№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Теледидарға телмірген ұрпақ тегінен ажырап барады

Теледидарға телмірген ұрпақ тегінен ажырап барады


Әрбір үйдің төрінде ілініп тұрған теледидар отбасымыздың бiр мүшесiне айналып, оның ересектердi елiктiрiп, балаларды өзiне байлап алғалы қашан? Кейінгі кездері көрерменнің көреген көзі телеарналарда арзан ток-шоу, дарақы әзіл мен бейәдеп бағдарламалар тым көбейіп кеткенін көріп жүр. Тіпті, сұранысқа ие. Расында, қай телеарнаны ашсаңыз да, ойын-сауық бағдарламалары мен жатжұрттық елдерден көшірілген ток-шоудан көз ашпайсыз. Бұған қоса телеарналар эфирлік уақыттың біраз бөлігін үндістің, түріктің, кәрістің киноларына арнаған. Түсіне білген адамға, телевизия заман мен қоғам тынысын айна-қатесіз, көркем тілмен жеткізетін құрал. Телевизияның негізгі бағытынан ауытқып бара жатуына не себеп? Отандық телеарналар көрермен үшiн қандай дүниелердi ұсынуда? Оның жас ұрпаққа берер тәрбиесi қандай? Мiне, осы сауалдарға келгенде тiлiмiз күрмелiп қалатыны рас.


Қандай жолмен болса да рейтинг жинау телеарналарды тәрбие мен идеология құралы болудан ажыратып барады. «Еуразия» бірінші арнасы «QosLike» реалити-шоуын күн сайын телекөрермендерге ұсынуда. Тіпті бұл бағдарлама күндізгі сағат 12-де, яғни прайм-тайм кезінде ұсынылады. Қатысушылар бейәдеп сөздерді жиі айтады, тіпті төбелеседі. Ешқандай тәртіп сақталмаған. Боқтық сөздерді, төбелесті де көрсетеді. Жастар бұл бағдарламадан қандай тәрбие алады? Әрине, бағдарламаның бағыт-бағдары көрерменге «шоу» сыйлауға негізделгені көрініп тұр. Бірақ осындай «шоулар» бізге керек пе?
Одан бөлек, КТК-дағы «Астарлы ақиқат», 31 арнадағы «Кел, татуласайық», «Кешкі кездесу», «Ой жүйрік», «Қызық Times», «Қыздар арасында» бағдарламаларының бәрі бірдей көрермен талғамынан шығады деп айта алмаймыз. Мәселен, көптің сынына ұшыраған «Қалаулымда» жобаға қатысушылар онда жар іздеп емес, жұлдыз болу үшін келген секілді. Эфирді тұтас ел тамашалайтынын ұмытқан жігіттер арасында жұдырықтасып та алады. «Болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дер» деген. Сол азаматтар бірін-бірі әдепсіз сөзбен сыбағанша мінез даралығымен танылып, тәнті етпес пе? Ал, ұлтқа тән ұяңдықты ысырып қойып, ауыздыға сөз бермеген аруларымыз арттағыға не өнеге береді? Сондай-ақ, «КТК» арнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасына намысы жоқтарды қайдан тауып ала берген дейсің. Бұрын адамдар мұндай бағдарламаларға қатысудан ат тондарын ала қашушы еді. Қазір намыстанбайтын болған. Бағдарлама көрерменге не беріп жатыр? Біреудің сұрықсыз өмірі, аянышты тағдыры, аяққа тапталған ары, жігіттің жігерсіздігі, жетімнің көз жасы, перзентінен безген тасбауыр ана, шарасыз әкенің тас-қалқан өмірі кімге үлгі. Ресейдің әйгілі «Пусть говорят» деп аталатын ток-шоуында қатысушылар мен студия қонақтары арасында үнемі пікірталастар туып отырады. Бүгінгі ток-шоулар осындай көрініспен аудитория жинауды мақсат тұтқандай көрінеді. Ал шын мәнінде «Пусть говорят» бағдарламасы уақыт талабына сай тақырыптарды қозғап, халықтың ойын дөп басып айтуымен жалғыз ресейлік ғана емес, бүкіл посткеңестік аудиторияны жаулап алған еді. Бағдарламаның бір ерекшелігі, бүгін халық арасында қозғалған түйткілді мәселе уақытылы күн тәртібіне қойылып отыруында. Бұл жағынан алғанда, бізге көп нәрсені үйрену қажет.
Айталық, КТК-да «Астарлы ақиқаттың» ток-шоуында ұлттық құндылық, қазақы болмыс тысқары қалған. Мысалы, бір бағдарламасын арнайы қарадым. Сонда Түркістан қаласындағы интернаттардың бірінде 15 жасар қыз босанып, бірнеше ай бойы баланың әкесінің туыстарымен тұрады. Кейін ол жақтан кетіп, бейтаныс адамдардың баспанасын жалдайды. Пәтер иесінің айтуынша, баланың да, қыздың да жағдайы мүшкіл болған: үсті-басы кір, шашы биттеген. 15 жасар қыздың өзіне, баласына қарауға еш мүмкіндігі болмаған. Қазір жас ана дағдарыс орталығында екен.
Қыздың анасы азаматтық некедегі күйеуімен бірге тұрады, ал әкесінің басқа отбасы бар. Қыздың ата-анасы студияға келді, әкесі маскада отырды. Анасының азаматтық некедегі күйеуінің үстінен кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншекке жыныстық зорлық жасады деген қылмыстық іс қозғалған. Ал қыздың айтуынша, ол 18 жастағы жігітпен «махаббат» құрып, жыныстық қатынасқа түскен. Содан жүкті болған. Жеткіншек қызға журналист тарапынан «Жыныстық қатынасы қалай болды?» деген сипаттағы сұрақтар қойылып, оны қиын жағдайға түсірді. Міне, осындай бағыттағы жобалар сұранысқа ие, рейтингтің көшін бастап тұр.
Сонымен қатар, көгілдір экранды жаулап алған түріктің және кәрістің фильмдерінің көзді ғана емес ақыл-есті жаулап алғаны сондай Қаратауымыз Қыналы қарға айналып, қаракөздеріміз Онур мен Шехризат атанғанына мәз. Бұған көрерменді кінәлаудың еш қажеті жоқ. Себебі, шетел өнімдері сапасы жағынан тартымдылығымен жұртшылықты жіпсіз байлап отыр. Тіпті, мектеп оқушылары да сабақты ысырып қойып, сериалдарға сағаттап байлануға бар. Қазақтың кинолары бір-бірінен айнымайтын, адамның іші пысып, төзіміңді тауысатын дүниелер. Неге оларда өзге фильмдердегідей қызық шытырман оқиғалар, тамаша мелодрамалар, ішек-сілеңді қатырып күлдіре отырып, ойландыратын комедиялар жоқ. Актерлардың көрерменді бірден өзіне тартып алатын шеберліктері қайда? Көбі жасанды. Оны кино көріп отырып бірден аңғарасың. Түріктің қай киносын алып қарасақ та ұлттың әдет-ғұрпын, салт-санасын танытатын дүниелер өте көп. Кәрістің киносын көріп, Кореяда жүргендей күй кешеміз. Неге екенін отандық кинолардағы бауырларымыз малдың соңында, ошақтың қасында жамау-жәутік күн кешіп, елдің соңында жүреді. Кедей-кепшік жер әлемде бар, оны жарнамалаудың қажеті қанша? Өз тарихымызды білмейтіндер Анандидің тағдырына жетік. Үнді сериалдарының әсері сондай, кіп-кішкентай қыздардың үстеріне мата орап алып, қуыршаққа сыйынып жатқан кейіптерін желіден көріп жүрміз. Қазіргі үнді сериалдары адамның жүйке жүйесін бұзады, тез ашуланшақтыққа ұрындырады. Тіпті, жас өскін сүйікті кейіпкерлерінің әдет-дағдысымен қалыптасуы әбден мүмкіндігін ескертеді мамандар.
