Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Несие несiбеден айырмасын

Несие несiбеден айырмасын


Жарайды, ардан безгендердiң iсiн қоя тұрайықшы. Мына заңды тiркелген банктердiң халыққа көрсетiп жатқан қызметiн қалай түсiнемiз. Барлығы жақсы атты болып, өздерiн керемет санайды. Бiрақ, айтыңызшы, кiмнiң жыртығына жамау болып жатыр. Керiсiнше, халықтың қалтасындағы соңғы тиынына дейiн қол салып отыр емес пе? Осы сөзiмдi жоққа шығарып көрiңiзшi. Ж-о-қ, шығар алмайсыз. Қайта басыңызды иiп мақұлдайсыз. Неге десеңiз, қай банктi алып қарасақ та пайыздық мөлшерлемесi тым жоғары, ең төменгiсiнiң өзi 12 пайызды құрайды. Оның өзiн табу бүгiнде әсте мүмкiн емес. Содан болар, ақша табуды ойлаған кейбiр қалталылар несие беру мекемелерiн ашуды дәстүрге айналдырған сыңайлы. Қазақстан шағын несие ұйымдары қауымдастығының директоры Анатолий Глуховтың айтуынша, қолданыстағы заңға сәйкес, шағын несие ұйымдарының қызметi лицензияланбайды және реттелiп отырған жоқ дейдi. «Шағын несие ұйымдарын құру және жұмысын жүргiзу шарттары либе­ралдық деуге болады. Сондықтан да осындай мекемелер елiмiзде қаптап кеттi… Шағын несие ұйымдарының қызметiн бақылау қалыс қалды. Оның үстiне, кейбiр ШНҰ қағаз жүзiнде ғана бар, ал олардың немен айналысатынын ешкiм бiлмейдi» деп, көпшiлiктi құлағдар етсе де, жоқшылықтың қамыт киген халық ешнәрсеге мән берер емес. Мәселен, бiзде үлкендi-кiшiлi 37 коммерциялық банк бар екен. Бары бар ғой… Алайда, қандай қажетiмiзге жарап жатыр. Жақында саяси шешiмдер институты мынадай қызық мәлiметтi алға тартты. Елдегi тұрғындардың жартысына жуығы, яғни 45,7 пайызы несиеге байланған. Ал аймақ бойынша алып қарар болсақ, көрсеткiш әртүрлi. Алматы мен Астана халқының үштен бiр бөлiгi борышкер болса, солтүстiк өңiрде 40 пайызға жуығы, басқа облыстарда тұрғындардың жартысынан астамы қарызға белшеден батқан. Әсiресе, шығысқазақстандықтар несиеге аса құмар болып шықты. Мұндағы халықтың 63,1 пайызы берешек. Осындай мәлiметке қарағанда, елiмiзде несиеге тәуелдi адамдардың көбейiп бара жатқаны байқалады. Биылғы жылдың бiрiншi жартысының қорытындысы бойынша, банктердiң 79 пайызында несиеге деген сұраныс артқан. Осы орайда елiмiздегi банктердiң бiрнешеуiнiң пайыздың үстемелерiне көз жүгiртiп көрейiкшi. Айталық, БТА банкiнiң «Жедел жалақылық» деп аталатын несие бағдарламасының жылдық үстемесi 24%-дан асса, «Жедел баламалы» деп аталатын түрi 29%-дық үстемеден басталады екен. «Каспийдiң» несиелiк бағдарламаларының көпшiлiгiнде пайыздық ставка 20%-дан төмен емес. Одан өзгесi де жетiсiп тұрған жоқ. «Жеке қолма-қол» аталатын несие бағдарламасының пайыздық ставкасы 23-25%, «Оңай экспресс» бағдарламасы арқылы қарыз алсаңыз жылына кем дегенде 17-18% аралығында үстеме қосып бересiз. Автокөлiк алам дегендерге үстеме 13-15% аралығында. Бұдан өзге «Еуразиялық», «Халық» банктерiнiң несие шарттарын зерттеп көрдiк. Барлығының пайыздық үстемесi жоғары. Мұның барлығы тек қана жеке тұлғаларға берiлетiн, шағын және орта сомадағы экспресс несиелер екенiн айта кетейiк.
