Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ: айыппұл артты, талап ше?

КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ: айыппұл артты, талап ше?


Жыл басынан бері жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл 7%-ке ұлғайды. Мұнан бейхабар аудан халқы қаңтар айының басында-ақ қомақты қаражатынан қағылуда. Жол қозғалысын реттеуге арналған шарада 61 азаматқа айыппұл салынғаны мәлім болды. Көлік тізгіндеген тұрғындар нені ескеру керек? Айыппұл төлеуде қандай жеңілдіктер бар? Осы секілді көпті толғандырған өзекті мәселелерді тақырыбымызға арқау еттік.


АЙЫППҰЛ – ҚАЛТАМЫЗДЫ ҚАҒЫП ТҰР

Көшедегі бейнебақылау камералары іске қосылып, жол қозғалысын реттеу басты назарда тұр. Мұны елемеген көлік жүргізушілері айыппұл арқалауда. Соның бірі Бауыржан Бірлескенұлы: «Көшеде көлік жүргізіп, күнделікті нәпақа тауып жүрген адам үшін айыппұлдың өскені едәуір қиындық туғызуда. Күніне 2 мың көлемінде қаржы тауып жүрген маған 18 460 айыппұл теңге жазылыпты. Камераға түсіп қалғанымды аңғармадым. Себеп, жолаушының белдік тақпағаны болып шықты. Осындай майда-шүйде іске айтарлықтай айыппұл салынуы дұрыс па? Жол болса шұрық тесік, көліктің қосалқы бөлшегін тоздырады. Оған айына қаншама шығын кетеді», – деп шағымданды.
Шындығында, біздің ауданда ең көп төленетін айыппұлдардың бірі – жылдамдықты 20 км/сағ асыру (5 АЕК) – 18 460 теңгеге дейін өсті. Белдік тақпау, самокат немесе мопедте шлемсіз жүру, аялдау және тоқтап тұру ережелерін бұзғаны үшін де дәл осындай сома төлеуге тура келеді. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендерге 10 АЕК – 36 920 теңге айыппұл салынады. Жүргізушілер мына жағдайда 10 АЕК айыппұл арқалайды: егер жаяу жүргіншіге жол бермесе; жылдамдықты 20 км/сағ-тан 40 км/сағ дейін асырса; мүгедектерге арналған тұраққа көлігін қойса. Жүргізуші куәлігінен айырылған адамға көлік жүргізгені үшін 50 АЕК немесе 184 600 теңге айыппұл көзделген. Сондай-ақ ол 10 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Жол апаты орнынан кетіп қалған жүргізушіге де осындай сома айыппұл салынады немесе айыппұлды бір жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасына алмастырады.Утиль алымы да айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Мәселен, 50 АЕК базалық ставка құны 184 600 теңгеге дейін көтеріледі. Автокөлікті кіргізгені үшін ең төменгі төлем:1000 см³ дейін – 276 900 теңге;2000 см³ дейін – 646 100 теңге; 3000 см³ дейін – 923 000 теңге. Электромобильдер үшін ештеңе төлеудің қажеті жоқ – утиль алымы нөлге тең. Автокөлікті бастапқы тіркеу ставкасы 923 теңгеге тең. Жасы үш жылға дейінгі көліктерді есепке қою 172 500 теңгеден 184 600 теңгеге дейін өседі. Үш жылдан асқан авто үшін (500 АЕК): 1 725 000 теңгеден 1 846 000 теңгеге дейін.

ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ МА?


