Соңғы жаңалықтар

№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

№31 (8845) 29

29 сәуір 2025 ж.

№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Әскерге бардың ба, жас өрен?

Әскерге бардың ба, жас өрен?


Бүгінде болмашы жағдайларды сылтауратып, әскерге барудан жалтаратындар қатары көбейді. Сонда дейміз-ау, ел басына күн туса ұланғайыр даламыз бен шекарамызды кім қорғайды? Әлде жастардың патриоттық сана-сезімі әлсіреді ме? Бәлкім, ата-ананың тәрбиесінен бе? Қысқасы, үлкен әлеуметтік-психологиялық мәселеге айналған сұраққа жауап іздеуге тырыстық.


Әуелі Жаңақорған ауданының қор­ғаныс істері жөніндегі бөлімі басшы­сы Нұрбол Есенәлиевпен тілдесіп, мән-жай­ға қанықтық. «Кезкелген жігітті әс­кер шыңдайды, оның ер азамат болып қалыптасуына тура жол салады» дейді ол. Он жеті жасында қарулы күштер қатарында сап түзеп, осы салада 20 жылға жуық қызмет атқарған өзі жастардың әскерден қа­шып, енжарлық танытатыны жанына бататынын жасырмады.
– Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Биылғы жылы көктемде 92 жасты, күзде 96 жасты әскерге аттандыруға тиістіміз. Дәл қазіргі уақыт­та, 47 жасты әскерге жібердік. Шыны керек, бүгінде жастар әскерге бармақ түгілі, медициналық тексерістен жалта­рып жатады. Әскер қатарына қосылу үшін алдымен комиссиядан өтуі міндет. Жастардың уақытылы келе алмау се­бебі, көбі бөтен қалаларда жүр. Ауыл­да жүргендердің өзін елді-мекендерді аралап, көлігімізге салып алып келеміз.
Әскерге бару – ер жігіттің Отан алдындағы, отбасы алдындағы борышы. Әскер – соғыс алаңы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын мектеп, – деді бөлім бастығы.
Хош. Ал әскерге барудан қашқан азаматтарға заңды тұрғыда талап-мін­деттер бар ма деген сауалымызға: Қа­зақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387 бабы бойынша әскерден жалтарғандар үшін жаза күшейтілгені туралы жауап алдық.
Әскери қызметтен босатуға заңды негіздері болмаған жағдайда 1000 ай­лықтық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына не бір жылға бас бостан­дығынан айрылуы мүмкін.
Сонымен қатар сұхбат барысында отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүрген жастарды іздестіріп, арнайы ал­дырып, жан-жақты жұмыс жасалып жат­қанын да көрдік. Бірақ басым көпшілігі құлықсыздық танытып, сылтау айтуда. Өзінің денсаулығына зиян келтіру, жалған құжат жасау немесе өзге де әдісті қолданғандарға 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы­нан айырылады. «Осы талапты негізге алып, неге айыппұл салмайсыздар?» деп сауал тастаған едік.
– Барлығы да қазақтың қара домалақ балалары ғой! Барлығын бірдей жалқау, боскеуде деп айта алмас едім. Бізде түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейтін секілді. Үйде ата-ана, мектепте алғашқы әскери дайындық сабақтарында ұландармен салмақты сұхбаттар болғаны дұрыс. Бізде қалай? Ата-ана бала-шағаның ортасында, дастархан басында «әскерден қалай қалып қоюға болады?» дегенді талқылап жатады. Өткенде кенттегі мектептің біріне барып, жеткіншек балалармен кездестім. Сонда бір бала жаныма келіп, «Әскерге қалай бармай қалуға болады? Сіздер жарамсыз деген құжатты ақшаға жасап бере аласыз­дар ма?» деп сұрақ қойды. Таң қалдым. Содан өзімнің тәжірибеммен бөлісіп, әскери адамдарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін жеткізіп едім, баланың ойы өзгергендей болды. Бала ой-санасын жалғандыққа емес, нағыз ер азаматқа тән қасиеттермен толықтыруымыз керек-ау, – деді сала бастығы.
