» » Тарихи өңірде тынығу орны ашылды

Тарихи өңірде тынығу орны ашылды


Өзгент ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылында «Өзгент» тынығу лагері жас өрендерге есігін айқара ашты. Бұл Жаңақорған ауданында жан-жақты жағдайы қалыптасқан үшінші тынығу жайы. Көпшіліктің көңілін қуанышқа бөлеген қасиетті орындағы балалар мекенін аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов ашты.

– Қадірлі қауым, құрметті ата-аналар мен балалар. Сіздерді бүгінгі 1-маусым Халықаралық балалар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Осыған сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде кешенді шаралар жүзеге асуда. Біздің аудан да бұл бастамадан шет қалмай, білім беру ұйымдары балалар үшін ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Міне, бүгінгі жазғы лагерьдің ашылуы соның бір айғағы. Жазғы маусымда «Тау самалы», «Талдысу» тынығу лагерінде ауданнан 470 бала тегін демалады. Бұл мақсатта бюджеттен 12 млн теңге қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар, биыл кент орталығынан соңғы үлгімен жабдықталған балалар демалыс орталығы ашылады.

Бала – біздің болашағымыз, бақытымыз. Олардың әрбір күнін мазмұнды ұйымдастыру бағытында ашылған «Өзгент» тынығу лагерінде бүлдіршіндеріміздің көңілді демалуына тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, – деді аудан басшысы. Одан әрі Мұрат Жолкелдіұлы аталмыш лагерьде демалып жатқан балаларға мерекелік шашу ретінде өз атынан сыйлық үлестірді.

Аудан әкімінің мәліметінше, аудандағы «Байкен-U» ЖШС, «СКЗ-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС сияқты ірі өндіріс орындарының демеушілігімен 1710 бала «Машат», «Әдемі», «Біркөлік»,«Орда» және «Саяхат» лагерінде тегін демалатын болады. Ал, мектеп жанындағы күндізгі лагерьлер 5000 баланы жазғы демалыспен қамтыса, мамыр-маусым айында 3000 бала Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Сығанақ, Қатынқамал сияқты руханитарихи орындарға саяхаттайтын болады.

– Бала – біздің барымыз. Егемен еліміздің ертеңі бүгінгі бүлдіршіндеріміз екенін естен шығармаған мемлекетіміз балаларға барынша жағдай жасауды жолға қойған. Мәселен, осы «Өзгент» тынығу лагері ғимараттары 2020 жылы аудандық білім бөлімінің қарамағына өтіп, №245 орта мектептің балансына берілді. Осыған дейін қаражат мәселесі шешілмей жұмысы тоқтап тұрған болатын. Алайда, биыл балалар жылының қарсаңында бұл мәселе оңынан шешіліп, лагеріміз есігін қайта ашты. Қазір лагерь тиісті мамандармен толық қамтылған. Әр 10 күн сайын 20 бала тегін тынығады. Балалар таңнан кешке дейін қызықты ойындар ойнап, қайықпен серуендеп, қауызға түседі. Үш мезгіл сапалы тамақтанып, жазғы демалысын көңілді өткізеді. Биылғы жылы біздің мектептің бастауыш сыныбында оқитын 60 оқушының 70 пайызын осы лагерьмен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – дейді №245 орта мектептің директоры Нұркен Смет.

Нұркен Тастемірұлының айтуынша, бүгінгі «Өзгент» лагері болып ашылған ғимараттар 2016 жылы БҰҰ-ның «Мүгедек балаларды қорғау және оңалту» жөніндегі бағдарламасының негізінде бой көтерген. Яғни, БҰҰ-ның грантымен салынған. Негізгі мақсаты
– аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын ашу болған. Бастапқыда аудандық жұмыспен қамту мекемесінің балансына берілген. Бірақ, штат мәселесі шешімін таппай, екі жылдан аса қараусыз қалыпты. Одан кейін 2018 жылы Өзгент ауылдық округінің қарамағына берілгенімен ісі ілгері жылжымады. Ал, 2020 жылы аудандық білім бөлімінің қарамағына өтіп, №245 орта мектептің балансына беріліп, толық қамқорлыққа алынып, көркейтукөгалдандыру бағытында бағбандық жолға қойылған. Міне, осынау аймақ қамқор қолдың қарауына көшкелі көзі ашылып, енді көркем орынға айналып отыр. Балалар мекенінде алдағы уақытта аз қамтылған отбасылар мен көп балалы отбасылардың балалары ақысыз дамалатын болады.

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші, балаларға жағымды жаңалығымен шымылдығын түрген салтанатты шарада ауыл ақсақалы Анарбек Дүйсенұлы сөз алып, игі бастамаға батасын берді. Одан әрі аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама жалғасын тауып, көпшілікке көтеріңкі көңі-күй сыйлайды.

Айсұлу Алданазар
04 маусым 2022 ж. 335 0