Вакцинацияның тиімділігі жайлы!
Вакциналау дегеніміз не? Вакциналау – адам инфекция қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакциналау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзімділікті арттырады және иммундық жүйеңізді күшейтеді. Аурулар сияқты вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелер жасауға үйретеді.
Алайда вакцинада тек ауру қоздырғыштарының – ауру тудырмайтын және онымен асқыну қаупін тудырмайтын қоздырғыштарының өлтірілген немесе әлсіреген түрі ғана бар. Вакциналардың көбісі инемен егіледі, дегенмен ауызға салынатын және мұрын аэрозольдері де бар. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасып, бірнеше жыл бойы сақталады.
Елімізде профилактикалық егудің Ұлттық күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әр емханада егу кабинеттері жасақталып, балаларға жоспарлы түрде вакцинация жүргізілуде.
Вакциналау несімен маңызды?
Вакциналау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Қазір дифтерия, сіреспе, көкжөтел, тұмау және қызылша сияқты аурудан қорғайтын вакцина бар. Жалпы алғанда, бұл вакциналар жыл сайын 3 миллиондай адамның өмірін әртүрлі дерттен қорғайды. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз. Кейбір адамдарға, мысалы ауыр науқастарға белгілі бір вакцина алуға болмайды, сондықтан олар ауру таратпау үшін басқа адамдардың вакциналауына тәуелді. Бұл күндері елімізде қызылша ауруының алдын алу кезінде вакциналау өте маңызды болып отыр.
Вакцина қалай жұмыс істейді?
Вакциналар қоздырғышқа иммунитетті қалыптастыру үшін табиғи қорғаныс механизмін іске қосу арқылы ауру қаупін азайтады. Вакциналау ағзаның иммундық реакциясын тудырады, яғни антиденелер шығара бастайды. Антидене – бұл ағзаның иммундық жүйесі аурумен күресу үшін табиғи жолмен түзілетін ақуыздар. Олар болашақта аурумен күресу үшін қоздырғышты есте сақтайды. Егер сол қоздырғыш ағзаға қайта енсе, иммундық жүйе аурудың дамуына жол бермей, оның көзін жояды. Адам бойындағы иммундық жүйенің есте сақтау қасиеті жақсы дамыған. Бір немесе бірнеше вакцина алғаннан кейін, белгілі бір аурудан ондаған жыл бойы, тіпті өмір бойына қорғаныш аламыз. Сондықтан вакцинаны тиімді етеді. Вакцина біздің ауырып қалуымызға жол бермейді. Қазіргі кезде алдын ала егудің нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар (мысалы шешек) жойылды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жылына 500 млн адам жұқпалы ауруға шалдықса, оның 400 млн-дайы егілмегендер екені анықталып отыр. Сондықтан әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы күресте егудің маңызы зор екеніне еш күмән келтірілмейді.
Иммунды жүйе қызметі туралы білімнің жетіле түсуіне байланысты вакциналар қолдануы әрі қарай кеңейтілуде. Онкологиялық аурулардың иммунотерапиясына қолданатын препараттар өндіріліп жатқанын, тіпті жатыр мойнының қауіпті обырын болдырмау үшін екпе жүргізілетіні белгілі. Келешекте – аллергия, аутоиммунды аурулардың алдын алуына және емдеуге арнайы дайындалған вакциналар шығару міндеттері тұр.
Вакцина адам мен қауымды қалай қорғайды?
Вакциналар иммундық жүйені вирус пен бактерияларды тануға, онымен күресуге үйретуге бағытталған. Егер денеге кейінірек осы патогендік қоздырғыштар әсер етсе, оны тез жоюға дайын болады, бұл аурудың алдын алады. Егер адам ауруға қарсы вакцина алған болса, жұқтыру қаупі төмендейді, демек, ауруды басқаларға таратуы азаяды. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, соғұрлым ауру қоздырғыштың адамнан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Егер халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетеді. Бірақ ұжымдық иммунитет көп адам вакциналанғанда ғана тиімді. Мысалы, сіреспе індеті қоршаған ортадағы бактериялардың әсерінен болады және оны басқа адамдар таратпайды. Сондықтан қоғамда көп адам вакцина алмаса, вакциналанбаған адам бұл аурудан қорғана алмайды.
Вакцина алу қажет пе?
Вакцина алмасақ, қызылша, менингит, пневмония, сіреспе және полиомиелит сияқты ауыр дертпен ауыратындар саны өсе түседі. Бұл аурулар адам өміріне, денсаулығына қауіп төндіреді. ДДҰ вакцина жыл сайын 2-3 миллион адамның өмірін сақтайды деп мәлімдейді. Кейбір инфекциялық ауру сирек кездессе де, оның қоздырғыштары әлемнің кейбір немесе барлық аймағында бар. Қазір әлемде жұқпалы ауруларда шекара жоқ, бір елден екінші елге оңай еніп, иммунитеті төмен кез келген адамға жұғады.
Вакцина алудың екі негізгі себебі: өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды жұқпалы аурулардан қорғауға көмектеседі. Мысалы, жыл сайын штамын өзгертіп отыратын грипп, яғни тұмау ауруының тұрғындар арасында жеңіл өтуін қамтамасыз ету мақсатында күзде оған қарсы иммунизация жүргізіледі. Соның нәтижесінде, тұмау ел арасында асқынбай, жеңіл-желпі өтуде.
Ж. Шайхысламов,
Жаңақорған аудандық СЭББ-ың бөлім басшысы




