КЕЛІНШЕГІҢІЗГЕ МӘҺІРГЕ НЕ СЫЙЛАДЫҢЫЗ?
Мәһір — қызға берілетін сыйақы. Ханафи мәзһабы бойынша қызға берілетін мәһірдің құны ең аз дегенде 10 дирһам күміс ақша мөлшерінде болуы тиіс. Ал мәһірдің ең аз мөлшерін Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «…он дирһамнан кем мәһір жоқ» деген сөзімен бекіткен.
Қазір біз мәһір мәселесін де ойыншыққа айналдырып алдық. Кейбір жігіттер қалыңдығына: «Жүрегімді арнадым» деген сияқты сөздер айтады немесе арзымас алқа, жүзік сияқты нәрселермен алдай салады. Бұл да некенің бұзылуына әкеліп соқтырады. Сондықтан оған немқұрайды қарауға болмайды.
Шын мәнінде, мәһір қыздың құрметін жоғарылатып, құнын көтереді. Ер-азамат қалыңдығына неғұрлым қымбат сый жасаса, некеге соғұрлым жауаптырақ болады. Исламда әйелді қатты құрметтеген. Хазіреті Омар халифаның тұсында өмір сүрген сахаба Абдуррахман Ибн Ауф екінші, әлде үшінші әйеліне үйленер кезде қалыңмалына бір зембіл алтын апара жатады. Оны көрген Омар халифа: «Бұл не деген сұмдық? Енді кембағалдар үйлене алмайтын болды ғой» деп, мешітке барып: «Әй, әйелдер, қалыңмалды көбейтпеңдер», — дейді. Сонда бір әйел тұрып: «Әйелдеріңе сұрағандарын беріңдер деп Құранда айтылған», — деп уәж айтады. Сонда халифа: «Мен қателестім. Бір зембіл алтынды сұраған қызға беріңдер», — депті. Яғни әйелдің қадірі болуы үшін оның құны болуы тиіс. Арзан нәрсенің құны болмайды. Бір рет қолындағы барын шашып, үйленген адам әйелін талақ етіп, үйленерде дәл солай шашылатынын ойлауы керек, нағыз мұсылман адам отбасын ойрандауды емес, ең алдымен шаңырағының биік болуын ойлайды. Сондықтан мәһір дейміз, қызға берілетін сыйақы дейміз, қазіргі ұғымға салсақ, қалыңмал мәселесін ұмытпауымыз керек. Әрине, екі жақтың ата-аналары, ерлі-зайыптылар өзара келісімге келсе, оның жөні бөлек.
Мәһір – үйлену кезінде ер кісінің әйелге осы атпен берілетін, яки кейіннен берілуі көзделген дүние яки ақша. Мәһір некенің ешқандай шарттарына жатпайды. Ол әйелге берілуі тиіс дүниелік ақыға жатады. Мәһір неке қиылар кезінде айтылмаса да неке жарамды болады. Әйтсе де әйел кейіннен өзіне тиіс мәһірін алуы тиіс. Құранда Аллаһ Тағала: «әйелдердің мәһірін ықыласпен беріңдер» (Ниса сүресі, 4-аят). Пайғамбарымыз негізінде мәһірсіз сахабаларды үйлендірмеген. Дей тұрсақ та, сахабалар арасында мәһірсіз үйленгендер де болған. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір сахабаға: «Сені пәленше деген әйелмен үйлендірейін бе?» — деп сұрап, әлгі сахаба «иә» деп жауап бергенде, дәл сол сұрақты әйелден де сұрап, ол да құптаған соң екеуін үйлендірген. Неке үстінде ешқандай мәһір туралы сөз болмаған. Бірақ осы сахаба да бұл өмірден өтер алдында Хайбар соғысындағы түскен олжадан мәһір етіп бергені айтылады. Исламда сатылуы не болмаса пайдалануы тыйым салынбаған барлық нәрсені мәһір ретінде беруге болады. Көлік, үй, бағалы заттар т.б. бәрі де осыған жатады. Тек Исламның тыйым салған арақ-шарап, арам мал, ұрланған зат сияқты нәрселер мәһірге жатпайды. Ал жігіттің қызға мәһір ретінде Құранды, хадисті немесе дінді үйретуі мәһір саналуы ғұламалар арасында әр түрлі көзқарас болса да, Бухари мен Муслимде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір сахабаны бір әйелге Құран үйрету мәһірімен үйлендіргені айтылады. Мәһірдің ең жоғарғы өлшеміне келер болсақ, Ислам оған ешқандай шек қоймаған. Жігіт қызға ат басындай алтын, түйе салмағындай күміс беремін десе өз еркінде. Құранда: «Олардың біріне жүктеп мәһір берген болсаңдар да еш нәрсе алушы болмаңдар», – дейді. Мәһірдің ең азына келсек, Ханафи мазхабы бойынша, он дирхам күміс немесе соның құны. Яғни