Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адал адам – Әділетті қоғам тірегі

Адал адам – Әділетті қоғам тірегі

Адамдықтың асыл қасиеті – адалдық. Адалдықтың тамыры терең бойлап, жапырағы жайқалған мемлекетте бірліктің берекесі кіріп, елдің өркендеуі қарыштайды. Осы ретте, Президент түркінің темірқазығына айналған Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ұлттық құрылтайда адалдық жайында өз көзқарасымен бөлісті.
«Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасауға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, әр қоғамның адалдық пен парасаттылық жайында өзіндік түсінігі бар. Бұл қалыпты жайт. Мәселен, бұрынырақ Абай атамыз адалдықты «толық адам» десе, кейініректе «кемел адам» тіркесін көбірек пайдаланамыз. Анығында, «кемел адамның» өзі араб тілінен аударғанда толық адам деген ұғымды білдіреді. Діни көзқараста кемел адам – кісілікке жат қылықтардан тазарған, жан-дүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан асыл адам. Адал жолды таңдаған адам әрдайым адасқандарға жол нұсқаушы, әділдікке бастаушы. «кемел адам» ұғымының арғы төркіні сонау Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанынан тамыр тартады. Аталмыш поэзияға көз жүгіртсек, «Адал адам» ұғымы екі таным тұрғысынан жырланады. Жырдағы Күнтуды (Әділет), Айтолды (Дәулет), Огдүлміш (Ақыл) үшеуі осы өмірге қызмет етуге ұмтылған «Кемел адам» бейнесінде бейнеленеді. Демек, мемлекет басшысы көтеріп отырған «Адал адам» концепциясы атабаба өсиетінің қайта жаңғыруы, рухани өрлеу. Иә, бүгінгі қоғамға ауадай қажеттің бірі – адалдық. Әсіресе жастарды шыншылдыққа тәрбиелеп, туған жердің топырағына мейлінше қалтқысыз қызмет етуге баулу басты назарда. Бұл жайында облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы да тоқталып, білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжілісте биылдан бастап өңірдің барлық мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен жас ұрпақты отаншылдық және патриоттыққа тәрбиелейтін үйірмелері бар «Адал адам» рухани-мәдени орталығының ашылатынын айтқан еді. – Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Оқушылар мен жастарымызға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді болуы тиіс. Бұрынғыдан бізге жеткен «Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей», деген сөз бар. Сондықтан жастарды адалдыққа баулуы өте маңызды, – деді аймақ басшысы. Осы орайда, ауданда атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Атап айтар болсақ, Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығын жүзеге асырып, жеті бағыт бойынша түрлі шаралар ұйымдастыруда. – Адалдыққа сенім артқан қоғам құру – әрбіріміздің міндетіміз. Әділетті Қазақстанды құру үшін оның кез-келген тұрғыны әділетті де адал болуы керек. Біз де осы тұрғыда жұмыстар атқарып, жастардың әділдік жолынан таймауына өз үлесімізді мейілінше қосу жолындамыз. Қазір аудандағы барлық мәдениет ошақтарында «Адал адам» мәденитәрбие орталығының маңдайшалары ілінген. Бүгінде жоба аясында жеті түрлі тұжырымдама жасалып, сол бойынша ауданға қарасты барлық мәдениет және клуб үйлерінде, кітапханаларда «Кино TIME», «Әлем BOOK», «ART уақыты», «Еріктілер тобы», «Сұхбат TIME», «Креативті НUВ», «Жанұя шуағы» атты шаралар ұйымдастырылуда, – деді М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің директоры Ролан Бақтыбаев. Хош. Біз «Адал адам» мәдени орталығы аясында жасалған жеті тұжырымдамаға жеке-жеке тоқталып