№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлттық қор – балаларға: Балаңыздың eGov-тегі деректерін ретке келтіріңіз

Ұлттық қор – балаларға: Балаңыздың eGov-тегі деректерін ретке келтіріңіз

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми қолданысқа енеді. Алдын ала мәлімет бойынша, жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам баланы қамтиды, деп хабарлайды Kazinform.
Балаңыздың eGov-тегі деректерін ретке келтіріңіз


Ұлттық қорды басқару Ұлттық банктің құзырындағы шаруа болғанмен, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының үйлестірушісі – Қаржы министрлігі. Ал оператор – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі жасақталады. Сол тізім негізінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысын неше балаға теңдей бөлу керектігі белгілі болады.

2024 жылдың 1 ақпанында осы есептеулер негізінде 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды.
Қаржы министрлігі ата-аналарға балаларын жеке құжаттандыру мәселесіне жіті назар аударуға шақырып отыр. Қандай да бір себеппен құжаттары болмай жатса, кейінге қалдыра бермей жасату қажет деген сөз. Тіпті, қандай да бір адами факторлардың себебінен балаңыздың мәліметі базадан түсіп қалған күннің өзінде де бала қаражатсыз қалмайды. Мысалы, биыл мәліметтер базасында болмай қалса, келесі жылы өткен жылдың төлемі қоса аударылып отырады. Ондай мүмкіндік көзделген. Сондықтан ешбір бала Ұлттық қор қаражатынан шет қалмайды.

Ұлттық қордың ақшасы қайда инвестицияланады?

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың сұхбатында айтылған дерекке сенсек, қараша айында Ұлттық қордың валюталық активі 2,3 млрд доллармен толығып, 58,6 млрд долларға жеткен. Демек, 11 айда Ұлттық қордың инвестициялық табысы 4,4 млрд доллар болған.

Жалпы, Ұлттық қорда сақталатын ақшаның 10 млрд доллардан астамы тұрақтандыру портфельдеріне салынған. Бұл портфельдегі қаражатты қандай да бір шетін қажеттіліктер туындаған кезде жылдам шешіп алып, республика бюджетіне аударып ала қойып, ел экономикасына бағыттауға болады. Тұрақтандыру портфельдеріне салынады деп отырғанымыз да сондықтан. Бұл қаражат көбінесе дамыған мемлекеттердің қысқа мерзімді, бірақ өте сенімді саналатын, табысы төмен болса да құбылмайтын бағалы қағаздарына салынады. Жаһандық қаржылық дағдарыстар кезінде, COVID-2019 пандемиясы кезінде мемлекет осы тұрақтандыру портфеліндегі қаражатты алып, экономиканы сауықтырып, әлеуметтік жағдайды бірқалыпты ұстап тұруға салғаны жұрттың есінде.
Ұлттық қордағы қаражаттың қалған бөлігі жинақтаушы портфельде болады. Оның бір бөлігі дамыған және дамушы елдердің бағалы қағаздарына, корпоративтік облигацияларға, дамыған елдерде тіркелген компаниялардың акцияларына, сондай-ақ, алтын портфеліне салынады.

Ұлттық банктің наурыздағы мәліметі бойынша, Ұлттық қордың жинақтаушы портфелінің 29%-ы дамыған елдердің облигацияларына, 21%-ы дамушы елдердің облигацияларына, 30%-ы дамыған елдердегі компаниялардың акцияларына, 10%-ы корпоративтік облигацияларға, 5%-ы балама құралдарға, 5%-ы алтынға салынған.

Дамыған елдердің облигацияларына бағытталған қаражаттың 62,5%-ы ең өтімді саналатын АҚШ-тың, 12,5%-ы Еуроодақтың, 10%-ы Ұлыбританияның, 5%-ы Жапонияның, 5%-ы Аустралияның, 5%-ы Канаданың мемлекеттік бағалы қағаздарында жатыр.
Ал Ұлттық қор ақшасы инвестицияланған дамушы елдердің қатарында Латын Америкасының, Шығыс Еуропаның, Азия мен Африканың жетекші экономикалары бар.

Корпоративтік облигацияларға келсек, көбінесе банк секторы, ауыл шаруашылығы, энергетика және телекоммуникация саласының үлесі басым.

