Құс еті және оны қайта өңдеуде ережелер сақталуы тиіс

Азық-түлік қауіпсіздігі-қоғамдық денсаулықтың негізі. Соңғы жылдары халықтың құс етіне және одан жасалған өнімдерге деген сұранысы едәуір артты. Себебі құс еті - ақуызға бай, қолжетімді әрі тез дайындалатын өнім. Алайда тұтынушыға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну үшін өндіріс процесінде қатаң санитарлық-гигиеналық талаптар сақталуы тиіс.
Құс еті – жануар тектес өнім болғандықтан, ол микробиологиялық және паразитологиялық тұрғыда жоғары қауіп тудыруы мүмкін. Сальмонелла, кампилобактер, листерия сияқты бактериялармен ластанған құс еті адам денсаулығына зор қауіп төндіреді. Сонымен қатар, қайта өңделген өнімдерге қолданылатын қоспалар мен технологиялар да қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет.
Осыған байланысты құс еті мен өнімдерінің өндірісінде, сақтауында және тасымалдануында мемлекеттік бақылау шаралары күшейтіліп отыр. Әр кезеңде өнім сапасына бақылау жүргізіледі:
– тірі құсты сою алдында ветеринарлық тексеру жүргізіледі;
– сою және қайта өңдеу цехтарында санитарлық талаптардың сақталуы қадағаланады;
– дайын өнімдерге микробиологиялық және химиялық зерттеулер жасалады.
Соңғы жылдары жүргізілген қадағалау нәтижесінде бірнеше маңызды жетістіктерге қол жеткізілді:
– Өндіріс орындары HACCP, яғни тәуекелдерді талдау және маңызды бақылау нүктелері жүйесін енгізіп, өнім сапасын жүйелі бақылауға мүмкіндік алды.
– Мерзімі өткен немесе талапқа сай емес өнімдерді анықтау және саудадан алып тастау жұмыстары жиі жүргізілуде.
– Құс етінің сапасын экспресс-зерттеу үшін жаңа диагностикалық құралдар қолданылуда.
– Жарамдылық мерзімі, сақтау температурасы, қаптаманың сапасы сынды талаптар бойынша тексерістер күшейтілді.
Бұған қоса, тұтынушылар арасында тағам қауіпсіздігі бойынша ақпараттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл халықтың санитарлық мәдениетін көтеруге және қауіптің алдын алуға оң әсер етуде.
Құс еті және оны қайта өңдеу өнімдерінің қауіпсіздігі – халық денсаулығын сақтау жолындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл салада жүргізіліп жатқан бақылау шаралары мен санитарлық талаптардың орындалуы өнім сапасын арттыруға, тағамнан уланудың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Болашақта осы бағыттағы ғылыми, технологиялық және санитарлық жұмыстар жалғаса береді, ал бұл өз кезегінде халыққа қауіпсіз, сапалы тағаммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Гүлбану Мамбетова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы