№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Мектеп жетістігі мұғалім қолында

Мектеп жетістігі мұғалім қолында


ХХІ ғасыр білім мен ғылым ғасыры. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтың туын биік ұстайтын жас ұрпақты тәрбиелеу маңызды міндет. Осы тұста мемлекет басшысының «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны бөлек» деген бағасы өз өміршеңдігін көрсетуде. Иә, адами капиталдың көрсеткіші білімде. Демек, күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Осы орайда ауыл мектебінің бүгінгі бет-бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан «Б.Аралбаев атындағы №52 орта мектебі» жайында сөз қозғамақпыз.

  Қоғам қайраткерінің есімін иеленген білім ордасына бүгінде Асылжан Таласбекұлы басшылық етеді. Қалыптасқан кадрларымен келешек көкжиегін кеңейтуге барын салып жүрген мектеп білім бәсекесіндегі көрсеткіш бойынша аудандағы үздіктердің қатарынан танылып келеді. Мектеп білім көрсеткішінің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын критерийдің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Сондықтан да мектеп басшысынан соңғы жылдағы ҰБТ-ның көрсеткішін сұрадық.

– Елімізде білім беру мен ғылымды дамытудағы арнайы бағдарламаның негізгі мақсаты экономиканың тұрақты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Яғни, адами капиталдың әлеуетін арттыру маңызды. Осы тұста, ҰБТ-ның көрсеткіші жыл санап жоғарылап келеді. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында ҰБТ-ға 41 оқушы қатысып, оның 23-і мемлекеттік грант иегері атанды. 5 оқушысы «Үздік аттестат» иеленді.

Сәтін салса, биылғы оқу жылында да жыл бойғы еңбек өз нәтижесін береді деген сенімдемін, – дейді мектеп директоры.
«Алты алаштың баласы бас қосса – төр мұғалімдікі». Бұл Мағжан Жұмабаевтың айтқаны. Осы орайда, №52 орта мектептің біліктілігін бағамдадық. Білгеніміз, қазіргі таңда бұл білім ордасында 70 мұғалім бар. Оның ішінде зерттеуші 13, сарапшы 30, модератор 7, санаты жоқтар 20 болса, тех қызметкерлер қатары 47, жалпы оқушы саны 481-ді құрайды. Сынып комплект саны 25. Қазақстан Республикасында орта білімді жаңарту аясында мектеп мұғалімдері және мектеп басшысы біліктілік арттыру бағдарламасы бойынша арнайы курстардан өткен. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы педагог кадрлар біліктілігін арттырудың бағдарламалар аясында бірінші «базалық» деңгей бойынша 3 мұғалім, екінші «базалық» деңгей бойынша 2 мұғалім, үшінші «базалық» деңгей бойынша 5 мұғалім 3 айлық курстан өтіп, бағдарлама бойынша жұмыс жасауда.

«Бітер істің басында, жақсы келер қасына» демекші, мектепішілік шараларды ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Шерімбетова бастаған іскер ұстаздар бар. Орта буындар жөніндегі жұмыстар ды ұйымдастыруда Алмагүл Жүсіпбек апайымызды айтуға болады. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Мөлдір Әбішева болса шәкірттерге тәлімді тәрбие беру бағытындағы шараларын ұтымды ұйымдастырып жүр. Оған қоса, директордың кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасары Ботагөз Оразгелдиева бітіруші түлектердің кәсіби маман болып қалыптасуына жол көрсетіп, аудандағы тапшы мамандықтарды сараптап, саралап отырады.

Сонымен қатар, мектеп тренері Тұрсынбек Жұпарбаевтың басшылығымен тренинг, коучинг, тізбектелген сабақтар жоспарланып, мектептегі әр тренерден тәлім алушылар жұмыстары сараланып, әдістемелік жұмыстар ұйымдастырылады. Шәкірттерді түрлі ғылым, мәдениет, спорт бағытындағы додаларға дайындауда шығармашыл ұстаздардың орны ерек. Олардың қатарында Нағима Өмірбек, Мұхтарәлі Мүспенов, Гүлназ Акбарова, Гүлдерай Түгелбаева, Гүлназ Абуова, Дауылбай Есіркепов және Мұратхан Исламовтар бар.

Сондай-ақ, мектеп тынысымен танысу барысында мектеп басшысынан шәкірттердің жеткен жетістіктерін сұрауды да естен шығармадық. Шәкірт – жетістігі – мұғалімінің жемісі екені айқын. Әрине, жеке-жеке бәрін атап өту мүмкін емес. Десе де, өзге шәкірттерге үлгі болсын деген ниетте үздік оқушылардың бірқатарын атап өтуге болады», – деді Асылжан Өтебаев.

Расында білім ордасында озат оқушылар көп екен. Мәселен, орыс тілі пәні бойынша аудандық олимпиададан 11 сынып оқушысы Дәуітбек Арай жүлделі ІІІ орынды және 6 сынып оқушысы Өтебек Мадияр ІІ орынды иеленген. Математика пәні бойынша 10 сынып оқушысы Тоқсанбай Арай үздіктер қатарынан көрініп топ жарса, құқықтану пәні бойынша 9 сынып оқушысы Еркежан Әлденбай үшінші орыннан көрініпті.

Сонымен қатар бұл мектептің қыздардан құралған құрама командасы мектеп лигасы арасында гандболдан ұйымдастырылатын спорт жарысында да соңғы екі жылда үздік танылып, облыс көлемінде топ жарып, аудан абыройын асқақтатып жүр.

Айта берсек, жеткен жетістік те, бағындырған белес те жетерлік. Бірақ, тоқмейілсуге тағы болмайды. Жас та болса, бас болып жүрген білім ордасының директоры Асылжан Таласбекұлының сөзімен тақырыпты түйіндесек.

– «Білім болашақ дамуының кілті. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу заман талабы. Өйткені, ғылым дамымай дүние дамымайтыны айқын. Сондықтан да төртінші өнеркәсіптік революция осы кезге дейінгі адал еңбектің жемісін көретін кезең десек те болады. Алайда, жаңа технология алып келетін жаңа дәуірде оның барлығы адамзаттың қолынан шығатынын ұмытпағанымыз жөн. Яғни, адами капиталдың сапасын арттыру бүгінгі ұстаздың борышы»,– дейді мектеп басшысы.

Демек, біздер осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда екеніне сенуіміз керек.

Лаура БИБАСАРОВА
07 қараша 2022 ж. 461 0