Ал ендi осы екiншi деңгейлi банктердiң ипотекалық несие шарттары өз алдына бөлек әңгiме. Әрқайсысының жасап алған талабы бойынша сатып алатын үйiңнiң кем дегенде 15%-дан асатын алдын ала төлемiн жасауың керек, одан қалса банктiң көрсеткен қызметiне комиссиялық төлем жасайсың, сосын саған банк қажет деп тапса қалған бөлiгiн бередi. Пайыздық ставкалары қайсысына барсаң да ең кем дегенде 12%-дан асып жығылатынын айта кетейiк. Төлем қабiлетiңдi тексередi, сосын алатын үйiңдi кепiлге қоясың. Алда-жалда төлей алмай қалсаң ары кетсе 1-2 ай күтуi мүмкiн, сосын баспанаңды сот арқылы тартып алады. Оны басқа бiр клиентке сатады. Ол да төлемнен қиналып жатса кезектi мәрте тартып алу банк үшiн сөз емес. Егер ипотекалық несиенi 10 жылға алсаңыз сол уақыт аралығында үйiңiздiң бастапқы құнындай мөлшерде яғни 100%-дан астам үстеме төлейсiз. 20 жылға алсаңыз тiптi көп. Мiнеки, банктердiң халықты қалай қанап жатқандарының кiшкентай ғана мысалы. Тағы бiр айта кететiн нәрсе Еуропаға қарағанда бiздер ипотекалық несиеге 4–5 есе көп төлейдi екенбiз. Еуроодақ елдерiнiң көпшiлiгiнде жылдық өсiм 3,5%-дан басталады. Мысалы, испандықтар ипотекалық несиенi 4,25-4,5% жылдық өсiммен алады. Кипрдiң гректер жағында шамамен 7% Кипр фунты және 5% еуро. Өмiр сүру өте қымбат Ұлыбританияның өзiнде ипотека – 5,7-ден 6,9% фунт стерлинг, Болгарияда – 8,9% доллар, Әмiрлiкте – 6,7%-ды құрайды екен. Екiншi деңгейлi банктерiнiң өзiнде осындай.
Ал, бiздегi жағдай жоғарыдағыдай. Жалпы, елiмiздегi банктердiң жылдық пайыздық ставкаларының тым жоғары екендiгi жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Әсiресе шетелдердегi банктермен салыстырып, зығырданымыз қайнап жатады. Соның салдарынан, 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, ел халқының банктер алдындағы кредиттiк қарызы 1 700 000 000 000 (триллион жетi жүз миллиард) теңгеге шықты. Бiр жылдың iшiнде төленбеген кредиттердiң құны 257 миллиард теңгеге артып, 4 триллион теңгеге жеткен. Берiлген кредиттер бiр жылда 15 пайызға, төлем уақыты созылып кеткен несиелер 22 пайызға артқан.
Ендi, қайтсiн? Несие алған адам қарызын қайтармайын демейдi, тек қайтаруға жағдайы келмей жатады. Несиенi де ерiккеннен алды дейсiз бе, амалдың жоқтығынан банктiң табалдырығын аттайды. қазiр ержеткен ұлыңды үйлендiрiп, бойжеткен қызыңды тұрмысқа беру үшiн де ұлан-асыр той жасауың қажет. Тойды бұрынғыдай есiктiң алдына палатканы тiгiп жiберiп, столдарды қатарластыра қойып, ауылдың жеңгелерi дереу дастарханды жайып жiберiп, барлық тәттi-тұттыны, ыстық тағамдарды үйде пiсiретiн заман емес. қазiргi таңда тек тойханалар мен мейрамханаларда атап өтетiн болдық. Ол үшiн, әрине, қомақты қаражат керек. Егер үлкен тойды айтпасақ та, шағын ғана той жасағыңыз келсе, кем дегенде 600-700 мың теңге жиған-тергенiңiз болу керек. Ал, халықтың қалтасында ондай қаржы қайдан болсын! Содан шарадай бастары шақшадай болып, несие алуға бекiнедi. Одан қала бердi мектептi ендi ғана бiтiрген кейбiр ерке ұлдар ата-аналарына көлiк әперудi мiндеттейдi. Егер әке-шешесi жағдайы жоқтығын алға тарса, баласы да мiз бақпай «Пәленше, түгеншелер мiнiп алған ғой, мен солардан қаламын ба? Олардың да ақшалары болмаса да, кредитке әпердi ғой» деп, өктемдiк жасайды. қандай ата-ана баласының қатарынан кем болғанын қалайды дейсiз. Бiр несиенiң үстiне, екiншiсiн жамап баласына көлiк әпередi. Көлiк болғанда да қандай десеңiзшi. Қазiр жастар анау-мынауын мiнбейдi. Жаңа үлгi қатарындағысын тiзгiндегiсi келедi. қалай десек те халыққа несие керек. Бiрақ қандай несие? Мемлекет беретiн қарызын екi-үш есе өсiммен қайтарып алатын болса, онсыз да дағдарыстан титықтап отырған халқына жасаған қайыры осы ма? Халық қолжетiмдi, үстеме пайызы төмен несие алғысы келедi. Сол арқылы тiрлiк бастап, жұмыс iстеп, тұрмысын жақсартқысы келедi. Мемлекет болса әлi күнге ондай жағымды несиелiк орта қалыптастырып бере алмай отыр. Сөйте тұра өзге мемлекеттерге бiздiң банк жүйемiз қарқынды дамып кеткен деп мақтануға әуес. Құрметтi оқырман, сiз бұл тұрғыдан не дейсiз?
Әсел РЗАЕВА.
25 қараша 2022 ж. 260 0