Осы уақыт аралығында елімізде біршама киноның тұсауы кесіліпті. Атап айтсақ, «Әке қорлығы» (реж С.Хажиметов), «Жетімдер» (реж Е.Рақышев), «Сиви» (реж Б.Шарапов), «Бақсы» (реж Омарова), «Қараой» (реж Исабаева). Бұдан басқа да біраз фильмдер түсірілген. Алайда осы фильмдерді көріп қуанудың орнына, кірерге тесік таппай қызарып отырасың. Мәселен, «Қараой» фильмінде Санжар есімді жігіттің ішімдікке мас болып, кісі ойына келмейтін анайы әрекеттерге баруы аға бойыңды қаза етеді. Осындай сорақылықты кино етіп шығарып, эфирге шығару одан өткен сорақылық деп білемін.
Сондай-ақ, «Әке қорлығы» фильм­інде де осындай көріністер жаныңды тітіркендіріп, жүрегіңді сыздатады. Бү­гінде қазақ киносының деңгейі өте тө­мен. Қазақты масқаралап американдық­тар түсірген «Боратты» көріп, намыста­нып, айқай салып, атойлап жүргені­мізде отандық киноларымыздың одан асып түскені біздің талғамымыз бен ақылымыздың таяздығын көретеді емес пе?
Иә, заманның тынысы өзгерген сайын ток-шоулар да мазмұндық жағынан түрленіп, әрбірінің мақсат-мұраттары бір-бірінен ерекшеленіп отырары анық. Біздің елімізде түрлі тұрмыстық шоуларды былай қойғанда, телеарналардағы шоулардың есебінен жаңылатын күйге жеттік. Оған қоса арналардың басым көпшілігі көрерменді тарту жолында журналист ретінде белгілі әнші не актерлерді шақырады. Бүгінгі әншілер ертеңгі тележүргізуші болып жатыр. Әрине, жолбике жүргізушінің өре таяздығы, тілінің жұтаңдығы көзге көрініп жатады. Міне, осыдан журналист мамандығының беделі түсіп барады. Байқасаңыздар, бүгінгі күндері шетелден, көрші Ресейден келген көшірме бағдарламалар көп. Тіпті көшірме бағдарлама болғанның өзінде ұлттық менталитет, ұлттық психология ескерілуі керек. Айталық, өткен ғасырда «Қымызхана» бағдарламасы халық арасында әлі күнге дейін жақсы лебімен еске оралады. Ол да кезінде Мәскеудің «Кабачок 13 стульев» бағдарламасынан алынған. Десе де, көпшіліктің көңілінен шығып, сұранысқа ие болған. Себебі, өнер ұжымы оны дәлме-дәл көшіріп алмай, ұлттық мінезімізге сай икемдеді. Сол сияқты «Ұят болмасын», «Еркектің аты еркек», «Мың бір мақал» секілді бағдарламалар жылылығымен мыңдардың жадында қалды. Тіпті, тәрбиелік мәнін жоққа шығара алмас едік.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» де­мей ме? Бүгінгідей түрлі шоу бағдарлама­лар мен арзан сериалдарды көріп өс­кен бала ұлттық құндылықтарымыз­ды, рухани болмысымызды, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді не қылсын? Қазақтың баласы тамырынан қол үзіп қалмасын десек, ұлттық нақыштағы, бүлдіршін­дерді қызықтыра білетін, бір көргенде елітіп әкететін бағдарламалар мен мультфильмдер түсіру керек. Өскелең ұрпақтың қоғамның толыққанды, парасатты тұлға болып қалыптасуына көгілдір экранның тигізетін әсері мол. Сондықтан да, ел боламыз десек, экранымызды түзеуіміз керек.

Әсел РЗАЕВА
05 желтоқсан 2023 ж. 225 0