№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАС ӨРЕН, ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰНЫҚПА!

ЖАС ӨРЕН, ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰНЫҚПА!

Орыс әдебиетінің классигі Николай Гогольдің «Ойыншылар» деген пьесасы бар. Оқиға желісі қызық әрі тартымды туындының арқауы құмарлық турасында. Туындының басты кейіпкері – Воля есімді бақуатты қарияны топтасқан сыбайластар қалай құрықтағына жан-жақты суреттеледі.

Оқиғаның шарықтау тұсында, төрт карта ойыншысы дәулетті қарияға әдейі ұтылып, қаржының дәмін тарттырады. Осылайша оның санасына оңай жолмен ақша табуға болатынын сіңіреді. Алғашында ұтқанның үстіне ұтып, құмарлығы әбден оянып, құмар ойынға құныға түседі. Сосын сыбайластардың сценарийі бойынша ұтылудың ащы дәмін сезе бастайды. Ақыр аяғында өмір бойы жинаған байлығынан айырылып, тақыр кедейге айналады.
ХІХ ғасырдың осы көрінісі әлі көз алдымызда. Бірақ, ХХІ ғасырда ымдасқан, жымдасқан топтардың орнын компьютерлік клубтар мен букмекерлік кеңселер басты. Оның нәтижесі біреу ғана. Өкінген тағдырлар. Шаңырағы шайқалған адамдар...
Оған мысал да көп. Қайбір жылы Қожакентте ондаған мүйізді ірі қара із-түссіз жоғалып кетті. Із кесу, іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жеңіл олжаға кенелген топ ұсталды. Тергеу жұмыстарынан кейін аудандық сотта іс қаралды. Оған рұқсат сұрап, біз де қатыстық. Сонда топтасқан топтың өкілі ұрлықтан түскен мол қаржыны құмар ойынға құртқанын айтып, ақталды.
Бірер жыл бұрын досы жіберген ақшаны айналымға салып, үстінен табыс табуды ойлаған азамат букмекерлік кеңсеге кіреді. Бірақ, ойындағы жүзеге аспай, бірнеше сағатта қалтасындағы қаржысынан қағылып, аяғы көлігін өртегені естеріңізде болар.
Тіпті, құмар ойындар адамдардың арасына кек пен дұшпандық, өшпенділік салады. Бұл жөнінде Құранның Мәидә сүресі, 91-аятында «Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық пен кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ендеше тыйылмайсыңдар ма?», делінген.
Құмар ойындарға ерік-жігері төмен адамның қанағатсыздық, тәуелділік, әлсіздік қасиетінен ұрынады екен. Әттең, ә-ә-ә-т-е-ң, құмар ойындары сананы улап, дертке ұласатынын білсек қой!...
Құмарлықтан емдеу аса ауыр екенін мамандар мойындайды. Психологтар, әлеуметтанушылар алдымен тәуелді адамның ішкі проблемасына, жасырын комплекстеріне, психологиялық жарақатын емдеу қажеттігіне назар аудартады. Бұл – дәрі-дәрмекпен емделе салатын ауру емес. Сондықтан әлеуметтік тұрғыда қолдау өте маңызды. Оларды қызығатын саласына бағыттап, мотивация мен сенімділік ұялата білу қажет. Мұның бәрі бала тәрбиелегеннен де ауыр жұмыс екені анық.
Енді статистиканы сөйлейтсек, елдегі әрбір бесінші адам айына 2000 теңге бәс тігуге дайын екен. Бұл дегеніңіз, әр отбасында бір адам құмар ойынның қызығына батуға әзір деген сөз. Әрине, сенгің келмейді. Басында бізде статистикалық мәліметке күмәнмен қарадық. Сосын «букмекерлік кеңсе» деп жазылған орталықтарға бас сұқтық. Жаңақорған кентінде мұндай «қой терісін жамылған қасқыр» мекемелер ондап саналады екен. Әрине, аты қорқынышты болмағанымен, ішіндегілердің хал-ахуалы, психологиялық күйі тым қорқынышты екен...
Олардың арасында өрімдей жастар да көп көрінді. Мұндай олқылықтар жұмыс басты ата-ананың бақылауының аздығынан екені түсінікті-ақ. Мұны аудандық ішкі істер бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы Нұрберген Ахметов те растады.
– Қазір, балалар қараусыз қалуда. Ондай жастар ойын-сауық отауларынан табылып, оңай жолмен ақша табуға бейімделеді. Көп жағдайда кешкі рейдтерге шығып, оқушыларды ұстап ата-анасына алып барамыз. Түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілсіз үй жайдан тыс жерде жүрген, ойын-сауық орнында болған үш жасөспірім ата-анасына жеткізіліп, тиісті әкімшілік шаралар көрілді, – деді Нұрберген Хайдарәліұлы.
Жастар автомат ойындарға биімделіп, онда атыс-шабыс, кісі-өлтіру, ұрлық жасау сияқты теріс тәрбиеге машықтануда. Кеше ғана көшеде бір-біріне пышақ ала жүгірген оқушылар соның дәлелі емес пе? Егер жастарды құмарлықтан тыйсақ, мұндай тәртіп бұзушылықтар орын алмас еді.
Жалпы, адамды құмарлық сезімін оятатын орталықтар клиенттің қалтасын қағу мақсатында ашылатыны анық. Жаңақорған аудандық соты залында құмар ойын орталықтарын ашқан айыпталушының ісі қаралды.
Жаңақорған кенті Абдолла-Алтый Сүлеймен көшесі №4 үйінен және Сағырбаев көшесі №31 үйдің ауласында орналасқан үйдің бір бөлмесін ойын кеңсесі ретінде ашып, пайда табуды көздейді. 2018 жылдың 2 тамызында сағат 19.00-де Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен құрылған топ жасырын бақылау жұмыстарын жүргізу барысында заңсыздықтарды анықтайды. Сонымен қатар 2018 жылдың 2 тамызында департамент қызметкерлері Жаңақорған кенті Қ.Сағырбаев көшесі №31 мекен-жайындағы ойын орталығының заңсыздықтарын әшкерелейді. Нәтижесінде, 0579996 сериялы автомат, екі дана компьютердің мониторы, алты дана процессор, бір дана интернет модемі, үш дана теледидар алынған.
Интернетке қосылған компьютерлер арқылы «Fortunа» және «Кено» ойындарына қосылатындығы, компьютер зердесінде «Mozilla Firefox» программасы орнатылғаны белгілі болды. Ойын орталығын ұйымдастырушы ҚР КК-нің 307 бабы 1-бөлігі бойынша ойын мекемесін заңсыз ашқаны үшін айыпталды. Сотталушы өзінің кінәсін толық мойындап, 109 537 теңге айыппұл төледі.
Бүгінде Қазақстанның кез келген қаласында қаптап кеткен «Интернет клуб», «Букмекерлік кеңсе» «PlayStation» сияқты орталықтар талай жасты арбап, құрдым құдыққа тартып жатқаны ақиқат. Қоғамдағы қылмыстылықтың ошағы да осындай орталықтар екені даусыз. Сондықтан, жастарды құмар ойынға құнықтырмай, оларды білімді, білікті болуға бағыттай білейік. Сонда ғана алдымыздағы биік-биік мұрат-мақсаттар шындыққа айналады. Болмаса Гогольдің Волясы секілді құмарлықпен алданып, ақырында өкінгеннен басқа ешнәрсе бітіре алмайтын болады.

Қайбулла РҮСТЕМОВ.
13 ақпан 2019 ж. 1 019 0