» » Тәуелсіздік - тәңірдің тәтті сыйы

Тәуелсіздік - тәңірдің тәтті сыйы

Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 31 жыл. Отыз бір жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы арманның жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды.


 Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерлігінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Жыл сайын осы күні ұлыларымызды ұлықтап, батырларымызға бас иеміз. Аудандағы мекеме, ұжымдарда да түрлі іс-шаралар мен еске алу кештері өткізілді. Солардың бірі №51 М.Қаратаев атындағы орта мектепте Тәуелсіздік тақырыбында он күндік ұйымдастырылып, қазағымның азаттық жолында асқақ күрескерлік мінезі көрініс тапты. Соның бірі тарих-география және технология бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында Желтоқсан оқиғасының куәгері Қарлығаш Сүйіндіковамен болған кездесу кеші. Тәуелсіздік шежіресін тарқатып, тарихта таңба боп қалған Желтоқсан оқиғасы туралы көзбен көріп, көкейге түйгенін баяндап берген ардагер ұстаздың әңгімесі білімгерлер жүрегіне үлкен толқыныс туғызды.
Шара барысында Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу мақсатында 9 «в» сынып оқушыларымен көрініс сахналанып, бірлестік мұғалімдерінің орындауында «Желтоқсан желі” әні шырқалып, соңы кеш қонағының сырлы сұхбатына жалғасты. Желтоқсан құрбандарын еске ала отырып, Қарлығаш Сүйіндікова оқушыларға өзінің студенттік шағын, оқиғаның қалай өрбігенін, алаңға шыққан жастардың саяси ұстанымдары туралы әңгімеледі. Онкүндік аясында көрме ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдарын жасау, сурет салу байқауы өтіпті. Тарих пәні мұғалімі Б.Мұратбайқызы өз шығармашылығынан жыр шумақтарын оқып, 6 сынып оқушысы Жарас пен Мирас Ыдырысовтар «Қазақстаным байтағым» және «Отаным қазақ елі» әндерін орындап көпшіліктің ықыласына бөленді.
Мектеп директоры Ж.Ибрагимов рухты сөздерімен, ұжымдастарына шабыт беріп, жастарға ақыл-кеңесін жеткізді. Сондай-ақ қазіргі жастарға, оқушыларға білім алудың маңыздылығын түсіндіріп өтті. «Тәуелсіздіктің ақ таңы еркін ату жолында қанша жанның еңбегі жатыр. Ел басына қиын жолмен келген бақ – егемендікті сақтау – сіз бен бізге байланысты екенін ұмытпайық» деді.
Тәуелсіздік тәу етер кием менің,
Тәуелсіздік тәу етер ием менің.
Тәуелсіздік дегенің тәтті ұғым ғой,
Бақытымды мен содан иемдендім,
– деп ақын Ибрагим Бекмаханұлы жырлағандай, Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз екенін ұлттың ұландары, жас ұрпақ мәңгі жүректерінде сақтауы қажет.

Ботагөз Бекмаханова




20 желтоқсан 2022 ж. 285 0