өтсек. Мәселен, «Кино TIME» жобасы аясында апта сайын «Ордакент» жастар және ардагерлер үйінде оқушыларға тәрбиелік мәні зор, отансүйгіштікке баулитын кино көрсетіледі. «Әлем BOOK» жобасында кітапханаларда балаларды әлеуметтік желінің әлегінен арашалап, кітапқа деген құмарлығын арттыру мақсатында шаралар жүзеге асса, «ART уақыты» аясында ән айту, би билеу, сурет салу, қолөнер сынды үйірмелер ашылып, балалармен жұмыс жасалуда. «Еріктілер тобы» болса қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып, сенбіліктерге атсалысып, жалғызбасты қарияларға көмек қолын созуда. Мұндағы мақсат, үлкенге құрмет көрсетіп, адам бойына мейірімділік пен кішіпейілдікті, адалдықты ұялату. Сонымен қоса «Сұхбат TIME» арқылы жастарды елге белгілі спикерлермен кездестіріп, өзара сұхбаттастыру арқылы олардың қоғамға деген көзқарасын қалыптастыру. Үлгі-өнеге алатын тұлғаларды кездестіру арқылы жақсылыққа жұмылдыру. «Жанұя шуағы» жобасы аясында отбасылық зияткерлік, интеллектуалдық ойындар, өнерлі, үлгілі отбасылармен кездесу кештері өтеді. «Креативті НUВ» арқылы қолөнер шеберлерінің көрмесі мен тарихи өлкелерді таныстыру жұмыстары жүзеге асуда. Ролан Еркінұлының айтуынша, аталмыш шаралар ақпан айынан бастап жүзеге асуда. «Креативті НUВ» айына бір рет өтсе, қалған жобалар апта сайын ұйымдастырылады. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – тұрғындардың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыра отырып, балалар мен жасөспірімдерді мәдени тәрбиемен баулу. Өскелең ұрпақтың бос уақытын ұтымды пайдаланып, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау. «Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Адал адам» концепциясының білім ошақтарына да тікелей қатысы барын нұсқап, «Балалар арасында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек», – деді ол. Әділеттілік пен адамгершілікті баланың бойына мектеп жасынан сіңіртіп, олардың болашақта адал еңбекпен елге қызмет етуін бала жастан қамтамасыз ету. Өмірдің ащысы мен тұщысын әлі сезіне қоймаған, ақ қағаздай таза беттен басталатын жас ұрпақтың санасына адалдықты мызғымас алмастай етіп құю маңызды. – Жалпы, қазақ халқы қашанда адалдықты ту еткен. Баланы да адалдық пен адамдыққа тәрбиелеуге күш салған. Қоғамның дамуына сай әр оқушының өнегелі тәрбиесі мен білім алуы, оның алған білімін тура жолда жұмсауы өте маңызды. Осы тұста, біздің мектеп те оқушыларға «Адал адам» концепциясы бойынша «Кино Time» тұжырымдамасымен Қалила Омаровтың деректі фильмдерін көрсетудеміз. Сонымен қоса, «Жанұя шуағы» аясында «Аналар мектебі» мен «Әкелер кеңесі» құрылып ата-аналармен тығыз жұмыс жасаудамыз. Мұндағы мақсат балаларды өмір жолында қателеспей тура жүріп, адал еңбек етуге тәрбиелеу. Жоба төңірегінде түрлі шаралар мен қойылымдар қойып, әр адамның бойында, ең бастысы мейірімділік пен парасаттылықтың, адалдықтың табылуы маңызды екенін әр балаға тереңнен түсіндіруге жұмыс жасаудамыз. Әсіресе, ата-анаға, ұстазға, айналасына құрмет көрсетуді, әр істі бастағанда тек адал жолмен жүруді бала күннен үйретсек өскенде ол баладан нағыз еліне адал азамат шығарына сеніміміз мол, – дейді №286 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Пернебекова. Р/S.: Адам бағасының өлшемін өлшейтін қасиет – адалдық. Ол қашанда санамызда сайрап, тұла бойымызға берік бекісе, біз бағындырмайтын белес болмайтыны анық. Демек, адал адам – әділетті қоғамның тірегі. Айсұлу Алданазар
04 сәуір 2024 ж. 298 0