Көпшілік арасында «Балаңызды әс­кер­ге жібересіз бе?» деп сауал тастаған едік. Басым көпшілігінің пікірі «Қазір кім әскерге барып жатыр дейсің? Одан да көз алдымызда жүрсін!» деген пікірге саяды. Айталық, 4 ұлды өсіріп отырған Әлия Бердімұратованың өзі бірде-бір баласын әскерге жібермейтінін жеткізді.
– Алланың берген 4 ұлы бар. Екі ұлым үйленіп, балалы-шағалы болып отыр. Кейінгі екеуі де оқуды бітіріп, жұмыс жасап жатыр. Көзімнің ағы мен қарасындай бағып-қағып отырған баламды әскерге жіберіп, уайым-қайғыға батып отырғым келмейді. Қандай ақпарат көздерін қарасаң да, әскерде оқыстан қаза тапты, өз-өзіне қол жұмсады, байқаусызда оқ атылып кетіпті деген жаңалықтар өте көп. Осының бәрі әскердегі әлімжеттіктің салдары деп есептеймін, – дейді Әлия ана.
Жастардың әскерге барудан бас тар­тып жатуына мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімдер де себепкер дегенді алға тартады. Бұл пән­нен сабақ беретін мұғалімдердің өзі әскер­ге бармаған деседі. Кент орталығындағы №125 мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қайрат Абдрахмановпен тілдескен едік.
– Басқаға жауап бере алмаймын, өзім осы саланың маманымын. Ал еңбегімнің сапасы жөнінде оқушылардан сұрау керек. Менің оқушыларымның 70 пайызы әскерге барған. Білемін, кейбір мұғалімдер жүйелі жұмыс жасамайтын шығар. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Ең дұрысы әскерге бармағандарға арнайы заң қабылданған. Егер себепсіз әскерден жалтарса, ешнәрсеге қарамастан айыппұл салу керек. Сонда ата-ана да, бала да әскерден қашпайды, – деген өткір пікірін білдірді ұстаз.
Иә, осылай қоғамның пікірі екіге жарылады. Кей жастар оқу, жұмыс және отбасындағы әлеуметтік мәселелерді сыл­тау қылады. Шақыру комиссиясына кел­мей, жауапсыздық танытуы да уақытты бос шығындағысы келмегендіген екен. Аудан жастарының осындай саяз түсінігіне, енжарлығы мен салғырттығына қынжылған ауылдық округ мамандарының да өз уәждері бар. Қандөз ауылдық округі жастар ісі жөніндегі маманы Сымбат Байарыстанова:
– Шыны керек, әскерге бару талабы қатаң түрде орындалып отыр. Өйткені ерікті түрде борышын өтеуге ынталылар өте аз. 2016 жылдан бері осы салада еңбек етіп жатырмын. Биыл бізге 3 бала міндеттелген. Оның екеуі әскерге аттанды. Жастарды әскерге жіберу өте қиын. Көп­шілігінің барғысы келмейді. Әскер түгілі, аудан орталығында әскери комиссариатқа өзіне әзер жеткізіп жатамыз. Жастардың арасында Ресейде жұмыс жасайтындары басым. Олардың ата-анасы ақша тапқанын дұрыс санайды. Отан алдындағы борышты өтеу азаматтық іс. Осыны көп ата-аналар түсіне бермейді, – деді.
Ал, Қаратөбе ауылының әскерге есепке алу және жастар ісі жөніндегі маман Айсара Мырзабаевның да айтары бар.
– Қаратөбе ауылдық округі бойынша 18-27 жас аралығындағы әскер қатарына шақыртылуға жататын қырыққа жуық азамат бар. 2025 жылы көктемгі мерзімге медициналық сараптамадан 7 азамат өтіп, оның үшеуі жарамды болып, қазіргі таңда әскер қатарында. Жастар әскерге баруға 100 пайыз ынталы деп айта алмаймын. Соңдарынан іздеп жүріп, өз көлігімізбен апарып жатамыз. Енді көктемгі шақыртылуға жұмыс жасап жатырмыз. Аудан бойын­ша халқы аз ауыл болсақ та берілген тапсырманы толығымен орындап жатырмыз. Бұл бізге оңай болып жатқан жоқ. Отанды қорғауға баратын жастардың көпшілігінің бойында патриоттық сезім аз. Бұрын әскер­ге бармаған азамат қоғамнан шеттетіліп қалатын. Қазір олай емес. Әскерге бар­дың ба, бармадың ба ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Сондықтан болар, жастарымыз азаматтық борышын өтеуге келгенде түрлі сылтау айтып, бой жасырып жүр, – дейді ол.