Айта кету керек, қазір жол белгілеріне, тіпті бағдаршамның тәртібіне бағынбайтын жүргізушілер көп. Әсіресе Хорасан ата көшесінен полиция бөліміне барар жолдағы бағдаршам тұсында көлік апаты жиі орын алады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қауіпті аймақтарға жылдамдықты тежегіш жол белгілерін, жасанды жол кедергілері орнатылған. Яғни облыстық, аудандық маңыздағы автомобиль жолдары және кентішілік көшелердегі 200 жол белгісі жаңартылып, 400-ге жуық жол белгілері қайта қалпына келтірілді. Кент орталығындағы Тәуелсіздік, Хорасан ата және Амангелді көшелерінің жол үсті таңбалары жаңартылып, кенттің барлық көшелерінде жаяу жүргінші жолақтары сызылды. Сонымен қатар кент әкімі аппараты теңгеріміндегі 28 дана бейнебақылау қондырғысы қалпына келтіріліп, көше қозғалысын бақылайтын камералар аудандық полиция бөліміне берілді. Алайда кент әкімдігі тозығы жеткен белгілер көп екенін жасырмады.
– Жаңақорған кентінің Хорасан ата көшесіндегі «Синойл» жанар-жағар май құю бекеті тұсын, Прайм парк жанын, Ақсарай спорт кешені маңы, Аяна мейрамханасы және А.Иманов көшесіндегі «Аркен» сауда үйінің тұсын барлығы 5 жол өткелін «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» технологиясымен жабдықтауға 19150,0 мың теңге теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «Bastau Group LTD» ЖШС жеңімпаз деп танылды. 2023 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілді. Айта кететін жайт «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» қондырғысы облыс бойынша алғашқы болып Жаңақорған ауданында орнатылды. Қондырғының жұмыс істеу тәртібі: жаяу жүргінші өткелге келгеннен кейін қондырғыдағы түймеге қолын қою арқылы қондырғыға пәрмен береді. Түйме басылғаннан кейін 30с ішінде қондырғы бағанасында қызыл түсті жарық жанып, өткелге жарық (прожектор) жанады. 30 с ішінде жаяу жүргінші жолдың келесі бетіне өтуі тиіс. Қондырғы бойынан қызыл түсті жарық жанғанда автокөлік жүргізушілері тоқтап жол беруі міндетті, – деді бас маман Дәулет Өмірәлиев.
2023 жылы жол қауіпсіздігі бойынша атқарылған жұмыстар туралы сөз етсек, Жаңақорған кентіндегі жол белгілерін ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына – 5 569,4 мың теңге жұмсалды. Жаңақорған кентіндегі бағдаршамдарды ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 2069,4 мың теңге, Қожамберді ауылдық округінің №262 орта мектебі орналасқан М.Шадиков көшесіне жолда жүру қозғалысының белгілері мен жасанды жол кедергісін орнатуға 447,0 мың теңге жаратылды. Сондай-ақ Аққорған ауылдық округіне жолда жүру қозғалысының белгілерін орнатуға – 2 894,0 мың теңге қаралып, конкурстық жұмыстар нәтижесінде «Жанкент» ЖШС жеңімпаз деп танылды. 2023 жылдың мамыр айында елді мекенге 81 жол белгісі орнатылды. Сүттіқұдық ауылдық округіне жолда жүру қозғалысының белгілерін орнатуға – 1 319,0 мың теңгеқаралып, конкурстық жұмыстар нәтижесінде «Жанкент» ЖШС жеңімпаз деп танылды. 2023 жылдың мамыр айында елді мекенге 23 дана жол белгілері мен 2 жерге жасанды жол кедергісі орнатылды.
Енді жол үсті таңбасын сөз етсек, Жаңақорған кенті көшелерінің жол үсті таңбасын және жаяу жүргіншілер жолағын сызуға – 10 074,0 мың теңге бағытталды. Наурыз айында жеңімпаз мекеме «БАМТТ» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында кент орталығының басты көшелерінің және білім беру мекемелерінің айналасындағы жаяу жүргіншілер өткелінің жол үсті таңбалары жаңартылды. Өткен жылы тамыз айында жол үсті таңбаларын жаңартуға аудандық бюджеттен 10 074,0 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылдың қазан айында Жаңақорған кентіндегі басты жолдарға сызу жұмыстары жүргізілді.
Ал, биыл жол қауіпсіздігі белгілері қай ауылдар­да жаңарады? Аудандық бюджет мүмкіншілігіне және елді мекендерді жол қауіпсіздігі белгілерімен қамту жоспарына сай Байкенже, Билібай, Шалқия, Құттықожаелді мекендерін, сондай-ақ Жаңақорған кентіндегі Саяжай, МАИ бекеті мөлтек аудандарын жол белгілерімен қамтуға сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Түйін. Біз айыппұл мөлшері артса да жолдың сапасы мен жол қауіпсіздігінің деңгейі заманауи талапқа сай келе ме деген сұраққа жауап іздеп, цифрларды сөйлетіп көрдік. Байқағанымыз, айыппұл артқан сайын жол ережесін сақтамайтын, мас күйінде көлік тізгіндейтіндер, кәмелетке толмаған балалардың көлік айдауы тыйылар емес. Неге дейсіз бе? Қоғамдық пікірдің аздығынан болар. Көптің салығынан жиналған қаржыға қойылған жол белгілеріне қамқорлық көзбен қарамай соғып, қисайтып, белгі тақтайшасын сындырып тастайтын да өзіміздің еркетотайлар екенін ескерсек, жол ережесі мен ортақ тәртіпке бірдей бағынып, қоғамның қауіпсіздігін қалыптастыру азаматтық міндетіміз екенін ұғындық.

Мақпал МАРҚАБАЙ

23 қаңтар 2024 ж. 286 0