№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Көне қарудың құпиясы

Көне қарудың құпиясы

Ер жігіттің бес қаруының бірі берен мылтық қазақ ұғымында қасиетті құрал ретінде биік бағаланады. ХІV-XV ғасырда қазақ хандығы мен Рессей патшалығы арасындағы сауда саттық пен дипломатиялық байланыс арқылы пайда болып, халық дәстүріне еніп, киелі жеті қазынаға айналды. Халық ауыз әдебиетінде ашаршылық заманда бір ауылды асыраған берен мылтық жайында аңыз-әңгімелер көп. Соның бірі аңшылық пен саятшылықты серік еткен Ақылбек Смановтың құпияға толы қару-жарағы жайында сөз етуді жөн көрдік.


Аудандық өлкетану музейінде көрермен қауымның назарын аударып тұрған жәдігер жайында музей директоры Ажар Жанаеваның қолындағы бар ақпараттарымен бөлістік. Бір қарағанда шағын ғана қолдан жасалған бұйымның ішіне бүккен сыры мол болып шықты. Музей қызметкерлері екі ғасырлық тарихы бар бұйымды барынша ұқыптылықпен сақтап, тарихын қоса қаттап көп назарына ұсынып отыр. Музейдің ғылыми қызметкері Мөлдір Дюсенбаева:
– Біз бұл экспонатты Ақылбек ақсақалдың жиені Анарбек Баймұратовтан қабылдап алдық. Бұл қазақ жеріндегі ең көне қаруға жатады. Шамамен XV ғасырдың басында жасалған. Музейге келген меймандардың қызығушылығын оятатындай құрылымы ерекше, – деді.

Өлкетанушылар әңгімесінен кейін қару жайында тереңірек білмекке ұрпақтарын іздестіріп, елді елең еткізер мәліметке қол жеткіздік. Әлқисса. Голощекиннің сұрапыл саясатына төзімділік танытып, ағайын-туыстарын ашаршылық апанынан алып қалған сақа жігіттің саятшылығы жайында Қаратаудың етегіндегі Ақүйік елді-мекенін қоныс еткен көнекөз қариялар айтуы былай дейді: Ертеректе осы төңіректе Ақылбек есімді іске епті, сөзге шешен, әрі қиядағыны көзі шалатын қырағы мерген жігіт өмір сүріпті. Ол жастайынан қақпан құрып, қоян аулап, аңшылықты кәсіп етіпті.

Қаратаудағы шатқалдар мен төбелерді киік, арқар, бөкен, марал, таутеке мен қарақұйрық мекен еткен. Түлкі, қоян, қырғауыл және кекілік қансонардың қызығын арттырады. Сондықтан да, бұл мекен ықылым заманнан аң аулауға бейімделген. Әр аңның киесін ұққан Ақылбек Сманов аңшылық пен саятшылықтың мезгілін, қай кезде оқ ату керектігін жақсы білген. Аң мен құстың төлдейтін уақытында оларға тиіспей, тек белгілі уақытта саятшылық жасаған. Өзінің 8 перзенті мен ағайын туыстың қамы үшін қақпан құрып, ау салған. Жерлестері Ақылбек ағаның ашаршылықта көрсеткен қамқорлығын ерекше еске алады. Аштықтан жұтаған жұртқа қансонарда бұйырған несібесін бөлісіп, астау-астау ас таратқан. Жары Жаманбайдың қызы Күлбибі де қолы ашық, жүрегі кең, жомарт кісі болған деседі. Жолдасының тапқанын ысырап етпей, ырзық-несібені ауылдастарына тең үлестіріп, елдің алғысын алған. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей тағдыр тауқыметін тартқан елдің еңсесін тіктеуіне, әл-әхуал жинап тіршілік жалғап кетуіне арқау болыпты.
Әкесінің ел үшін еткен еңбегін сөз еткен Мейірбек Ақылбек мылтықтың қасиетін айтты.

– Әкемнің көзі кетсе де, артында қалған мұрасы көңіл жұбататын еді. Үлкендер босағада ілулі тұрған қаруға алғысын жаудырып, әкемнің рухына дұға оқитын. Осыдан-ақ, ел үшін қадірлі екенін сезетінмін. Әулет үшін ғана емес, ауыл үшін қасиетті саналатын жәдігер келер ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалсын деген ниетте аудандық өлкетану музейіне өткіздік, – дейді аңшының ұрпағы.

Суық қаруды қолмен ұстап, әр бөлігіне мән берсең, қаншама сырға қаныға түсесің. Қазақ ұсталарының қолдан жасайтын «шамқал» деп аталатын қаруына дәл келеді. Мылтық оқтығының дүмі қалайы, салмағы ауыр, шүріппесі қалайыдан құйылған. Дүмі тері тіліммен төрт жерден шілтерленген. Жерге тіреп қоятын аяқтары мен дүмінің мұрындығы кесіліп, қолтыққа қысып ұстауға ыңғайландырған. Қару құрылысының өзгеріске ұшырауы оның талай адамның қолына ауысып, небір заманның зұлматын өткергенінен хабар беріп тұр. Тау халқының сұрмерген ерлерінің қолының табы қалған көне жәдігердің әлі де талай сыры ашылатынына сеніп, біздің мақаламыз зерттеу жұмыстарына серпін берер деген ниетте қолдағы бар ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік.

Мақпал ПАТЕНОВА
24 маусым 2023 ж. 223 0