№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Пікірталас - ой сайысы

Пікірталас - ой сайысы

Қазақ сөзді құдіретті күш деп таныған. «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» демекші, сөз – құдіретті күш. Сондықтан сөзге аса жауапкершілікпен қарап, оның түйіні – түйсікке сүйену ләзім. Алайда сөздің түп-төркініне ой жеткізіп жүрміз бе? Аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» және білім бөлімінің қолдауымен «Балалар жылы» аясында мектепаралық пікірсайыс турнирі осы тақырыпқа көңілімізді жеткізді.

  «Қазақстан – бақытты балалар мекені» тақырыбында өткен пікір сайысында өзекті мәселелер қозғалып, оқушылар ашық алаңда талдау жасап, өз ойларын ашық жеткізді.

Дебат сайысы – қиыннан қиыстыратын тіл жүйріктерінің өнер жарысы, сөз сайысы, сөз барымтасы. Себебі, орынды жерде өз ойын дөп басып айта алатын адам қай заманда болмасын өз ортасының айнасы іспетті. Тыңдаушыны өз сөзіне иландыру мақсатында еркін, көркем, әдеби, сөз маржанын тереді.

Пікірсайыс турнирі аудан орталығындағы М.Қаратаев атындағы №51 мектепте өткізілді. Екі топқа бөлінген топ мүшелері Америкалық парламенттік формат ережесі бойынша сайысты. Кент орталығы және ауылдық округ мектептерінен келген 22 фракция өз бақтарын сынады. Талантты, дарынды және тілге жүйрік ой өрісі кең жастар жиналған бұл дебаттың ерекшелігі басым болды. «Болашақ», «Жалын», «Интеллект» болып бөлінген топтар тартысты ойын көрсетіп, түрлі номинациялармен марапатталды. Үкімет атынан сөйлеп, саясатқа да араласып, халықтың мұңын мұңдап, оппозициялық тараптан да өзінің конструктивті сөзін айта білген жалынды жастардың ораторлық өнеріне тәнті болдық. Бір күнге созылған дебатта түрлі мәселелер қозғалды. Сөз сайысына аудан орталығынан 4 мектеп қатысты. Атап айтатын болсақ, №110, №163, №125, №51 мектептің ұстаздары мен шәкірттері белсенділік танытып, өз тәжірибелерін сынаса, ауыл мектептерінен №209, №53, №195 мектептің шәкірттері мен жетекшілері келіп орынды сөйлеп, ойды еркін жеткізудің тағы бір дәйекті дәлелін көрсетіп кеткендей болды.

Лидер, спикер, жетекші болып бір топта 3 адамнан сөз сөйледі. Әрбір тұлға өзінің мүдделі сөзін нақты дәлелмен жеткізіп, өз ойларын айқын айта білді. Түрлі номинациялар ішінде «Үздік оратор» номинациясымен №53 мектептен Ақбике Жабаева мен жетекшісі Ұлпан Аппазова марапатталса, «Ең мақсатты ойыншы» номинациясы №51 мектептен Жанерке Бектұрсынқызы мен жетекшісі Алтынай Нұрболқызының қанжығасына байланды. «Ең білімді ойыншы» номинациясы № 209 мектептің шәкірті Аяулым Нұрланқызы мен ұстазы Құралай Өмірбекке бұйырды.

Бірде бір ағамыз: «Келешек ел басқарушылар – дебат ойыншылары», – деп айтқан еді. Ендеше, көзі қарақты, білімді жастардың бір-бірінен алғаны да, бергені де көп болды деп ойлаймыз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
21 мамыр 2023 ж. 343 0