№29 (8943) 21

21 сәуір 2026 ж.

№28 (8942) 18

18 сәуір 2026 ж.

№27 (8941) 14

14 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » «Арман мен мақсат жолындағы студент»

«Арман мен мақсат жолындағы студент»


Қазіргі қоғамда студент — тек білім алушы ғана емес, болашақтың тірегі, елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға десек, қате айтпаймыз. Әрбір студенттің жүрегінің түбінде бір арман, көкейінде бір мақсаттары болады. Бірі білікті маман болуды, еліне адал қызмет етуді армандаса, енді бірі ата-анасының үмітін ақтауды көздейді. Бірақ сол арманға жету үшін құр қиял ғана жеткіліксіз. Арманға жету жолында талмай еңбектену, іздену, өз-өзіңді дамыту — студенттің басты міндеті.

Студенттік кезең — адам өміріндегі қызығы мен қиыншылығы қатар келетін ең керемет кезеңдердің бірі. Бұл уақыт диплом алу жолындағы төрт жыл емес, бұл — тұлға болып қалыптасудың, арманыңның мақсатқа айналуы, үлкен өмірге баспалдақ құру кезеңі. Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан жас жеткіншек бүгінде үлкен өмір табалдырығын аттап, жаңа ортаға бейімделеді. Яғни жаңа достар, жаңа білім, жаңа тәртіп — мұның бәрі студенттің тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етеді.
Арман — бұл адамды алға жетелейтін, шабыт беретін ұлы күш. Армансыз адам — қанатсыз құс пен тең деп бекер айтпаған. Ал сол арманды шындыққа айналдыру үшін мақсат керек. Мақсат — уақытты белгіленген, нақты әрекеттерге бастайтын жол.
Бүгінгі студент тек сабақ оқу мен шектелмеуі керек. Ол жан-жақты дамып, түрлі қосымша курстар алып, тіл үйреніп, қоғамдық жұмыстарға қатысуы керек. Барлығы да болашақта үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі. Әсіресе қазіргі ақпараттық заманда білімге деген мүмкіндік өте кең. Интернет, курстар, кітаптар — бәрі студентке қолжетімді.
Студенттік өмірде қиыншылықтар да болып тұрады. Жолдың бәрі тегіс емес. Уақыттың тапшылығы, сабақтың көптілігі, қаржылық қиындықтар, таңдаған мамандығыңа деген күмән болуы — мұның барлығы кез келген студентке таныс жағдай. Мұндайда ең бастысы — алғашқы қадамды не үшін жасағаныңды ұмытпай, осы қиындықтарға мойымай, керісінше, оларды жеңе білу — табандылықтың белгісі. Бұл қиындықтар — адамның шыңдалуына, тәжірибе жинауына көмектеседі.
Нағыз мақсаты айқын студент — уақытын тиімді пайдалана біледі, диплом үшін емес, білім үшін оқиды, сәтсіздікті сабақ деп түсінеді. Ол бос уақытын тек көңіл көтерумен емес, өзін дамытуға жұмсайды. Себебі ол өзінің болашағына бейжай қарамайды. Әр күнін жоспарлап, пайдалы өткізуге тырысады. Ол ертеңгі күні жұмыс іздемейді, керісінше, жұмыс берушілер оны іздейтіндей деңгейге жетуді көздейді.
Сонымен қатар студент үшін тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында тұрады. Сабаққа кешікпеу, тапсырмаларды уақытылы орындау, ұстаздарды, үлкендерді құрметтеу — мұның бәрі студенттің мәдениетін көрсетеді. Тәртіпті, білімге құштар студент қашан да жетістікке бір табан жақын болады.
Қорыта айтқанда, студенттік өмір болашақтың іргетасы қаланатын кезең. Бүгінгі төгілген тер мен сарп еткен уақытың ертеңгі жарқын өміріңнің жемісіне айналары сөзсіз. Ең бастысы — өзіңе сену және әр күніңде мақсатыңа жететін кішкене болса да қадам жасау, талмай еңбектену, ешқашан берілмеу. Сонда ғана әр студент өз арманына жетіп, елінің мақтанышына айналады.
Есіңде болсын: Ең биік шыңдар оған шығудан қорықпағандарға ғана бағынады!
Назерке МАМАТ
23 сәуір 2026 ж. 42 0