№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жасөспірімдер қауіпсіздігі - басты назарда

Жасөспірімдер қауіпсіздігі - басты назарда

Жастардың ынтымақтастығын арттыру осы күннің нақты талабына айналып отыр. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Бектас Нуридинов модераторлық еткен жиында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде мәселелер қаралды.


  Жиынға Қызылорда облысының Полиция Департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі қызметкерлері, мектеп директорлары және тәрбие жөніндегі орынбасарлары, психолог мамандар, ата-аналар, жастар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, кент, ауылдық округ әкімдері мен салалық мекеме басшылары қатысты.

Комиссия отырысында аудан бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыспен пен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында атқарылған профилактикалық шаралар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Алтай Бұйрабеков хабарлама жасады.

– Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері аудандық білім бөліміне қарасты орта мектеп әкімшіліктерімен тығыз байланысты жұмыстар атқаруда. Атап отырған екі органның да жұмыс бағыты мен мақсаты бір – ол жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығына қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, – деді ол.

Алтай Байділдаұлы жиында негізгі екі мәселеге тоқталды. Бірінші кезекте оқушылардың жолдағы қауіпсіздігі. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушының жолда жүріп-тұру қауіпсіздігі кімді де болса бей-жай қалдырмауы тиіс. Басты мақсат балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау.Сондықтан жол қауіпсіздігін сақтау және жазатайым қатерлі жағдайлардың алдын алу ерекше назарда. Бұл орайда жоғарғы сынып оқушыларының жол бойларында кішкентайларға қамқорлығы артса, бүлдіршіндер амандығына кепілдік артар еді. Өміріне ешқандай қауіп төнбейтін болады. Әрине бұл қызметті мектеп алдындағы жаяу жүргіншілер өтпесінде тұрып ювеналды полиция тобының инспекторлары қырағы атқаруда екенін айтты ол.

«БАЛАМ – ҮЙДЕ, ҚЫЛЫҒЫ – ТҮЗДЕ»

Комиссия отырысында айтылған екінші өзекті мәселе, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында топтасқан төбелестердің, әлімжеттіктің, ұсақ-түйек ұрлық, бұзақылық сияқты қылмыстардың алдын алу. Осы жерде айта кету керек, қазіргі таңда облыс көлемінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы ахуал тұрақталмай тұр. Себебі, ағымдағы жылдың сәуір, шілде, тамыз айларында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында жастар мен жасөспірімдер арасында топтық төбелестер орын алып, аталған аудандарда жастар арасында ахуал ушығып, орын алған келеңсіз жағдайлар әлеуметтік желілерге тарап, алаңдатарлық жағдай туғызды.

Осы орын алған жағдай бойынша, жедел іздестіру амалдарын жүргізудің нәтижесінде топтық төбелесті ұйымдастырған және топтық төбелеске қатысқан топ лидерлері мен жасөспірімдер ұсталып, ата-аналары мен өздері заң алдында жауапқа тартылды.

Ал, Жаңақорған ауданында топтық төбелес бойынша ахуал тұрақты деп арқаны кеңге салуға болмайды. Құқық қорғаушылардың қырағы қадағалауы арқасында, аудан көлемінде жасөспірімдер мен жастардың түнгі мезгілде топтасып, төбелестеріне жол берілмей тұр. Бұл туралы баяндаған сала өкілі нарядтық қадағалау қызметін таңға дейін жалғап, жазғы демалыс кезіндегі кент орталығындағы Прайм парк пен орталық алаңда жиналып, жобалаған төбелестің алдын ала білгендігін баяндады.

Осы жерде айта кету керек, 31 тамыз күні сағат 18:15 шамасында Жаңақорған кентінің тұрғыны кәмелетке толмаған 2007 жылы туылған жасөспірім «жабық бас ми дене жарақатымен» хирургия бөліміне жатқызылған. Жедел тергеу тобы оқиға орнына барып анықтау жұмыстарын жүргізу барысында 31 тамыз күні сағат 17:00 шамасында М.Көкенов көшесінің бойында арғыбергі беті болып бөлінген мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасында төбелес орын алғаны анықталған.

