№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БҮГІНГІ КЕЛІН ЕРТЕҢГІ ЕНЕ

БҮГІНГІ КЕЛІН ЕРТЕҢГІ ЕНЕ


Қазақтың әрбір мақалында – өмірдің шындығы бар. Нақыл сөздер халық тәжірибесінің нәтижесі іспеттес. Халық даналығының көбінде ене мен келін жайында кеңінен айтылған. Сол даналық сөздерді бүгінгі заманмен ұштастырып, ақиқатына үңілсек...


«Келін ененің топырағынан жаралған» деген сөзде үлкен мән бар. Қазақта қыз айттырарда баланың анасы өз төркін жұртынан абыройы асқақ, көргенді жердің қызын таңдаған екен. Бұл үрдіс кей отбасында берік сақталған. Бір әулеттен шыққан ене мен келін бір-біріне жақын болып, қайғы мен қуанышты бір бөлісетін болады. Жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын сырласқа айналады. Мұндай отбасының беріктігі мәңгі сақталады. Енесінің ізін басып, ошағын сөндірмейтін ибалы келін елге де сыйлы болары хақ. Кей отбасында келіні енесіне иман, қылық, іскерлік, тіпті бет әлпеті жағынан өте ұқсас болып келеді. «Ойпырмай, келіні енесіне айнымай қалыпты» деп жұрт таңданысып жатады. Бұл жүзден бір ғана отбасына бұйырған бақ шығар!
«Жақсы келін құт болар, жаман келін жұт болар» дегендей, арамызда алтынға бергісіз жеңгелер де, отбасы ұғымын жіті түсіне бермейтін жас келіндер де баршылық. Тұрмысын түзеп, жоқтан бар жасап, керегесін кеңейтіп, босағасының отымен кіріп, күлімен шыққан асыл аналардың барына тәубе!
Кейінгі жас келіндердің көпшілігі шымылдығын түрместен тұрпайы қылығымен түңілдірсе не амал? Әрине, әркім ұясынан көріп білгенін аттаған босағасында айшықтары анық. Осындай жұт келіндердің кесірі тек өз отбасына ғана емес, қоғамға да тұсау. Ардагерлер үйіндегі қарттардың көз жасына да көбіне солар қалыр жүр. Оның себебіне келсек, икемі аз келін келген жеріне сіңісіп кете алмайды. Әрине, мұндай жағдайда енесінің тәрбиесі мен қамқорлығы қажет. Қателігін түзетіп, білмегенін үйрету тек байсалды енелердің қолынан ғана келер іс!
«Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын» деген тілектің төркінінде жас отаудың қабырғасын қалайтын да, сөгетін де әйел деген сенім жатыр. Келін адал болса, отбасы мен туыстарының да ырзығы мол болмақ. Ары таза ана не қиындық көрсе де, перзент бақытын бәрінен биік қояды. Күйеуінің теріс қылығына да төзіп, ата-енесінің қабағына қарайлап, еркек-әйелдің жүгін бір өзі арқалап жүрген жандар қаншама?!
«Жаман ене күншіл келеді» демекші, қылт етсе кемшілігін бетіне басып, ұлы мен келіннің арасына түсіп, шаңырақтың берекесін қашыратын енелер де кездеседі. Ағайын-туысқа келінін жамандау әулет намысын аяққа таптау емес пе? Ашуға мінген енеге ешкім де тосқауыл бола алмасы анық. Осындайда келін барынша сабырлық танытқаны абзал.
«Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген халық даналығында үлкен мән бар-ау. Ата-ана қандай жағдайға тап болса да, олардың көңіліне қаяу салмай, барынша құрмет көрсету борышымыз іспетті. Қасиетті хадисте де ата-ене туралы көп уағыздар бар. Мысалы, баяғыда дін жолында жүрген иманды бір әйел қағбаға барғысы келген екен. Алайда, үнемі жоқшылық қол байлайтын көріне­ді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) «Ата-енеңді жақсылап күт. Солардың көңілін тауып, ризашылығын алсаң қажылық пен ұмыраға барып-қайтқандай мол сауапқа кенелесің» депті. Осы киелі кеңесті тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп ұғыңыз, қадірлі оқырман. Ал сіз не дейсіз?

Мақпал МАРҚАБАЙ

17 қыркүйек 2024 ж. 404 0