» » Қатерлі ісік қайдан шығады?

Қатерлі ісік қайдан шығады?


Халықаралық онкологиялық зерттеулер агенттігінің (IARC) деректеріне сәйкес, қатерлі ісік көрсеткіші бойынша Азия елдері көш бастап тұр. Оның ішінде, біздің елдің де үлесі бар. Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Ауыр дертті еңсере алмай, 14 мыңнан астам науқас қайтыс болады екен. Бүгінде медицина дамып, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелердің түйіні шешіле бастағанымен аты жаман онкологиялық ауруларды емдеуде әлі де ақсап тұрмыз. Өкініштісі, жыл өткен сайын онкологиялық аурудың түрлері де, онымен алысатын науқастар саны да артып келеді. Сол себепті қажетті сала мамандарымен сөйлесіп, аурудың алдын алу жолдарын түсіндіріп көруге тырыстық.


Ісіктің пайда болу себептері

Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Десе де, онкологияға шалдығудың негізгі себебі – адам ағзасында жаңадан пайда болған жасушалардың қызметі бұзылып, ескі жасушалардың мутацияға ұшырауы. Яғни, қызметін атқарып болып, физиология­лық тұрғыдан жойылып біткен ескі жасуша қалдықтары қайта түрленіп алдымен, кішкентай ұйыған қанға, одан әрі, ет өскініне, өскін ісікке айналуымен түсіндіріледі. Бірақ, қатерлі ісіктің пайда болуын бірден анықтау қиын. Тек ісік көлемі ұлғайып, науқас ұзақ уақыт созылмалы жөтелге шалдығып қан түкіре бастауы, тамаққа тәбеттің болмауы, үлкен көлемде салмақ жоғалту сынды өзгерістер – жаман аурудың жайлап келе жатқанынан дабыл қағуы мүмкін. Аурудың пайда болуына әр түрлі факторлар әсер етеді. Оның ең басты себебі – темекі болуы да мүмкін. Ал қазіргі жастар арасында кең сұранысқа ие болған қорқор түтінінің темекіден екі есе зиянды екені де айтылып келеді. Онколог, дәрігерлер жастар арасындағы қатерлі ісік ауруының дендеп бара жатқанын тап осы темекі мен қорқордан бөлінетін никотинмен байланыстырады. Оған себеп, жоғарыда атап өткен ескі жасушалардың мутацияға ұшырауының бірден-бір себепшісі – темекі. Одан бөлек, артық салмақтың болуы, дұрыс тамақтану тәртібінің жоқтығы, шамадан тыс ультракүлгін сәулелерді қабылдау – дәл осы жасушалардың мутацияға ұшырауының негізгі қоздырғышы болып табылады.
Онколог дәрігер Аян Мырзахановтың айтуынша, қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі – созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс. «Аурудың алғашқы пайда болған кезін рак инцито деп атайды, бұл І-сатыға жетпеген кезең. Ал І сатыда обыр тек кілегейлі қабықта болады, ІІ сатыда ол келесі қабатқа өтеді. ІІІ-ІV сатыларда обыр түйінге айналып, тарай бастайды.
Алғашқы екі сатысында емдеп жазуға әбден болады. Қатерлі ісіктің І сатысындағы науқастардың 95% емдеп жазуға болады, ал ІІ сатысындағылардың 80-90 пайызы емделуге мүмкіндігі бар. ІІІ сатысындағы науқастарда да ота сәтті жасалып, өз уақытысында ем алса, жазылуы ғажап емес. Ал дерттің IV сатысындағы науқастарға ота жасалып, олардың өмірін ұзартуға барынша жағдай жасалады. Асқындырмас үшін үнемі тексеруден өтіп тұру керек. Егер скринингке жатпайтын түрі болса, жылдам профилактикалық тексерістен өту қажет.
Тері, қалқанша безі мен сүт безінің обыры кішірек кезінде көрінеді. Ол мүлде науқасты мазаламауы мүмкін. Бірақ, оларды мұқият қарап, тексерсе бірінші сатысынан-ақ табуға болады, – дейді дәрігер.

