаев Үкіметтегі мәжіліс­тен кейін журналистерге берген жауабында. Министрдің пікірінше, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы тиімді. Себебі оны енгізуге де көп қаржы жұмсалмайды.
Дәурен Абаев әліпбидің бұл жолғы нұсқасы соңғысы болатынына да болжам жасаған жоқ. «Әрине, ешқандай кемшілігі жоқ әліпби болмайды. Өмірдің талабына сай қажетті шешімдер шығарылып отырады. Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаса береді. Үшінші нұсқасы көңілге қонымды, себебі тек лингвистер ғана емес, IT-мамандардың да пікірі ескерілді» деп түсіндірді ол. Айтпақшы, министр бұған дейінгі нұсқамен жазылған маңдайшадағы жазуларды түзету керектігін айтты. Алайда ғаламтордағы сайттардың атауы сол күйінде қалатынын ескертті. «Дәл бүгін kz-тен qz немесе qaz-ға ауысамыз деген қажеттілік жоқ. Бұл жерде ешқандай асығудың керегі жоқ. Барлығы ақылмен және қажеттілікке қарай жасалады» деді министр.

Латынша жаңа «Әліппе» құрастырылады

«Жаңа әліпбидің апробациясын жасауға кірісеміз. Латынша жаңа «Әліппе» құрастырылады. Апробацияны сапалы жүргізу үшін әуелі мұғалімдермен, мектеп директорларымен, сарапшы-мамандармен талқылаймыз. Содан соң енгізу кестесін жасаймыз. Мемлекет басшысы атап айтқандай, істі ақылмен, сабырмен, мәмілемен істеуіміз керек» деді тілшілердің сауалына жауап берген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Оның айтуынша, мектеп оқушылары латын әліпбиіне дайындық бөлімінен бастап көшеді.

Бұл – тарихи шешім

«Достарым! Бүгін – ерекше күн! Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Бұл – тарихи шешім. Ел талқысынан кейін ұсынылып отырған жаңа нұсқа – әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін жасалған игі қадамдардың бірі. Баршаңызды осынау қасиетті күнмен шын жүрегімнен құттықтаймын! Деректерге сүйенер болсақ, дүние жүзі елдерінің көбі осы латын қарпін қолданып келеді. 1929 жылға дейін еліміз араб жазуын пайдаланды. ХХ ға­сыр­дың басында Ахмет Байтұр­сынұлы араб графикасына негізделген төте жазу мәселесін ұсынды. Ал 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді пайда­ланды. Енді біз қайтадан осы жүйені қолға алып отырмыз. Яғни Елбасының Жарлығымен бекітiлген латын әліпбиінің жаңа нұсқасы жаңа тыныс алып, өмірімізге жол тартып келеді деген сөз! Осы игі іске баршамыз бір кісідей атсалысайық!». Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фейсбуктегі парақшасында осындай пікір қалдырды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ,
«Астана ақшамы».

27 ақпан 2018 ж. 1 367 0