Танысы жоқтың тынысы тар ма?
Фото: kaz.caravan.kzОл кезде мен университетті енді ғана тәмамдап, қолыма диплом алған жас маман едім. Көкірегімде арман, жүрегімде үміт. Барлық жас секілді мен де үлкен қалаға барып, өз орнымды табуды армандадым. Сол арман жетелеп Алматыға келдім. Өйткені Алматы талай жастың үмітін оятқан қала. Біреуге мүмкіндік сыйлайды, біреуді сынақтан өткізеді. Мен де сол мыңдаған жастың бірі болып, өмірдің жаңа белесіне қадам бастым. Қалаға келе салысымен жұмыс таңдап жатпадым. Қалтаға ақша емес, тәжірибе толтыру керек кезең. Сондықтан маңдай термен табылатын кез келген адал жұмысты істеуге дайын болдым.
Күндер өте берді. Жұмыс барысында түрлі адамдармен таныстым. Әр адамның өз тағдыры, өз арманы, өз өкініші бар. Солардың арасында маған ерекше жақын болып кеткен бір құрбым бар еді. Өзі менен бес жас үлкен. Шығыс өңірінің тумасы. Алғаш көрген адам оның білімді екенін бірден аңғаратын. Өзі сабырлы, байыпты сөйлейтін. Қолында қызыл дипломы бар. Оның үстіне магистратурада оқып жүрген. Қазақша да, орысша да еркін сөйлейді. Ағылшын тілін жақсы меңгерген. Математиканы жанындай жақсы көреді. Қысқасы, қай жағынан алып қарасаңыз да білімді, ізденімпаз жан болатын.Бірақ оның өмірінде бір үлкен өкініш бар еді. Ол мамандығы бойынша жұмыссыз болатын. Қазіргі тілмен айтқанда, еңбек нарығында сұранысқа ие маманның бірі саналатын жоғары математика пәнінің мұғалімі еді. Бірақ қолындағы білімі мен дипломдарына қарамастан мектептен де, басқа мекемелерден де тұрақты жұмыс таба алмады.
Бір күні мен одан «Жоғары білімді математик бола тұра, неге мамандығың бойынша жұмыс істемейсің?» – деп сұрадым. Ол аз ғана үнсіз қалып, мұң аралас жымиып: «Танысы аздың тынысы тар ғой», – деді. Осы бір ауыз сөз сол кезде маған аса ауыр естілмеген еді. Тіпті оның астарында қаншама өкініш жатқанын да толық түсінбеген шығармын. Кейінірек оның басынан өткен жағдайларды естігенде ғана бәрін ұқтым. Сөйтсем, ол жұмыс іздеп талай мекеменің табалдырығын тоздырған екен. Қаншама конкурсқа қатысқан. Қаншама құжат тапсырған. Әңгімелесуден де өткен. Бірақ нәтиже «Біз сізге хабарласамыз» деген қысқа жауаптан арыға аспаған. Бір мекеме емес, бірнеше мекеме. Бір аудан емес, бірнеше қала. Бірақ жауап бірдей...
Ал уақыт өте келе құрбымның көзі жеткен нәрсе одан да ауыр еді. Кейбір орындарға білімің емес, танысың керек. Кейбір есіктерді диплом емес, байланыс ашады. Кейбір мүмкіндіктерге қабілет емес, ықпалды адамдардың қолдауы жеткізеді. Әрине, барлық жерде солай болды деу әділетсіз болар. Бірақ сол кезеңде мұндай құбылыстардың болғаны да жасырын емес.
Жас маман үшін одан асқан ауыр соққы жоқ шығар. Өйткені адам жылдарын сарп етіп оқиды. Ұйқысыз түндерді өткізеді. Емтихан тапсырады. Ғылым қуып магистратураға түседі. Болашағына инвестиция жасайды. Ал кейін қоғам оған «сенің білімің жеткіліксіз емес, танысың жеткіліксіз» дегендей әсер қалдырса, оның арманының күл-талқаны шығатыны заңды. Менің құрбым да дәл сондай күйді бастан кешті. Бастапқыда үмітін үзбеді. Тағы да ізденді. Тағы да әрекет етті. Бірақ уақыт өткен сайын оның жүзіндегі сенімнің сөніп бара жатқанын байқайтынмын. Сонда менің көзімнің жеткені, адамның арманы бір күнде өлмейді екен. Ол алдымен шаршайды.Содан кейін күмәнданады. Сосын сенімін жоғалтады. Ақырында үмітін үзеді. Дәл осы сезімдердің барлығын басынан кешкен құрбым, бір күні маған шетелге кететінін айтты. «Неге?» деген сауалыма «Менің еңбегімнің бағаланғанын қалаймын» деп жауап қатты да, көп ұзамай шет елге көшіп кетті.
Осы бір жауап әлі күнге дейін есімде. Бүгінде әлеуметтік желіден суреттерін көріп қаламын. Өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Тұрақты табысы бар. Отбасын құрған. Жүзінен бақыттың нұры байқалады. Әрине, оның қуанышына қуанамын. Бірақ бір ой жанымды мазалайды. Егер кезінде оған мүмкіндік беріліп, өз елінде сұранысқа ие маман ретінде еңбек еткенде ше? Мүмкін бүгін біздің балаларымызға сапалы білім беріп жүрген ұстаздардың бірі болар ма еді? Мүмкін жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығар ма еді? Мүмкін өзінің тәжірибесімен еліміздің дамуына үлес қосар ма еді? Өкінішке қарай, біз кейде талантты адамдарды жоғалтып алып жатамыз.
Ең қауіптісі – сыбайлас жемқорлықтың зияны тек бір адамға ғана тимейді. Ол тұтас қоғамға әсер етеді. Пара берілген жерде әділдік әлсірейді. Таныстық жүрген жерде қабілет кейінге ысырылады. Жемқорлық жаулаған жерде таланттардың жолы кесіледі. Ал таланттардың жолы кесілген жерде мемлекеттің дамуы тежеледі. Сондықтан сыбайлас жемқорлықты кейде адамдар тек қаржылық қылмыс деп қабылдайды. Шын мәнінде ол адам тағдырын ұрлайтын құбылыс. Себебі ол біреудің жұмысын тартып алады, біреудің арманын сындырады, біреудің болашағын өзгертеді, тағы біреуді туған жерінен бездіреді. Бір қарағанда қарапайым көрінетін әрекеттердің артында осындай үлкен салдар жатады.
Бірақ бақытымызға қарай, бүгінгі Қазақстан бұрынғыдан өзгеріп келеді. Мемлекеттік қызметтер цифрландырылды. Конкурстық рәсімдер ашық жүргізіле бастады. Қоғам тарапынан бақылау күшейді. Ашықтық пен жариялылық қағидаттары нығая түсті. Әрине, барлық мәселе толық шешілді деуге ерте. Бірақ ең бастысы – қоғамның көзқарасы өзгерді.
Бұрын қалыпты құбылыс болып көрінген көптеген әрекеттер бүгінде сынға алынады. Бұрын үнсіз қалатын адамдар қазір өз пікірін ашық айтады. Бұрын жасырын қалған мәселелер қазір қоғамдық талқылауға шығуда. Осының өзі үлкен жетістік. Себебі жемқорлықпен күрес тек заңмен ғана емес, сау санамен жүзеге асады. Әр азамат әділдікті бағалап, әр ата-ана баласына адалдықты үйреткенде, әр басшы кәсібилікті бірінші орынға қойып, әр қызметкер өз еңбегімен жетістікке жетуді мақсат еткенде ғана жемқорлықтың тамырына балта шабылады.
Кейде әлгі құрбымды есіме аламын. Оның «Танысы аздың тынысы тар» деген сөзі де жадымда. Бірақ бүгін мен сол сөздің өзгергенін қалаймын. Бүгінгі Қазақстанда «Білімі бардың бағы жанады», «Еңбек еткеннің еңсесі көтеріледі» деген түсінік қалыптасса екен деймін. Өйткені, әділ қоғам – дамыған қоғам. Ал адалдық салтанат құрған елдің келешегі кемел болары сөзсіз.
Айсұлу Алданазарова



