№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қымызмұрындық

Қымызмұрындық


Құлын қарақұлақтана қырда алғаш бие байлау басталады. Енесін емін-еркін еміп, ғұмыр өлшеусіз екен деп құлдырай шапқан сүліктей сұлу құлыншақтарға ноқта түседі. Шу асау сәбилер екі аяқты иесі салған бұғауға көнбеймін деп шыңғыра шапшып бағады-ақ. Ақыры тұқырта байлаған желіде тулай-тулай көндігеді. Өмірдің заңы солай. Өйткені биенің сүті құлынның ғана емес, екі аяқтылардың да балдай сусыны. Құлын желіге үйренгенше буынып қалмауын, яки айғыр шайнап тастамауын қадағалап бір адам міндетті түрде желі басында болады.

Құлынды айғыр шайнайтын себебі екі түрлі жағдайда болады. Біріншісі, айғыр үйірін айдағанына құлыны аяқтанбаған бие жүрмей құлынына қарайлай берсе, екіншісі, күйлеп тұрған бие құлынына тығыла берсе айғырдың құлынды ашумен шайнап тастауы ықтимал. Алайда айғырдың құлынды шайнауы өте сирек кездесетін жайт.
Қымыз ашытардың алдында оның ыдысын бабымен ыстау, мәйекке құйып кептірген маңызды сүтке ерітіп ашытып, қор дайындау сияқты дайындықтар жүріп жатады.
Ыдысы мен қоры дұрыс болып, пісуі келіскен қымыздың ең жоғары мақтауы «мынауың қымыз емес, сынап қой» делінеді. Ол – ішкенде дәмі білінбей, ішіп болған соң ғана жұпар иісі мен ауызда тәтті дәмі қалатын қымыз. Ондай қымыз ішкен сайын сіңе береді. Сіңген сайын шөлдете түседі.
Біздің Жаңарқа өңірі қымызды бабымен ұстауға аса мән беретін ел. Өйткені үйіне кісі түскенді мақтан көретін тыраш қазақ ең болмаса қымызымен мақтанбақ қой. Пәленнің қымызы жақсы деген атқа ие болу – бұл елде бәсеке. Үлкендер қымызы тәуір үйге ғана түседі.
Ал алғаш қымызмұрындыққа әзірленетін уыз қымыздың жөні бір басқа. Қор ашуы басылмай, тәттілігінен гөрі өткірлігі басым алғашқы қымыз тойға, көрші-қолаңның думан мерекесіне бұйырады. Үн арасына сақтаған мейіздей сүрін қымызмұрындық табағына тартып, елдің сүйсініп ішіп-жегеніне бір мәз болып қалу – қазағымның ғана әдеті.
Қор ашуы басылып, әбден балаша күтуден өткен уыз қымыз – сусын атаулының шәрбаты, алпыс екі тамырды жібітер жан рақаты. Ол – дертке шипа, тәнге азық.
Біздің «Түгіскен» ауылында Күнсұлу деген бір ғажайып әйел болды. Сол кісі «Күнсұлудың қымызын ішейік» дегенді өзінен басқа ешкімге бермей дүниеден өтті. Мен елден шалғай жүргелі жарты ғасырға тарта уақыт өтіпті. Алайда сол Күнсұлудың қымызын әлі аңсаймын. Аңсаймын да, біздің елдің кейінгі Күнсұлуларының бал қымызын рақаттана сіміретін күнге жеткізсін деп тілеймін.
​Иген ХАСЕНҰЛЫ. ("Шамшырақ" кітабынан).
25 маусым 2018 ж. 1 608 0