Баспаналы болу – бір бақыт
Шаңырақ көтерген жастардың ортақ арманы – баспаналы болу. Бірақ қазір аудан орталықтарында да үйлі-жайлы болу қиындап барады. Бұл мәселені шешуде, халықтың баспаналы болуында мүмкіндік жасайтын тиімді бағдарламалар аз емес. Сол себепті де елдегі ипотекалық бағдарламалар жайын бәрі де білгісі келеді. Бүгінде банк салымшылары үшін тиімді қандай бағдарламалар қолға алынуда, мемлекеттік сыйақының талаптары қандай, банктің басқа қаржы ұйымдарынан айырмашылығы неде? Осы орайда біздің сауалдарымызға «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының кеңесшісі Жазира Жаппар жауап береді.
Айта кету керек, елдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етілуі болса, нәтижесінде Жаңақорған ауданының 300-ден астам тұрғыны баспана алып, 8 мыңға жуығы салым ретінде тіркелген екен.
– Жазира Әшірәпқызы, жақында Жаңақорған ауданынан «Отбасы банкінің» бөлімшесі ашылып, көпшілік қуануда. Айтыңызшы, қарапайым халыққа «Отбасы банкінің» тиімділігі қандай?
– «Отбасы» банкінен депозит ашып, үш бағытта пайдалануға болады. Яғни, үй алуға, үй салуға және үй жөндеуге бағытталады. Бізде шот ашу тегін. Бастапқы жарна 20 000 теңге. Егер жиырма мың теңге салсаңыз, республика бойынша еліміздің кез келген қаласынан үй алуға жарайды. Кемінде үш жыл көлемінде жиналу керек. Егер кез келген уақытта өзіме қаражат керек немесе үй алмаймын деген адам болса, шоттағы қаражатты шешіп алуына болады. Бірақ айыппұл ретінде 5 мың теңге төлейді. Әрі мемлекет тарапынан берілген сыйақы болса, оны мемлекет алып қояды.
– Қазір қандай бағдарламалар жүзеге асырылуда және оларға қатысу шарттары қандай? Қарапайым халыққа ең тиімді жолы қайсы?
– «Отбасы банк» елімізде және бүкіл ТМД аумағында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын жалғыз қаржы институты болып есептеледі. Бұл жүйе одан әрі несиелеу үшін депозитке қаражат жинауды көздейді.
Бүгінде банктің түрлі бағдарламалары халықтың барлық топтарына үй алуға мүмкіндік беріп отыр. «Бақытты отбасы » «2-10-20» бағдарламасына көп балалы, және ерекше күтімдегі кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар, баспана кезегінде тұрған отбасылар қатыса алады. Бастапқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 10%-ын жинақтау талап етіледі. Тұрғын үй құрылыс жинақ «Отбасы банкі» займы жылдық 2% мөлшерлемемен ұзақтығы 20 жылға дейін беріледі. Қызылорда облысы бойынша 10 млн теңгеге дейінгі тұрғын үйлерді таңдап алу мүмкіндігі бар.
Тұрақты тіркеу мен тұрғылықты мекен-жай бойынша шектеулер қойылмаған. Ауылдық жерлерде тұратын азаматтарда Қызылорда облысы бойынша баспана сатып алуға мүмкіндік бар. «Нұрлы жер» «5-20-25» бағдарламасына қатысу үшін бастапқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 20%-ын жинақтау талап етіледі. Тұрғын үй құрылыс жинақ «Отбасы банкі» займы жылдық 5% мөлшерлемемен ұзақтығы 20 жылға дейін беріледі.
Жаңадан отбасын құрған жанұяларға тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік беретін «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасы жылдық несие мөлшерлемесі 6 % пайызбен іске қосылды. Екі жылдан соң бұл 5% пайызға төмендейді. Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі Тұрғын үй құрылыс жинақ «Отбасы банкі» «Жас отбасы» депозитін ашып, олардың некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс. Жас отбасылар Қазақстанның кез келген жерінен өздері армандаған баспанасының 50%-ын жинақтауы шарт.
Сондай-ақ биыл «Шаңырақ» «5-10-20» бағдарламасы іске қосылды. 1986-2020 жылдары баспана кезегінде тұрғандар Тұрғын үй құрылыс жинақ «Отбасы банкі» сайтында өтініш беріп, айлық табысын растауы керек. Ол бұрын баспанасы бар жандарға да берілетін болады. Сондай-ақ бұл бағдарлама тек жаңа үйлерге берілетінін айта кету керек. Қызылорда облысы бойынша 12 млн теңгеге дейінгі тұрғын үйлерді таңдап алу мүмкіндігі бар. Бастапқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 10%-ын жинақтау талап етіледі.
Айта кетейін, ең алдымен, бұл банк шоттағы қаражаттың жинақталуын қамтиды. Жинақтау кезінде үш шарт орындалуы керек. Оның алғашқысы – депозитті кем дегенде үш жыл жинақтау қажет. Екіншіден, тұрғын үй құнының кем дегенде 50% пайызын жинақтау керек. Үшінші шарт – бағалау көрсеткіші 16-дан төмен болмауы тиіс. Бұл көрсеткіш банк клиентінің қаржылық тәртібінің көрсеткіші. Яғни, егер сіз ай сайын шотыңызды толтырып отырсаңыз және депозитті толтыру арасында ұзақ үзіліс жасамасаңыз, онда бағалау көрсеткіші жылдам өседі. Яғни, тұрғын үй несиесін тезірек алуға болады.