Ал алтын портфельдегі қаражаттың бір бөлігі Қазақстан аумағында сақталатын алтын құймаларға, тағы бір бөлігі сыртта сақталатын алтын құймаларға салынған.

ҰБ басшысы Ұлттық қордан балаларға ақша аударуға әсер етенін факторларды айтты

Инвестициялық кірістің 50 пайызы деген қанша ақша?

Президент аузынан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы бастама елге жария болған күннен бастап журналистердің сала мамандарына ең жиі қойып келе жатқан сұрақтарының бірі осы. Әзірге бұл сұраққа қолмен ұстатқандай нақты жауап берілмей келеді, яғни дәл қазір әрбір кәмелетке толмаған қазақстандыққа жыл сайын Ұлттық қордан қанша ақша аударылатынын есептеу мүмкін емес. 

Оның себебі мынада:

Әр жылда Ұлттық қордан балаларға аударылатын қаражаттың мөлшері қанша болатыны сол жылдағы инвестициялық кірістің көлеміне байланысты болмақ. Мысалы, мұнай бағасы күрт төмендеп, қаржылық дағдарыстар белең алса, инвестициялық табыс төмен болуы мүмкін. Мұндай кезең 5-6 жылға созылып кетсе, осы аралықта 18-ге толатын балалардың Ұлттық қордан алатын «еншісі» экономикалық жағдай тұрақты кезеңде 18-ге толған буынға қарағанда аз шығып қалуы ықтимал. Осындай жайттардың салдарын барынша жеңілдету үшін мемлекет инвестициялық кіріс мөлшерлемесін алдыңғы он сегіз жыл ішіндегі орташа жылдық мән негізінде айқындау туралы шешім қабылдаған. Мысалы, 2024 жылы балалардың Ұлттық қордан алатын «еншісі» 2005-2022 жылдар аралығындағы инвестициялық кірістерден есептеледі. Осы жылдар кезеңіндегі инвестициялық кірісті қосып, оны 18-ге бөледі. Содан шыққан соманың 50%-ы әр балаға теңдей бөлінеді.

Осылайша, 2025 жылы 2006-2023 жылдар аралығындағы, 2026 жылы 2007-2024 жылдар аралығындағы инвестициялық кірістердің орташа мәні есептеліп, тең жартысы кәмелетке толмаған балаларға теңдей бөлініп отырады.

18 жылда қанша ақша жиналуы мүмкін?

Бұл сұраққа 2013 жылы туған балалардың жолы одан бұрын дүниеге келген балаларға қарағанда көбірек болды деп қысқа қайыруға болады. Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай былтыр қыркүйекте әлеуметтік желіге қызық есеп жариялаған болатын.

«Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

2023 жылғы инвестициялық аударым неше балаға тең бөлінеді?

Әділет министрлігінің Қаржы министрлігіне 2023 жылдың 1 қазанында берген мәліметі бойынша, Қазақстанда 7 миллионнан астам бала бар.

Ал нақты сан 31 желтоқсанда тағы бір рет нақтыланады. Ұлттық қордан ақша аударылатын шоттар осыдан кейін барып ашыла бастайды.

Бала санын нақтылау деген:

әр есепті жылда неше бала туып, неше бала қайтыс болғанын;
неше бала Қазақстан азаматтығын алғанын және одан бас тартқанын;
неше бала кәмелетке толғанын тексеру деген сөз.

Аударылатын ақшаны қайда жұмсауға болады?

18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Бірақ баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек. Демек, шетелден үй сатып алса, оған Ұлттық қор ақшасын пайдалана алмайды.

Қаражатты қай оқу орындарында пайдалануға болады?

Ұлттық қорда шоты бар, 18-ге толған қазақстандық ол ақшаны техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына жұмсай алады.

Бір ерекшелігі, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы оқу гранты болып есептелмейді. Сондықтан шот иесіне «Болашақ» бағдарламасы мен өзге де мемлекеттік гранттардағы сияқты оқу бітіргеннен кейін Қазақстан аумағында қалып бірнеше жыл жұмыс істеу міндеттелмейді.

Балаға ақша аудару қандай жағдайда тоқтатылады?

Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген, яғни әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады. Ал заңды мұрагер баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдаланады. Қаржы министрлігінің бюджеттік кредиттеу, ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин мемлекеттің бұл ұстанымын былайша түсіндірген болатын.