екі қойдың құнындай. Мәһірді неке кезінде қанша беретінін анықтап келісуге болады. Бұған «аталған мәһір» деп айтылады. Не болмаса Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құқылары неке кезінде мәһірді қанша беретіні айқындалмаса, яки айтылмаса кейіннен ел қатарлы «жалпыға тән мәһірін» береді. Сондай-ақ мәһірдің өтелуі «уақытылы», «кешіктірілген» болып екіге бөлінеді. Яғни неке қияр кезінде ер кісі айтылған мөлшердегі мәһірді дереу сол шақта береді. Ал жігіт мәһірді кейін бермек болса бұған «кешіктірілген мәһір» дейді. Бірақ мәһірді пәлен уақытта берілу тиіс болса, сол кезде беруі қажет. Ал уақыт белгіленбесе ұзақ мерзімде өтей алады. Бірақ кейін бір жағдаймен ажырасатын болса сол кезде ер кісі әйеліне мәһірді беруі тиіс. Алда-жалда ері өліп кететін болса, онда әйелі мәһірін артта қалған дүниесінен алады. Ал әйел өліп кетсе, мәһірді оның мирасқорлары күйеуінен алады. Мәһір – әйелдің өзіне тән ақысы. Қыздың әкесі яки атасы мәһірді қыз атынан алуына болады. Бірақ оған иелік ете алмайды. Бірақ қыз қамқоршыларына мәһірдің берілуіне ризалық білдірмесе жігіт мәһірді оларға бере алмайды. Егер берген күннің өзінде ол мәһір болып саналмайды. Ханафи мазхабы бойынша қыздың әкесі жігіттен мәһірден өзге бір нәрсе алуына болмайды. Қазіргі таңда қазақта қыздың қамқоршылары жігіт жақтан қалың мал алып жатады. Егер осы қалың мал түгелдей қыздың көрпе- төсек, киім-кешегіне жұмсалып жатса, онда мұны «мәһір» деп атауға болады. Еліміздің әр жерінде өзіне тән қалың мал өлшемі бар. Бұл «жалпыға тән мәһір» болып саналуы мүмкін. Яғни атам қазақ қызының жағдайын ойлап, ғасырлар бойы мәһірді қалың мал ретінде алып келген. Ондағы мақсат қызынан пайда көру емес, қайта қызының бақытын ойлап, тезірек үй-жай болып кетуін қалайды. Егер қыз бен жігіт отауын өздері ғана тігетін болса, көптеген қиыншылықтарға душар болар еді. Сондықтан атамыз қазақ қыздың мәһірін қалың мал етіп «ертелеп» ақшалай алып, соған қыздың көрпе-төсегін, киім- кешегін тіпті қолға ұстар қасығы мен жайылар дастарханына дейін түгендеп алып, құдалық кезінде осыларды алып барады. Дей тұрсақ та ханафилар бойынша қыздың өзіне берілген мәһірге көрпе-төсек алуға мәжбүр ете алмайды. Қыздың әкесі де өз малынан көрпе-төсек алуға мәжбүр емес. Қыз ешқандай көрпе-төсексіз, киім-кешексіз тіпті бір сабақ жіпсіз ерінің үйіне ұзатыла алады. Өйткені қыз ұзатылған соң оның бүкіл нәпақасы күйеуінің мойнында. Үй әзірлеу, тіршілікке қажетті заттар, әйеліне киім-кешек алу бәрі ердің міндетіне жатады. Әйел – ерінің аманаты. Ұзатылғанға дейін қызды ата-анасы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бетінен қақпай мәпелеп өсіреді. Осындай біреудің қызын аманат етіп, сөз беріп алған ері сол аманатқа қиянат жасауға ешқандай құқы жоқ. Бірақ жігіт жағы мәһірден бөлек көрпе-төсек үшін ақша берген болса онда осы ақшаға тиісті заттарды алуға тиісті. Оның үстіне мәһір көрпе-төсектің құны емес. Ол – жігіттің қызға берген арнайы сыйы. Сондай-ақ, қыздың ата-анасы мәһірдің құнына бол- сын, өздері салт ретінде өз қаражаттарына көрпе-төсек алып қызына берсе, бұл дүние тұтастай ердің емес, қыздың жеке мүлкі болып саналады. Сондықтан әйелдің осы жеке мүлкін ері оның рұқсатымен ғана пайдалана алады. Егер қандайда бір жағдаймен ажырасатын болса, бұл дүниеге әйел иелік етеді. Ерлі-зайыптылар тым ысырапшылдыққа бармауы керек. Өйткені Құранда: «Мал-мүлкіңді ысырап етіп шашушы болма. Өйткені дүниесін шашқандар шайтанның бауырлары. Шайтан болса Раббысына өте қарсы», – дейді. (Исра сүресі, 27-аят).
Ақтөбе қалалық орталық
мешіттің бас имамы Б.Тәжімбет.