Қатерлі ісіктің түрлері мен белгілері


Қатерлі ісіктің түрлері әртүрлі болғандықтан, олардың белгілері де әрқалай көрінуі мүмкін. Біздің елімізде онкологиялық аурулардың өкпе қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі, тері қатерлі ісігі, асқазан қатерлі ісігі сияқты түрлері жиі кездеседі. Сәйкесінше бұл аталғандардың біліну белгілері де сан түрлі. Мысалы, өкпеде пайда болған қатерлі ісік – ұзақ уақытқа созылған жөтел, қақырықта қанның пайда болуы, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілермен байқалса, кеудедегі түйіндердің пайда болуы, сыздап, ауырсынуы, терінің өзгеруі сияқты белгілер – сүт безінде қатерлі ісіктің пайда болғанын білдіреді. Осы секілді, тері қатерлі ісігі: түскен түйіршіктердің немесе меңдердің көлемінің ұлғаюы, түсінің өзгеруімен, асқазан қатерлі ісігі: Тәбеттің жоғалуы, іштің ауырсынуы, салмақтың күрт төмендеуі сияқты белгілермен көрініс таба бастайды. Аурудың алғашқы кезеңдерінде бұл белгілер байқалмауы немесе басқа дерттердің симптомдарына ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан уақытылы тексеруден өту өте маңызды.
Бүгінде аудандық ауруханада 400 ден аса науқас тіркеуде тұр. Олардың басым көпшілігі әйел азаматшалар екен. Яғни, сүт безі мен жатыр мойыны қатерлі ісігі. Ал, ер кісілерде қуық асты безі мен асқазан ішек жолдарында жиі кездеседі. Өткен жылдарға қарағанда ауданда науқастар көбейіп жатыр. Тіпті, жастардың арасында да жиі кездесуде. Науқастың ауру түріне, жағдайына қарай химиялық, сәулелік немесе операциялық ем түрлерін тағайындап, науқаспен жүйелі жұмыс жүргізіледі.

Қатерлі ісікті емдеу жолдары

Қатерлі ісікті емдеу тәсілдері аурудың түріне, оның таралу деңгейіне және науқастың жағдайына байланысты таңдалады. Негізгі емдеу әдістерінің бірі - хирургиялық жол. Ол, қатерлі ісік ошақтарын жою үшін жасалса, химиотерапия арқылы дәрі-дәрмектің көмегімен ісік жасушаларын жоюға жұмыс жасалады. Емдеудің тағы бір жолы ретінде сәулелі терапия қарастырылады. Ал, иммунотерапия – ең қауіпсіз емдеу шарасы болып табылады. Емдеудің бұл сатысында ағзаның өз иммундық жүйесін қатерлі ісікпен күресуге ынталандыру жұмыстары жүргізіледі.
Ауданымыздағы онколог дәрігер Салтанат Омарованың айтуынша, онкологиялық аурулардың алдын алу үшін ерте диагностика мен салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Ол халықты тұрақты түрде медициналық тексерулерден өтуге және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады. Сондай-ақ, ол онкологиялық ауруларды емдеуде заманауи әдістер мен технологияларды қолданудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, жаңа емдеу тәсілдері науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға және аурудың дамуын тежеуге көмектеседі.

Ауырмайтын жол ізде

Онкологиялық аурулармен күресу үшін оны болдырмаудың маңызы зор. Көптеген зерттеулер алдын алу шараларының қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығын төмендететінін дәлелдеген. Мысалы, дене белсінділігін арттыру, жаттығу жасау, таза ауада жиі серуендеу, артық салмақтан арылу, табиғи таза өнімдерді тұтыну, күнге күюден сақтану секілді көпшілігіміз елей қоймайтын қарапайым амалдар аты жаман ауруға шалдығудың алдын алады.
Бұған дейін де айтып келгеніміздей, жаңа сауылған бие сүтінің пайдалы қасиеттері көп, оның ішінде иммунитетті көтеру, асқазан-ішек жолдарын жақсарту, ағзаны жалпы нығайту сияқты әсерлері бар. Кейбір зерттеулер саумалдың антиоксиданттық қасиеттері арқылы қатерлі ісікке қарсы әсер көрсетуі мүмкін екенін айтады. Бұл оның құрамындағы табиғи ферменттер мен биологиялық белсенді заттардың әсеріне байланысты. Яғни, саумал – қатерлі ісікке нақты ем бола алмағанымен енді көрініс таба бастаған түйіндерді жоюға, олардың ісікке айналуын болдырмауға айтарлықтай ықпал жасайды.
Қатерлі ісіктің алдын алу – денсаулықты қорғаудың маңызды қадамы. Дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, физикалық белсенділікті арттыру арқылы көптеген қатерлі ісік түрлерінің даму қаупін төмендетуге болады. Сонымен қатар, медициналық тексерістерден уақытылы өту алдын алу шараларының маңызды бөлігі болып табылады. Ағзаны нығайтып, иммунитетті күшейту – денсаулықты сақтаудың негізгі кепілі. Өзіңе қамқор болу – ұзақ әрі сапалы өмірдің негізі.

Жәмила ЕРМАХАН

25 қаңтар 2025 ж. 148 0