«Баланы жоғалту ата-ана үшін өте ауыр қайғы екенін түсінеміз. Сондықтан ол ақшаны нақты бір мақсатқа пайдалану керек деген талап қоймаймыз. Ата-ана болсын, заң аясындағы басқа да мұрагерлік құқығына ие адам болсын, қайтыс болған баладан қалған Ұлттық қор ақшасын өз қалауына қарай пайдалана алады».

Бала Қазақстан азаматтығынан айырылған кезде Ұлттық қор төлемін аудару тоқтатылады.

Бала шотына түскен ақшаны қайдан тексереміз?

Бұл мәліметті тексерудің негізгі екі көзі болады. Біріншісі — электронды үкімет порталы (egov.kz). Екіншісі — Бірыңғай жинақтаушы қорының порталы (enpf.kz). Осы екеуінің де мобильді қосымшасынан көруге болады. Мысалы, БЖЗҚ-да ол жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы көрінсе, электронды үкімет порталында әрбір ата-ананың жеке кабинетінде көрініп тұрады.

eGov-тегі әр ата-ананың бүкіл балалары, олардың қандай мектепке баратыны, балабақшадағы кезегі, денсаулығы туралы барлық мәліметтер шоғырландырылған. Соның ішінде Ұлттық қордан жасалатын төлем туралы қосымша мәлімет орнатылады. Ол қосымша әр ата-ананың eGov-тегі жеке кабинетінде 2024 жылдың 1 қаңтарынан пайда бола бастайды.

eGov-тан балаңызды таппасаңыз не істеу керек?

Егер балаңыздың деректері eGov-та жоқ болса, платформада «баланы қосу» деген батырма бар. Соны басып, баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады. Ал тіркеу кезінде ақпараттар шықпай жатса, «түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізесіз.

Бұл ақшаны неге ем-домға жұмсауға болмайды?

Заң жобасын талқылау кезінде ақшаны І және ІІ топтағы мүгедектердің өздерінің ем-домына алу мүмкіндігі қаралды. «Бұл санаттағы азаматтарға арналған жеке бағдарлама бар, тиісті жәрдемақы аударылып жатыр», - деген уәжбен ол ұсыныс заңға енгізілмеді.
Ал, басқа азаматтардың МӘМС және зейнетақы шотындағы қажетті шектен артылған сома есебінен емделуге мүмкіндігі бар.

Бір үйдің балаларының қаражатын біріктіруге бола ма?

Бір отбасындағы балалардың бәрі 1 жылда 18 жасқа толмайтыны түсінікті. Сондықтан үйдегі кенже баланың жасы 18-ге толған сәтте ғана қаражаттары біріктіріледі. Бұл жағынан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы зейнетақы қорынан ақша алу тетігімен бірдей болады.

Ұлттық қордан балаға түсетін ақшаның көлемі мұнай бағасына байланысты ма?

Ұлттық қорға түсетін кіріс көзі бірнешеу. Оның басым бөлігі шикізат, минералды өнім экспорттаудың есебінен түсетін түсімдерден тұрады. Мұнайдан, жалпы металлургиялық өнімдер экспортынан түсетін табыс артқан сайын, Ұлттық қордың да кірістілігі артады деуге болады.
Ұлттық қордың кірістілігі инвестициялық операциялардың қалай басқарылғанына да байланысты. Бұл операциялардың бәрін Ұлттық банк жүргізеді. Ұлттық қор Үкіметтің иелігінде болғанымен, Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға берілген. Оның бүкіл кірістілігіне, табысы қандай деңгейде болғанына, активтері қандай инвестиция құралдарына салынғанына Ұлттық банк жауап береді.

Сондай-ақ:
Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақтар салықтан босатылады.

Ата-аналар ешқандай құжат жинамайды, өйткені процесс тұтас автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, тиісті интеграциялық жұмыс жүргізіп отырады.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражаты 10 жыл сақталады. Осы 10 жыл ішінде шоттағы қаражат талап етілмеген жағдайда сол адамның зейнетақы шотына аударылады.

Бала шотындағы ақша доллармен сақталып, 18-ге толғаннан кейінгі 10 жыл ішінде талап еткен уақыттағы бағам бойынша теңгемен аударылады.

Ақша аудару жолымен ғана пайдаланылады, қолма-қол берілмейді.
25 желтоқсан 2023 ж. 279 0