№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Отбасындағы озбырлық шаңырақты ойрандайды

Отбасындағы озбырлық шаңырақты ойрандайды

1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 25 қараша күнін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні деп жариялады. Осыған орай, республика көлемінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлықзомбылықсыз 16 күн» акциясы өтті. Біздің ауданымызда да атаулы акция аясында іс шаралар өтуде. Акцияның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлықзомбылықтың алдын-алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Еліміз егемендігін алғалы бері әйелдердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда және тұрмыстық қылмыстардың алдын алу саласында оң нәтижеге қол жеткізді. 1997 жылдан бастап әйелдердің ар-намысын қорғайтын, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, бірдей конституциялық қағидаларды жүзеге асыруды көздейтін, әйелдердің жағдайларын жақсарту туралы мемлекеттік саяси Концепциясын іске асыруда. 1998 жылы 29 маусымда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылды. Осылайша, өзіне Қазақстандағы әйелдерді кемсітудің барлық түрінен қорғауға міндеттеме алды. Дәл осы жылы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті жанынан әйелдер және отбасы істері жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылып, жүйелі жұмыс жасап келеді. Әйтсе де отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайы күн санап артып келеді.

Осы акцияның аясында сейсенбі күні Адырбек Сопыбеков атындағы Жаңақорған аудандық кітапханасында жиын өтті.

Шараны аудандық кітапхана директоры Әсем Тілеубергенова ашып, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлықзомбылықты болдырмауда азаматтық қоғам ұйымдарының рөліне тоқталды. Аудандық соттың төрағасы Әлия Түбекбаева қоғамда нәзік-жандылардың құқықтық-заңдық құқығының сақталуы мәселесіне тоқталды.

– Шаңырақ шаттығы саналатын нәзік жандыларды тұрмыстық зорлықзомбылықтан қорғау мемлекеттің басты назарында. Бүгінде әрбір отбасында әйелдің рөлі айшықталып, айрықша жағдай жасалуы тиіс. Кез-келген уақытта әйелдің құқығы шектелмеуін қамтамасыз ету керектігін ескерген жөн. Түрлі сипатта өзге біреуден жәбір көретін олардың еркін өмір сүруіне қолайлы орта жасай отырып, бойындағы ауыртпалықты аз-кем болса да арылта аламыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 14 бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы айқын көрсетілген. Десек те, жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйел заты көбірек ұшырайды. Бізде аудандық сотта зорлық зомбылыққа қатысты 23 іс қаралған. Оның 19 іс аналарға қатысты екен. Оның 5-еуіне ескерту жасалса, 14-і медиация тәртібімен татуластырылды. Байқағанымыздай, жылдан жылға отбасындағы зорлық-зомбылық көбейіп барады.

Меніңше, отбасы беріктігі – әйелге көп байланысты. Ол ана ретінде басқа түскен ауыртпалықты, отбасына келген қиындықты нәзік болмысымен, күш-қайратымен, сабырлығы және шыдамдылығымен жеңсе, жанұя бақытын сақтап қалары сөзсіз. Осы сәтте, жас аналарға, әпке, сіңілілерге жүректе сүйіспеншілікті сөндірмей, отбасы түтіні түзу ұшуы үшін инабаттылық қажет екенін айтқым келеді. Елімізде жылдан-жылға ажырасып жатқан отбасылар көбеюде. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Шыны керек, бізге ажырасуға өтініш білдірген азаматтарды ажыратпай, керісінше татуластыруға тырысамыз. Әуелі екі тарапты да тыңдап, белгілі бір мерзім уақыт береміз. Ажырасу оңай болғанымен, ортада балалардың қиналатынын, тірі жетімнің күйін кешетінін егжей-тегжейлі айтып, отбасындағы татулықтың дәнекері болатын кішкентай сәбилердің де болашақ тағдырына немқұрайлы қарамау қажеттігін түсіндіреміз. Қалай десек те, қисыны келіспейтін қамшының сабындай қысқа ғұмырда отбасындағы құндылықтардың қадірін жете түсініп, жақсы бағалай білетін отбасылардың екіге бөлінгенін емес, бір бүтін болып қалуына бар күшімізді салып келеміз. Біз өз тарапымыздан барынша отбасын сақтап қалуға әрекет етеміз, – деп сөзін түйіндеді.

Адам құқығы заңмен қорғалады. Соны біле тұра өзгенің ар-намысына тиіп, үстемдік жасауға жол беру тыйылмай келеді. Маман есебіндегі мәліметтерден көргеніміздей, бұл мәселеге қатысты аудандағы ахуал аса мәз емес. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, ілгерілеушілік байқалмады. Осы тұста Жаңақорған ауданы әкімінің әйелдер ісі, отбасы гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Роза Исаева өз ойын білдірді.