Салым бойынша қаражат жиналып жатқанда, банк бұл ақшаға жылына 2 пайыз банк сыйақысы мен 200 айлық есептік көрсеткіш немесе 738 400 теңгеден аспайтын сомаға 20 пайыз мемлекеттік сыйлықақы аударып отырады. Осылайша, клиент тұрғын үй құнының 50 пайызын шотқа жинақтаса, банк жетіспейтін 50 пайызын жылдық 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен несиеге береді. Бұдан бөлек, банкте мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен банктің жеке бағдарламалары да бар. Олардың шарттарын банктің ресми сайтынан білуге болады.
– Салымшыға жылына бір рет берілетін мемлекеттік сыйақы талаптарын түсіндіріп өтсеңіз?
– Мемлекеттік сыйақыға қол жеткізу үшін «Отбасы банктегі» депозитке салым салыну қажет. Мемлекеттік сыйақының максималды көлемін алу үшін биылғы жылдың аяғына дейін депозитке салынған жиынтық сома мыңнан асуы тиіс. Оған тиісті соманы ай сайын бөліп төлеу арқылы қол жеткізуге болады. Мысалы, клиент қаңтар айынан бастап желтоқсан айына дейін ай сайын теңгеден депозитке қаражат аударып отырса, жыл соңына дейін шотында 738 400 мың теңге жинақталады. Мемлекет сыйлықақысы осыған дейін есептелген жинақ сомасына берілмейді. Салымшылар осыны түсінсе екен. Кей адамдар алдыңғы жылдары да салып отырған қаржысының сомасын есептеп, соған лайық сыйақы түспегенін айтып жатады. Мемлекеттік сыйақы тек сол жылы салынған қаржы сомасымен есептеліп, беріледі. Үш жылдан аз уақыт қаражат жинасаңыз және депозитті мерзімінен бұрын жабамын деп шешсеңіз, мемлекет сыйақысы бюджетке қайтарылады. Тұрғын үй заемын алған соң оны баспана жағдайын жақсартуға пайдаланбасаңыз, онда да мемлекет сыйақысы бюджетке қайтарылатынын салымшылар ескеруі керек.
– Көпшілік арасында «Отау» бағдарламасы жайында да жиі айтылып жүр. Бұл бағдарламаның қарапайым халыққа қандай тиімділігі бар?
«Отау» бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылады. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Өтініш беру уақыты маңызды емес. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан басталады. Несие бойынша мөлшерлеме-жылдық 9% (ЖЭС 9,2% бастап). Несие мерзімі – 19 жылға дейін.
«Отау» бағдарламасына 18-ден 63 жасқа дейінгі қазақстандықтар, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Алайда жасы 35-тен аспайтын еліміздің жастарына басымдық берілетін болады. Бағдарламаға тек Отбасы банк салымшылары ғана қатыса алады. Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс.
– Соңғы кезде «Наурыз» бағламасының іске асқанын білеміз. Атаулы бағдарлама жайында айта кетсеңіз?
– Иа, елімізде 1 мамырдан бастап «Наурыз» бағдарламасы іске қосылады. Салым 1 000 000 теңгеден кем болмауы керек. Әлеуметтік осал топтар үшін сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз болады. Барлық өтініш тапсыру отбасы банк порталында жүзеге асырылады. Яғни, онлайн түрде. Өтінім қабылдау ашылған күннен бастап кез-келген қазақстандық азамат осы бағдарламаның талаптарына сәйкес болса өтінімін тапсыра алады. Қатысушыға соңғы бес жылда үйі болмауы керек деген талап қойылады. Әрине бұл бағдарламада барлық салымшылар яғни 18 жастан 63 жасқа дейінгі барлық азаматтар қатыса алады.
– «Наурыз» ипотекасының «Отаудан» айырмашылығы қандай?
– Кез келген уақытта ашылған депозитпен үміткер атануға мүмкіндік бар. Алайда шотта кем дегенде 1 млн теңге болуға тиіс. Әлеуметтік осал топқа кіретін тұрғындар 7 %-бен рәсімдейді. Биыл банк «Наурыз» бағдарламасына 1 мамырдан өтінім қабылдайды, ал кейінгі жылдары бұл оның атауына сәйкес көктемнің алғашқы күні басталады.
– Егер банк арқылы үй алған тұрғын ипотекасын төлей алмай қалса, не істейді?
– Егер ипотекалық несие белгілі бір себептерге байланысты төленбей жатса, банкке өтініш қалдырып, несие комитетінен төлемді бөліп төлеуге немесе кейінге шегеруге өтініш жазуға болады. Қалай болғанда да банк өз салымшыларымен ортақ шешім жасаудың барлық жолдарын қарастырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әсел РЗАЕВА