Әкесінің өз баласының кіндігін кескені дұрыс па?

Халқымызда "кіндік шеше" деген ұғым бар. Яғни, жүкті әйелді босану кезінде демеп, көмек көрсететін, балаға өскенше қамқорлық танытатын әйел. Кіндік шеше ретінде ауылдың немесе сол елдің ең құрметті, тәжірибелі әйелі таңдалатын болған. Ал бүгінде бұл жағдайға тым ат үсті қарайтыны жасырын емес. Әйелімен бірге босану процессіне бірге қатысып, өз баласының кіндігін өзі кесіп жататын әкелеріміз көбейді. Бұл тұрғыдан келгенде имамдарымыз не дейді:
"Шариғатта жоқ. Әйел адамның босануына ер кісінің қатысуына рұқсат жоқ. Бірақ қазірде ер азаматтарымыз кіріп жүргенін естіп жүрміз. Бұл неден? Себебі, шариғатымызды жетік білмегеннен. Батыстан келген дүние. Егер ер адам босануға кірсе, шариғатқа қарсы дүние істеп жатыр деген сөз. Кіндігін кеспек түгілі, босанып жатқан әйелдің үстіне кіруге рұқсат етілмеген. Неге десеңіз, әйел адам босанғанда оның он екі мүшесі балқып, босап, ажырайды. Ер адамына әйел затының құпиясы ашылып қалады. Осындай бір шарасыз, әлсіз халде жатқан әйелін көрген ер азаматының сезімі суып, жек көріп кетуі мүмкін. Ажырасуға да әкелуі мүмкін",-дейді Қаскелең мешітінің азаншысы, іс-басқарушысы Руслан Тұрғанбаев.

Ырымшыл халқымыз ер баланың кіндігін "үй күшік болмасын, елдің азаматы болсын деп" үйден алыстау жерге көмген. Қыз баланың кіндегін "үйдің құты болсын" деген мақсатта от басы, ошақтың қасына көмген.
Былай қарасаңыз, кіндік- адам денесінен кесіп алынған бір түйір ет қана. Ал дана халқымыз осы кіндікке сонша мән беріп қастерлегендіктен, ұлдары жаужүрек, келіндері үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы болды деп айтуға толықтай негіз бар. Қазіргі кезде отбасында орын алатын кейбір келеңісіздіктер осындай киелі дүниелерге көңіл бөлмегендіктен тууы мүмкін деген де ойда қаласыз.
Айта кетейік, бұдан алдында өз баласының кіндігін кескен танымал әнші Бүркіт пен "Орда" тобының мүшесі Дастан Оразбеков те біраз сын сөздің астында қалған еді.