– Соңғы уақыттары отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі – әйел құқығын аяққа таптау ғана емес, өскелең ұрпаққа тәрбие беруде кері әсерін тигізетін құбылыс. Өкінішке қарай, қазіргі кезде отбасыларына зәбір көрсетіп, күштеу жайттары көптеп кездеседі. Бұл адамның бүкіл ғұмырына қара таңба болып қалады. Сананы тұрмыс билейді дейді. Нарық заманында материалдық жетіспеушілік салдарынан ұрыс-керіс туындап, шаңырақ шайқалып жатады. Өзім аудан әкімінің әйелдер ісі, отбасы гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі болғандықтан бізге тұрмыстың тауқыметін тартып отырған аналар, жасы үлкен енелер, төркініне келіп отырған қыздың аналары жиі келеді. Сотқа бармас бұрын, әуелі бізге келіп, шағымдарын айтады. Мысалы, жасы үлкен ана келді. Қызының аяғы ауыр, айы-күні жетіп отыр екен. Жалағашқа тұрмысқа шыққан. Бірақ күйеуімен ұрысып, ашуға ерік беріп, үйіне келген. Қыздың анасы екеуінің қосылғанын қалап отыр. Өйткені кім қызының қайтып келгенін қалайды дейсіз? Содан қыздың өзімен, күйімен телефон арқылы сөйлесіп, аналық ақылымды айттым. Екі-үш рет тілдесіп, өмірден көрген-білгенімізді тілге тиек еттім. Шүкір, күйеуі келіп келіншегін алып кетті. Осылай қателіктерін түсініп, қайта татуласып жатқан жанұялар да бар. Ал, екіге айырылып жатқандары да жоқ емес. Сондықтан да отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында құқықтық және практикалық осындай шараларды іске асырып, жиі насихат жұмыстарын жүргізсек өз нәтижесін береді, – дейді.

Қай халық болсын, әйел затына ықыласпен қараған. Қазақ халқында әйелдің орны ерекше. Ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Сондықтан да әр отбасында отбасының берекесі, әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ерлердің «жұдырыққа емес», Абай атамыз айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет қылғаны абзал екенін шараға қатысушылар тілге тиек етті. Жаңақорған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Маликова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюінің себебіне тоқталды. –

Статистикалық мәліметтерге қарасақ, жылдан жылға тұрмыстағы текетірестің көбейіп жатқанын байқаймыз. Отбасындағы келіспеушілік, ерлі-зайыптының арасындағы түсініспеушілік қай кезде де болған ғой. Бірақ, үлкендер «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп отбасындағы мәселені сыртқа шығармайтын. Кейінгі кездері әлеуметтік желінің қолжетімділігі, ұялы телефонның салдарынан не болса соны жұртқа жариялап, қоғам арасында талқыланып жатыр. Осы уақытқа дейін қандай да бір отбасында жанжал туындаса үйдің үлкендері ортаға түсіп, тіпті ушығып бара жатса ауыл ақсақалдары араласып, жастарға ақыл айтатын. Жастар сол ақсақалдардың сөзіне тоқтайтын, артық іске бармайтын. Бүгінгідей әлеуметтік желіге шықпақ түгілі, ауылдан шықпайтын бұндай мәселелер. Өзімізді де солай тәрбиеледі. Отбасындағы әңгіме сыртқа шықпауы керек дейтін. Одан жаман болғанымыз жоқ. Кейінгі кездері жастар бұған шыдас бермей жатыр. Жастарға айтатыным, отбасындағы мәселені сол отбасында ғана талқылап, ашуға емес, ақылға бой алдырса деймін, – деп жүрекжарды ойын жеткізді.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі осы өзекті мәселеге қатысты өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай жағдайларда мұқтаж аналарға материалдық-моральдық тұрғыдан көмектесіп, оларды қандай да бір еңбекпен қамтитын, психологиялық жағынан сауығуына көмектесетін, қалыпты өмір сүруіне жәрдемдесетін дағдарыс орталықтарының қажеттілігі туралы әңгіме қозғалды. Отбасындағы кикілжің құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыда мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған орай, әйелдер мен қыздар арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шараларды көптеп жүргізу керек екендігі де айтылды. Шара соңында, аудандық мәдениет үйінің майталманы, жыршы-термеші Мұхтар Дәрібаев ән арнаса, аграрлытехникалық колледжінің оқытушысы Сәуле Бегімбетова аналарға арнап өлең оқыды.

