№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Иесіз ит-мысық: қорғау керек пе, қорғану керек пе?

Иесіз ит-мысық: қорғау керек пе, қорғану керек пе?

Жиырмасыншы ғасырдың соңында әйгілі қаламгерлер табиғатты қорғау, қоршаған ортаны аялау мәселелерін жиі көтерді. Басылым беттерін «Табиғат, аяла сен мені» айдарымен сан тақырыптар жаулады. Қаламгерлер Олжас Сүлейменов пен журналист Сәуле Досжанованың бірбіріне жазысқан сырлы хаттарынан табиғат ананың қасиетін жете танып, табиғаттың адам баласы үшін құндылығына зер салған едік. Жарты ғасыр бұрын жарияланған жазбаларда «Қаңғыбас иттердің пайда болуы қоғамның мәдени құлдырауының көрінісі» екені айтылса да, бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті мәселеге айналып тұр.
Міне, біздің ұлттық санамыздың әлсіреген тұсын ит пен мысықтың қараусыз қалуынан аңғарамыз. Күннің көзіне арқасын тосып, өзек жалғар өлексе іздеген бұралқылардың адамға да қауіп төндіретінін көріп жүрміз. Тіпті, күздің қарасуығы, ақтүтек боранда бір топ азутістілердің бір отар қойға қаймықпай шабатынын естіп жүрміз. Бүгінде ит қапқан жандардың жанайқайы әлеуметтік желіде қызу талқыға салынуда. Осы жағдайға кім жауапты? Осы сауалдарды аудандық ветеринария бөлімі бастығының орынбасары Жомарт Нұрқожаевқа қойған едік. – Кентте соңғы жылдары иесіз иттердің көбейгені жайында шұғыл хабарлар жиі түсуде. Өткен жылы 2171 иесіз үй жануарлары жойылды. Нақтырақ айтсақ, 2054 ит пен 117 мысықты біздің мамандар аулап, көзін жойды. Биыл 91 ит пен 2 мысық оққа ілінді. Күн сайын толастамай тұрған қоңыраулардан-ақ, тұрғындардың ит пен мысыққа деген көзқарасын бағамдай беріңіз, – деді ол. Көше кезген қауіпті жануарларды құрықтауға «қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою» туралы облыстық штабтың №195 бұйрығына сәйкес, жергілікті мамандар үй жануарларын аулау және жою туралы шараларды тұрақты жасап келеді. Әйтсе де, мамандарға иесіз иттер мен қаңғыбас иттерді ажырату қиынға соғып тұр. Себебі, иттерді беймезгілде бос қоя берудің салдарынан қаңғыбас иттермен араласып, түрлі инфекция жұғу каупі жоғарылауда. Мұндайда әрбір тұрғын иелігіндегі ит-мысығын үйде бағып, белгілі уақытта серуендетіп, айналасына зиянсыз болуын қамтамасыз етуі керек-ақ. Қаңғыбас жануарларды жою кезінде мамандар тұрғындарға «иттерге ие болу» туралы ескертпе жасағанымен, көпшіліктің бұған мән бермеуінен иесі бар иттер де атылып кететін жайттар да жоқ емес. Кезбе иттерді сөз еткенде көшеде ашық жатқан өлексе туралы айтпай өту мүмкін емес. Қыс айларында үсіп өлген үй жануарларының қаңқасы көше бойында жиі кездеседі. Жанынан өткенде жүрек айнытар көріністерді көпшілік әлеуметтік желіге жиі жүктеп, сын айтып келеді. – Күніне 3-4 өлексені көше бойынан кездестіреміз. Тұрғындар сүйреп әкеп тастауды әдетке айналдырды. Біздің мекеменің міндетіне өлексе тазалау ісі кірмесе де тазалап келеміз. Оның қандай аурумен ауырып, неден өлгендігі белгісіз. Иесі де белгісіз. Халық өзінің қаншама уақыт қорып, қолында өскен мақұлыққа осыншама қатыгез болғаны қалай? – деп ашынады көше тазалушы Мейірбек Жантілеуұлы. ӘЛЕУЖЕЛІДЕГІ ӘҢГІМЕ Фейсбукте Бибайша Өтеева есімді қолданушы: «Көше камерасы арқылы өліксені кім тастайтынын анықтап, оларды әлеуметтік желі арқылы жариялап, ұялту керек. Сонда өзге де жерлестер көше мәдениетін құрметтер еді», – деген пікір қалдырды. Ал Гүлжаһан Мырзабекова деген желі қолданушы «аямай айыппұл