№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мопедтің қатерін білесің бе, балақай?

Мопедтің қатерін білесің бе, балақай?



Технологияның қарыштап дамуы жеңіл көліктің жаңа түрлерімен толығып келеді. Жас жеткіншектерге жақсы таныс мопед деп аталатын екі доңғалақты құрылғының қауіпсіздігін ел ескере бермейді. Жаз келгелі кең көшені тарылтып, көлік қозғалысына кедергісін тигізіп тұрған жеңіл көлікті тізгіндеген өрендер өлімнен сескенбейтіндей. Біз бүгінгі тақырыбымызды осы тақырыпқа арнауымыздың өз жөні бар.


Көліктің бұл түріне сұраныс 2020 жылдан бас­тап артып келеді. Жұмысқа, оқуға жетудің жыл­дам әрі қолжетімді түрі болғандықтан қызыға қа­рай­тын бұл электр көлігінің артықшылықтары баршы­лық. Жеңіл, экологияға еш залалсыз, кептелісте тұрмайсың, жол қысқартасың, денсаулыққа да пайдалы. Дегенмен, көшенің кез келген бұрышынан тұтқиылдан шыға келетін мопедтер жаяу жүргіншілерді де, көлік жүргізушілерін де сарсаңға салғалы қашан. Арнайы құжатты қажет етпейтіндіктен, көлікті тізгіндеушілер жол ережелерінен тиісті емтихан тапсырмайды. Нәтижесінде олардың қатысуымен болған жол апаттары санының жиілеп кеткені, әрі артып келе жатқаны көпшілікті алаңдатады. Сондай-ақ ережеге салғырт қарайтын жүргізушілердің екі аяқты көлікке екі адам болып мінгесіп, жаяу жүргіншілердің жолымен бейқам жүре беретініне көзіміз үйренді.
Еске салсақ, 2021 жылы Қазақстанда мо­педтің қатысуымен 68 апат болып, бір адам көз жұмған. 71 адам зардап шеккен. Биыл электр құрылғысының қатысуымен 41 апат тіркелген. Ал Жаңақорған ауданында жыл басынан бері он шақты мопед жүргізушінің жол ережесін сақтамауы тіркелді. Біз өзіміздің көзіміз көрген жағдайды сөз етсек, «Биқожа» дүкенінен жаңа ғана сатып алған бұйым отыз қадам жүрместен қарсы бағытқа шығып кетіп, біреудің көлігіне қақтығысып қалды. Періштесі қаққан болар, бала аман қалғанымен біраз уақытқа дейін үрейдікі ме, өз-өзіне келе алмады. Жаңа ғана несиеге рәсімдеп сатып алған көлік дымға жарамай қалды. Ал ата-ана бір жарым жыл бойы оның қаржысын өтеуіне тура келеді. Бұдан түсінгеніміз, біз балаларымыздың тағдырын да, көлік қоз­ғалысындағы қауіпсіздікті де ескермейміз. Құла­ғымыз тыныш болсын деп баланың қалауын жасайтынымыз жалған емес.
Екі аяқты «тұлпарға» қатысты жағдай ушығып кеткен соң, Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, электрокөліктерге қатысты мәселе 2021 жылдың қазан айында Сенаттың жалпы отырысында талқыланды. Сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында электросамокат, гироскутерлер, мопед азаматтардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіретінін айтқан еді. Араға бір ай салып Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленетінін жеткіз­ді. Онда электросамокаттарды «шағын электр көлік құралы» деп атап, оларды басқара­тын адамдардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу туралы жазылған. Ал келесі жылдың 14 маусымында электросамокаттың қозғалысын реттейін ұлттық стандарттың алғашқы нұсқасы әзірленді.
Жобаны әзірлеушілер электро кө­ліктердің барлық түрі үшін ең жоғары жылдамдықты енгізуді ұсынды. Өзгеріс бойынша электросамокат жылдамды­ғы сағатына 25 шақырымнан аспауы қажет. Ал одан жоғары, нақтырақ айтсақ, сағатына 50 шақырым болса, А1 санатындағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. Дегенмен жүргізушілердің жылдамдығын бақылауға ұстап отырған ешкім жоқ.
Аудандық жол полиция бөлімінің басшысы Бақытжан Көркембаев:
– Ереже бойынша электрокөліктер жаяу жүргіншілердің жолымен баяу қозғалуы керек. Қозғалыс барысында ұялы телефонмен сөйлесуге, не телефон экранына қарауға тыйым салынады. Бір самокат тек бір адамға ғана арналады. Екі адам болып мінгенде, жарақат алу қаупі артады, –дейді мамандар.
Мопедтерді Wolt, Glovo, Яндекс. Еда секілді компаниялардың жеткізушілері белсенді қолданады. Ауданда бұл көлік түрін табыс көзіне айналдырып, бірнеше жастарды жұмыспен қамтып отырған «ALО» тез жеткізу қызметін кент тұрғындары жақсы біледі. Біздің 24 жастағы Азамат Бекасыл «ALО» тез жеткізу қызметінде жеткізушісі болып істейді. Ол тауарды жылдам жеткізуде мопедтер ыңғайлы дейді. «Тасымал­дау қызметінде бір жылдан астам уа­қыт жұмыс өтілім бар. Тұрғындарға пицца тасып жүрмін. Діттеген жерге он минуатта жетемін. Май жемейді. Жақсылап қуаттап алсам, үш күнге дейін жетеді. Шығыным аз. Ал соңғы өзгерістерге байланысты айтсам, мо­педті оңды-солды жүргізетін тұрғындар бар. Әсіресе, олардың дені – жастар. Сондықтан жүргізуші куәлігін талап еткені дұрыс деп ойлаймын», – дейді ол.
Дегенмен, саябақта, қала көше­лерінде серуендеп жүргендер, әсіресе ата-аналар қуыс-қуыстан зымырай жөнелетін жүргізушілерге наразы. Ай­ман Бекболат екі баланың анасы ретінде соңғы уақытта қаптап жүрген электр көліктерінің тұрғындарға қауіпсіз екенімен келісе алмайды.
– Велосипед жолымен де, жаяу жүр­гіншілердің жолымен де жүре береді. Мысалы, балам жоғары жылдамдықпен ағып келе жатқан көлікке қарсы жүгіре шықса, тез әрекет етуге үлгермей қалуым мүмкін. Сол сияқты жағдайлар болған да шығар, кім біледі, – дейді кент тұрғыны.
Электр көлігімен қатынау шет елдің тәжірибесінде белсенді қолданылады. Халық саны көп Еуропа елдерінде, әсіресе Түркияда 15 жасқа дейінгі азаматтарға электрокөліктерді мінуге тыйым салынған. Сондай-ақ, министрлік тарапынан «200 адамға – 1 самокат» жүйесі енгізілді. Яғни электросамокаттарын барлығы дерлік қолдана алмайды. 16 миллионға жуық халқы бар Ыстамбұлда тек 75 мың электросамокат пайдалануға берілген. Ал Германияда тек 14 жастан бастап электросамокаттарын жүргізуге рұқсат. Бұл жол қозғалысы туралы Заңның № 10-13 баптарында көрсетілген.
Соңғы уақыттары мопедтер, мотоциклдер мен скутерлер қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары жиілеп, адам қазасына ұштасқан жағдайлар тіркелген.
Жол апаттарының негізгі себептерінің бірі абайсызда жүру, арнайы қорғаныс құралдарының болмауы (мотошлем), қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жолдың ортасында жүру, жылдамдықты асыру, белгіленген жасқа толмаған және жол қозғалысы ережелерін білмейтін адамдарды басқаруға жіберу, адам мінгестіру және тағы басқа жол ережесі талаптарын сақтамауы болған.
Қызылорда қалалық прокуратурасы Полиция департаментімен бірлесе жүргізген арнайы іс-шара нәтижесінде жол ережесі талаптарын бұзған 613 мопед, мотоцикл, скутер иелері әртүрлі әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Егерде Сіз мопед, мотоцикл мен скутер айдаушылары тарапынан жол ережесі талаптарын бұзу жағдайына куә болсаңыз бұзушылық туралы ақпараттарды ұялы телефонға «Timestamp camera» қосымшасын жүктеу арқылы фото және бейне жазбаға түсіріп, «8778-341-73-90» ұялы байланыс телефон нөмірінің «WhatsApp» желісіне жібере аласыз.
Адам өмірі мен денсаулығын сақтау және құқықтық тәртіпті нығайту ортақ міндет.
Өңірдің экологиясын жақсартып, «жасыл қалаға» айналу – ерекше назарда. Дей тұрғанымызбен, жаңа заманға ілесеміз деп жүргенде, сақтық шараларын ұмытпағанымыз абзал. Үкімет тарапынан енгізілетін өзгерістер қауіптің алдын алса игі…

Мақпал МАРҚАБАЙ
08 тамыз 2023 ж. 361 0