                                                                             ***

Осы тақырыптағы шара аудандық аграрлық техникалық колледжінде де өтті. Оған шараның ұйымдастырушысы, аудандық қоғамдық даму бөлімінің жетекші маманы Жайна Жиенбаева, аудандық емхана психологы Қозыбай Сымбат және жастар ресурстық орталығының маманы Бекзат Өмірзақов қатысып, жастармен дөңгелек үстел өткізді. Жарасымды жанұяда өскен ана мен бала әрдайым қорғауда болатынын сезінеді. Отбасында орын алатын зорлық-зомбылық жанұя мүшелерінің мазасын алып қана қоймай, өскелең ұрпақтың санасына кері әсер етері сөзсіз. Дөңгелек үстел барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ұзақ уақытқа ұласуы қылмысқа апаратыны, оны алдын алу, болдырмау әрбір азаматтың саналы түрде жасайтын әрекеті екені туралы түсініктеме берілді.

Қазіргі кезде қоғамда шешілмей отырған көп мәселелердің бірі – отбасындағы әйелдерге қатысты тұрмыстағы зорлық-зомбылық, айуандық, ұрып-соғудың аяғы адам өліміне апарып соғып отырған жағдайлар кездеседі. Жалпы, мұндай жағдайға әлсіз балалар, қауқарсыз қарттар, мүгедектер мен әйелдер қауымы ұшырайды. Ресми статистикалық мәліметтер бойынша тұрмыстық зорлықзомбылық әрбір үшінші отбасында кездесіп, тіркелген қылмыстардың 30 пайызын құрайды. Себебі, қызғаныш, маскүнемдік, бұзақылық, әлеуметтік жағдайдың төмендігімен сипатталады. Қоғамда болып жатқан дүниелердің барлығы дерлік отбасынан бастау алады. Тәрбиесіздік – ол адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат алып келеді» деген болатын ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. Сол себепті тәрбиені түзеу арқылы қоғамға дерт емес, абырой алып келер ұрпақ өсіру – міндетіміз. Еркін өскен ұрпақ – біздің жарқын болашағымыздың кепілі,– деді шараға қатысқан психолог Сымбат. Сонымен қатар осы мәселелерді шешу үшін құқық қорғау органдары ғана емес, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының күшін біріктірудің қажеттілігі де әңгіме арқауына айналды.

                                                                               ***

Сонымен қатар кент орталығындағы №163 орта мектепте де осы тақырып аясында оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Онда Жаңақорған ауданы әкімінің әйелдер ісі, отбасы гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Роза Ыдырысқызы, аудандық қоғамдық даму бөлімінің жетекші маманы Жайна Жиенбаева, зорлық-зомбылыққа қарсы полиция майоры Самат Сыздықов қатысып, жасөспірімдермен сыр сұқбат өрбіте отырып, мектеп оқушыларына зорлық-зомбылық, құқық бұзушылық әрекеттері болған кезде қандай ісәрекеттер жасау қажеттігін түсіндіре кетті. Балалардың құқықтары туралы да түсіндірме жұмыстарын жүргізілді. Отан отбасынан бастау алатынын ескерсек, отбасындағы орын алатын әрекеттер мен құндылықтар бала тәрбиесінің басты негізі. Әке мен ана арасындағы жағымсыз әрекеттер баланың зорлықзомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдауына ықпал етеді.

Әйел – отбасының ұйытқысы, жұмыста белсенді, аяулы ана, сүйікті жар. Олардың бүгінгі қоғамда алар орындары ерекше. Осы тұста, көпшілік қауымға айта кетейік, егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, немесе ондай қауіп басыңызға төніп тұрғанын сезсеңіз, онда құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініңіз. Тіпті қол жұмсау әрекетінің алдын-алуға болады. Заң бұзушылықтардың негізгі жағдайларын жинақтап, Сіздің және полиция қызметкерінің әрекетін көрсетуге тырысайык: Бірінші жағдайда адам сізге байланысты әкімшілік заң бұзушылықпен қылмыс жасаған жоқ. Алайда өзінің әрекеттерін сіздің еркіңізге қарсы жүзеге асырады, сол арқылы өміріңізді қиындатады. Егер осылай болса, онда полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінгеніңіз жөн. Осындай жағдайда полиция қызметкерлері құқық бұзушымен профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Егер бұл жеткіліксіз болса, онда ол құқық бұзушы қорғау нұсқамасына алынып тиісті деңгейде заң шеңберінде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Отбасындағы тұрмыстық зорлық - зомбылыққа жол бермеңіз!

Әсел Рзаева

04 желтоқсан 2023 ж. 170 0