№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ҚАСИЕТТІҢ ҚУАНЫШЫ

ҚАСИЕТТІҢ ҚУАНЫШЫ

Қызылорда шаһарынан ақжолтай ақпар жетті. «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында жаңақорғандық қайсар қыз Қасиет қайтарымсыз қомақты қаржыға ие болды. Өзінің өмірге деген қайсар мінезі мен зор ынтасы аққұмдық бұрымдыға бақ болып қонды. Бұған дейін аудандық басылым бетінде «Қаршадай Қасиеттің қарекеті» деген тақырыппен мәселе көтеріп, мақала жазған болатынбыз. Көп уақыт өтпей, облыс орталығынан сүйінші хабар жетіп, білдей бір басқарма басшысы Қасиетке су жаңа тігін машинасын тарту еткен болатын. Енді міне, күні кеше Қызылорда қаласында «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдерінен облыстық көрме-байқау өткен болатын. Сыр өңірінің әрбір ауданынан жиналған 50 ынталы кәсіпкер өз бұйымдарын ортаға салып, жастарға үлгі көрсетті. Нәтижесінде Қасиет Орал үздік деп танылып, байқаудың 1 миллион теңге қаржысын қанжығасына байлады.
Шараға арнайы қатысқан облыс басшысы Қырымбек Көшербаев аймақта кәсіпкерлікті қолдаудың айрықша бастамалары жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.
–  Бүгін мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау әрі олардың дамуына жол ашу мақсатында «Өзіңе сене баста» көрме-байқауын өткізіп отырмыз. Қатысушылар – тағдыр тауқыметіне қарамастан, қоғамда өз орнын тауып, өзін жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс тауып беріп жүр. Олар көпке үлгі болуға лайықты және қоғамды масылдық көзқарастан арылтуға септігін тигізеді, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Сондай-ақ мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалануға шақырған өңір басшысы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді бүгінгі күннің батырына теңеді. Әрі келешекте жасап жатқан кәсіптерін кеңейтіп, замандастарына үлгі болуға үндеді.
– Сіздер тепсе темір үзер шағында ата-анасының зейнетақысына масыл болып отырған кейбір адамдарға үлгі көрсеттіңіздер. Тағдырдың тауқыметін жеңіп, кәсіппен айналысып, қосымша жұмыс көздерінің ашылуына себепкер болдыңыздар. Осындай қайсар қарекеттеріңіз үшін сіздерді бүгінгі күннің батыры деуге болады, – дей келе, аймақ басшысы көрме-байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Шараға қатысқан 50 адамның әрбірі ағаш, тоқыма, сурет және тағам, өзге де өнімдерінен көрме ұйымдастырған болатын.
Байқау жеңімпаздарын облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер палатасының мүшелері, «Даму» қоры мен әлеуметтік қорғау ұйымы қызметкерлерінен құрылған комиссия анықтады. Қызылордалық қазылардың оң бағасын алған Аққұм ауылының тұрғыны Қасиет Қалдыбайқызы «Кәдесый жасау» жобасымен облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен 1 миллион теңге қаржыға лайықты деп танылды.
– Облыстық көрме-байқауға ауданнан 4 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер қатысты. Ешқайсысын бөліп жаруға болмайды. Нағыз еңбектің адамдары. Десе де, байқау болған соң, жеңімпаз болатыны анық. Қасиет Оралдың жүлделі бірінші орынды жеңіп алуы, аудан үшін үлкен абырой.
Қасиетке жақында ғана «Ақгүл» деген дара кәсіпкерлік куәлігін алуға жәрдемдескен болатынбыз. Алдағы уақытта қомақты қаржыға кәсібін кеңейтіп, өзі де білгенін өзге ауылдастарына үйретпек ниеті бар, – деді байқау қатысушыларын облыс орталығына бастап барған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Бекзада Омаров.
Шынында жаңақорғандық қолөнерші қыздың қарекеті кісі қызығарлық. Қолөнердің ерекше түрін кәсіп еткен аққұмдық қыздың өмірге деген талпынысы көпке үлгі. Әсіресе, ертелі-кеш телефонға телмірген замандастарының құлағына «алтын сырға». Тумасынан сәл қалт қимылдаса сүйегі сына беретін Қасиеттің қолынан келмейтіні жоқ. Тіпті, төл туындыларын теңгеге пұлдап, сатып алған балбақша мен мектеп ұжымдары жетерлік. Уақыт өте, шағын кәсіптің шырайын келтірген бұрымды қыздың бұл іске айрықша ықыласы ауып, түрлі пішіндегі дүниелер үй төрінен орын тебе бастайды. Оның қатарында: қыз-келіншектердің сәндік мақсаттағы әшекей бұйымдары көптеп табылады. Жылтыраған майда мойыншық(бисер)пен гипс, ермексаз, лента сынды заттар Қасиеттің қолданатын бас­ты құралдары. Қызылды-жасылды құтыдағы гүл мен ақ қарға оранған ақ ұлпа ағаш, пластикалық құтыдан құрастырылған түрлі жан-жануарлар қаршадай қыздың қолтаңбасы. Көпшілігін әпкелері мен ағайын-туыстары келгенде тарту таралғы ретінде беріп жібереді екен. Өнерін бағалап, қолдау көрсеткен Кейден ауылдық әкімшілігі мен елдімекендегі «Айзере» жеке балабақшасы мен білім ордасы бұрымды қыздың бұйымдарын жиі алады екен. Міне, дана қазақ «әрекетке берекет» дейді. Шалғай ауылда тұрса да, қарекетін жасап, жергілікті биліктің назарын аударды. Осы тұста, ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев ағамыздың да еселі еңбегін айта кеткен жөн. Үнемі биік мінберлер мен алқалы басқосуларда ізденімпаз қыздың бұйымдарын баяндамасына арқау етіп, азда болса қолдау көрсету жөнінде сөз көмегін аяған емес.
Түйіндей айтқанда, аядай ғана ауылда тұрып, аймаққа танылған Қасиеттің еңбекқорлығы өзімен қатар замандастарына үлгі.
Әбдісамат ӘБДІШ.
25 тамыз 2018 ж. 874 0