Байқағанымыздай, жеткіншектердің жау­аптылықты жете түсінбеуінің салдарынан әскер қатарына баратындардың саны әлдеқайда аз. Дәрігерлердің дерегінше, бүгінде әскерге шақырылғандардың тең жартысының денсаулығы дімкәс. Бұрын­дары майтабан, белдің қисаюы сынды ауру белгілері белең алса, қазір көбінің көру қабілеті нашарлағанын алға тартады.
– Биыл 2006 жылы туған балаларды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Компьютер мен телефонның зардабы. Жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар да көп кездеседі. Балалардың денсаулығы нашарлап барады. Бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, сондай-ақ семіздік көбейіп жатыр. Ондай жағдайда біз емделіп келуге уақыт береміз. Сосын асқазан-ішек ауруын да атар едім. Ол дұрыс тамақтанбаудан деп санаймын. Әскерге барамыз деп ұмтылып тұрған жігіттер денсаулығы нашар болғандықтан қалып қойып жатады. Ондай жағдайда әскерге жарамсыз деген әскери билетті береміз. Жігіттердің шамамен 20-25 пайызы әскерге жарамсыз, – дейді әскерге шақыру медкомиссиясының дәрігері Гүлжан Мырзашева.
Мақала жазу барысында, әскер жа­сындағы інілеріміздің пікірінен кейін, терең ойға батқаным жасырын емес. Әскерге барып келген жастар мен барғысы келмейтіндердің пікірін білуді де жөн көрдім. Кент тұрғыны Самат Естайұлы 2015 жылдың мамыр айында әскерге аттанып, 2016 жылдың 16 мамырында елге оралған. Әскери борышын Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылында орналасқан әскери бөлімшеде өтеген. Оның айтуынша, әскер оның мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіпті.
– Әскери борышымды өтеуге 20 жасым­да бардым. Әскерге барғанша бұзықтау болғанмын. Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Жасұланның арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, өмірге салмақты қарай бастадым. Ең бірінші, ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін терең түсіндім. Содан соң уақыттың, ақшаның қадірін білдім. Осылай өмірден біраз нәрсені түйдім. Әскер мені жақсы жағына өзгертті. Сондықтан әскерге барғаныма қатты қуанамын. Өз басым айтарлықтай қиыншылық көргенім жоқ. Тек ұйқы жағын реттей алмай қиналғаным рас. Әскерде наряд деген тәуліктік кезекшілік бар. Сол күні түнге дейін кезекшілікте тұрып, тек төрт сағат қана ұйықтайсың. Бір-екі күн ұйықтамай, ұйқыны ұмытқан кездер де болған. Дені сау адам күніне сегіз сағат ұйықтауы керек. Ал, спорттық жаттығулардан қиналған жоқпын. Әскерде борышын өтеушілерге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған, – деді.
Иә, бірі әскери тәртіптен қорықса, бірі амалының жоғынан барады. «Бүгінде әс­керге барудың қажеті жоқ» деп есептейтін жастар көп. Мәселен, сондай жастың бірінің жасы 25-те, жыл сайын әскерге шақырту келген. Алайда, түбегейлі бас тартқан.
– Шынымды айтсам, мен әскерге барған бір жыл уақытты бос өткізу деп есептеймін. Арнайы, сол салаға баратын жігіттерге дұрыс шығар. Өзімнің отбасылық жағдайым орташа, әкем мен анам зейнет жасындағы адамдар. Екі жылдан бері Ресейде жұмыс жасап жатырмын. Қазір үлкен үй салып бітірдім. Бір жылда кемінде 4-5 млн ақша тауып келемін. Әскерге баратын болсам ол ақшаны маған кім береді? – дейді ол.
Бес саусақ бірдей емес. Кешегі Бауыр­жандай батырдың нағыз ұрпақтары бар арамызда. Отансүйгіш, қандай жағдай болса да міндетін атқарудан жалтармайтын жас өрен әскерге баруы міндетті!

Әсел РЗАЕВА
30 сәуір 2025 ж. 98 0