Аталған қылмыс бойынша жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында кәмелетке толмаған 2008 жылы туылған жасөспірім АПб-не жеткізіліп жауабы алынды.

Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында осы төбелеске қатысқан кент орталығындағы №51, №125, №169 мектептің жоғарғы сыныптың оқушылары екені анықталып, жалпы саны 14 оқушы АПб-не жеткізіліп, қылмысқа қатыстылығы бойынша атааналарының қатысуымен жауаптары алынды. Атап айтқанда орын алған қылмыс дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Енді әрбір топтық төбелеске қатысушылардың іс-әрекеттеріне құқықтық тұрғыдан баға берілетін болады.

Қазіргі күні жасөспірімдер арасында белең алып келе жатқан топтық төбелестердің алдын алу, болдырмау мақсатында аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлерімен мобильдік топтар құрылып, топтасып жиналатын орындары тексеріліп, тиісті аймақтарға наряд қызметкерлері қойылып, бақылауға алынды.

Жыл басынан кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың 3 дерегі орын алса, жаңа айтып өткендей кәмелетке толмағандармен 1 қылмыс дерегі орын алды.

Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында, аудан көлемінде «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Заң және бала», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз-балалар», «Мен және менің полицейім» – атты жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Осы өткізілген іс-шаралар кезінде ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған 22 ата-ана профилактикалық есепке алынған.
Жыл басынан кәмелетке толмағандармен әр түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағандардың 200 дерегі тіркелді. Оның ішінде түнгі сағат 23:00- ден таңғы сағат 06:00-ге дейін өздерінің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үй-жайдан тыс жерде яғни көшеде жүрген 163 жасөспірімнің ата-анасына ескерту жасалды.

Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамай өзінің кәмелетке толмаған балаларын қылмыстық жауапкершілікке және әкімшілік құқық бұзушылыққа бірнеше рет баруына жол берген 22 (2022-6) ата-анаға тиісті түрде ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1,3 бөліктерімен әкімшілік хаттамалар толтырылып аудандық сотқа жолданды. Ювеналды полиция тобының инспекторларымен жиырма бір жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін сатқан 1 дүкен иесіне шара көрілсе, он алты жастан асқан 2 жасөспірімге қоғамдық орынды ластап шемішке қалдықтарын тастағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік шара көрілген.

«БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕЙДІ»

Топтық төбелестің басты себебі – жастардың көше-көшеге бөлінуі, бұған Центр, «Аташ ауыл», «ТТС», «Казахский», «Братья» деген топтардың бұзақылығы дәлел. Әрқайсысының өз топ басшылары бар. Осылардың нұсқауымен аталған топ мүшелері көрші мөлтек аудандарға төбелеске барады немесе қандай да бір заңға қайшы әрекеттер жасайды. Топтардың басшылары 20 жастан асқан жігіттер, мүшелері 15 пен 25 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер, оларға жазғы демалыста студенттер келіп қосылады.

Осы топтардың заңсыз әрекеттерінің алдын алу үшін полиция қызметкерлері оларды қырағы назарда ұстайды.
Алайда, жастардың тәрбиесі тек қана тыйым салумен, заңмен тергеумен шектеле ме? Бесіктен белі шықпай заңмен жазаланған жасөспірімнің келешегі жарқын бола ма? Өскелең ұрпақтың өнегелі тәрбисімен кім айналысады? Сырттан келген жау емес, өзара қырқысып, төбелесіп жүргенде біреулері әртүрлі жарақат алып, денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалса, біреулері ұзақ мерзімге темір тордың арғы жағына тоғытылып, болашағына балта шабылмай ма?

Қадірлі оқырман! Бүгінгі күннің ащы шындығы осындай. Бұл мәселелерді шешу үшін тез арада аудандағы барлық құзырлы мекемелер, аудандық білім бөлімі, аудандық прокуратура, ішкі саясат, аудандық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, жастар ресурстық орталығы, ата-аналар комитеті, қоғам белсенділері бірлесіп жастарды тәрбиелеу жолында кең көлемді іс-шара жүргізбесек, ертең кеш болары сөзсіз. Ал, комиссия соңында күн тәртібіндегі мәселе жан-жақты талқыланып, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берілді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
11 қыркүйек 2023 ж. 332 0