төлету керек» депті. Хош. Халықтың әлеуметтік желіде «өлексе тастаушыларға» өкпесі қарақазандай. Сонда өлексеге жауапты кім? Қорадағы үй жануарларының өлігін қалай жоя аламыз? Біз осы сауалды кент әкімі аппаратының маманы Алма Мамироваға қойдық. – Кентте өлекселерді жою, өртеуге арнайы орын белгіленіп пайдалануға берілген. Егер үй жануары белгілі бір індетпен ауырып, өлетін болса онда оны ветеринария мамандары жою жұмысын жасауы міндетті. Құтырған ит пен мысыққа арнайы мамандар қарастырылған. Оның арнайы ережесі бекітілген. Егер жануар өзі өмір сүруін тоқтатса, онда иесі өлексені көшеге шығарып тастамай, арнайы орынға апарып, жою керек. Біз барынша үй жануарларынның иесін іздеттіріп, ескерту жасап, әрекет қайталанса айыппұл салып, шара көреміз, – дейді ол. Жануарлардың өлекселерін жою 4 әдіспен атқарылады. Біріншісі ветеринариялық-санитарлық талапты сақтап жою, екіншісі – өртеу, үшінші – биотермиялық шұңқырда жою, төртінші – өлексе қорымында көму. Осы әдісті арнайы мамандар түсіндіріп берді. Бірінші әдіс құтырған ит пен мысықтарға, топалаң тиген ірі малдарға қолданады. Егер вирустық ауры болмаса өртеледі. Үшінші әдісте 2 метр шұңқыр қазылып, бөрене ағаштармен бірге өртеледі. Соңғы әдіс біздің кентте жиі қолданлатын әдіс. Жылына өлексе қорымына 30-ға жуық жануар апарылады. Айтпағымыз, тазалық мәдениеті қалыптаспай, кенттің көрінісі өзгермейді. «Әлем өзгерсін десең, алдымен өзіңді өзгерт» дегендей ең алдымен тазалықты өз тұрағыңыздан бастап, көшенің көркемденуіне күш салған жөн-ақ. Егер қандай да бір қиындық туындаса көше комитетіне, не болмаса 22-6-05 телефонына хабарласып, мәселеңізді айтуға болады. ИЕСІЗ ҚАЛҒАН ИТІМІЗ ИТАЛИЯДА Жаздыгүні орталықтағы «Нұр» базарының маңына лақтырылып тасталған көзін де ашпаған қызылшақа марғауларға жаны ашыған бір бойжеткен алтауын да үйіне әкетіп, емізікпен сүт беріп, қамқорлық танытып жатқаны туралы әлеуметтік желіден көрдік. Желідегі көңілді елжіреткен көрініске көпшілік қолдау білдіріп, арнайы қайырымдылық шотын ашып, ықылас білдіріп жатты. Бұл ізгі ниет мұхит асып, шетелдіктердің де назарын аудартты. Арада бір ай өтпестен Дүниежүзілік жануарларды қорғау ұйымының еріктілер тобы нақтылап айтқанда, италияндық Джорж Тауран деген ерікті елге сыймаған бір күшік пен мысықты асырап алғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өз парақшасында жазба қалдырды. «Қазақстандық иттердің тұқымы мықты келеді, әрі иммунитеті жоғары болғандықтан суыққа төзімді. Бұған дейін оннан аса күшік асыраған едім, олардың ішінде осы итім өте ақылды болып шықты. Бір жасқа толғаннан кейін үй жануарларыммен бірге Қазақстанға саяхаттауды жоспарлап отырмын», – деп көпшілікті қызықтырып қойды. Негізі, «итің жаман» десе намыстанып қалатын халықтың ұрпағымыз емес пе едік, мына жазбаға іштей ыстықтап қалдық. Ресми мәліметтерге жүгінсек, елімізде қараусыз қалған ит-мысықтардың сегіз пайызы дүниежүзілік жануарларды қорғау ұйымдары шетелге асырып отыр екен. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 12832 қараусыз ит-мысықтың 102-і ғана шет аймақтарға жөнетілген. ТҮЙІН. Айтпағымыз, күшік кезінен асыраған ит пен мысықты хайуан деп қарамай, обал-сауабына қалмай, қадір-қасиетін ұғынар жан қайда? Болмаса, еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп-ақ айтуын айтып та жүрміз. Итімізден бұрын өзіміздің адами киеміз жоғалмасын дейік.
Мақпал МАРҚАБАЙ
01 қазан 2024 ж. 108 0